Бүгінде көгілдір экрандағы танымдық, тағылымдық хабарлар, жаңалықтар тарату технологиясы көрермен талғамына сай өзгеріп, жаңа сатыға көтеріліп отыр. Демалыс күндерінен бөлек кешкі, таңғы ақпаратты теледидардан көреміз. Әсіресе қалада болып жатқан республикалық айтыс, мерекелік шаралардың толық нұсқасын «Qogam TV» арнасы көрсетеді. Белгілі тұлғалармен жүрекжарды сұхбаттар, танымдық хабарларымен телеарна бүгінде қызылордалықтардың құрметіне бөленіп отыр. Құрылғанына ширек ғасыр болған тәуелсіз телеарнаның тарихы да ерекше.
1997 жылы Қызылордада арнайы экономикалық аймақ кұрылған. Аймақтың өз алдына газеті мен телеарнасы және баспаханасы болу керек деп шешілген. Қоғамдық телекомпанияның тарихы алғаш «Қала ТV» деген атпен осылай басталыпты. Экономикалық аймақтың басшысы, сол кезде қала әкімі болған Бақберген Досманбетов естелігінде былай дейді:
– Сондықтан бар салмақты әріптестерін жақсы танитын Бауыржан Омаровтың өзіне салдым. «Мына Байқоңырдың телекомпаниясы жабылайын деп жатқанын естіп отырмыз. Сонда Шаһизада еген іскер жігіт бар көрінеді. Телекомпания төрағасының басшылығымен және Шаһизаданың тікелей қатысуымен «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы әрбір ұшырылым жайлы республикалық «Қазақстан», «Хабар» телеарналары эфирлерінен тікелей хабарлар топтамасы беріліп тұрады екен. Өздеріңіз білесіздер, газетіміздің редакторлығына қаншама адам ұсыныс білдірді. Ал қалалық телеарна басшылығына лайықты кандидатура болмай жатыр. Сақа журналистер көп, бірақ телеарна жұмысынан бейхабар. Тірелгеніміз жалғыз осы Шаһизада болып тұр. Егер келісетін болса, Байқоңыр телеарнасының техникалары өте күшті. Жылжымалы екі телестудиясының өзі неге тұрады?! Өзімен бірге ала келеді» деді ол. Жарайды, мен қарсы емеспін, шақыр, сөйлесіп көрейік, – дедім.
Телеарнаның осындай тарихи өткелден өтіп қалыптасуында белгілі ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің еңбегі ерен екенін біреу білсе, біреу білмейді. Сол кезеңде ол қаланың жақсы жағын жарқырата көрсетті, көлеңкелі тұсын да көлденең тартты. Сан мың көрермен жалықпай көретін қызықты хабарлар таратты. «Қала ТV» жұртшылықтың шешілмей жатқан өткір мәселесін көтеретін тәуелсіз арна болды. Алғашқы кезде эфирге бір сағат шығатын. Санаулы құраммен сол бір сағат ішінде қала тіршілігін ақпараттандырып қана қоймай, түрлі хабарлар да түсірді. Олардың қатарында «Шарайна», «Уақыт геометриясы», «Жаңғырық», «Бізбен бірге болыңыздар», «Болашақ», «Біздің қаланың адамдары» хабары болды.
– Иә, бұл – алғашқы қоғамдық телеарна. Телеарна тәуелсіз болғандықтан қоғамдағы барлық пікірге еркін орын береміз. Биліктің не оппозицияның сөзін сөйлеп, біржақты кетпейміз. Хал-қадірімізше мәселені жан-жақты көтереміз.
2000 жылдардан бері «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС басқарушысы болған Тұрсынкүл Желдербаеваның да сіңірген еңбегі зор. Сол уақытта телеарна Қазақстан Ұлттық хабарларын таратушылар қауымдастығының мүшелігіне өтті. 2002 жылы «Жарнама-2002» республикалық конкурсының жеңімпазы болса, 2003 жылы инвестициялық тендерде жеңімпаз атанып, қалалық әкімшіліктің бұрынғы қосымша ғимаратын сатып алды. Ал 2005 жылы республикалық «Жаңалықтар уақыты» конкурсында «Ең үздік ақпараттық бейнесюжет», «Ең үздік телерепортаж», «Ең үздік операторлық жұмыс» номинацияларының жеңімпазы атанды, – дейді Ш.Әбдікәрімов.
Бүгінде күллі көрерменнің көзайымына айналған «Qogam TV» арнасы «Отау» спутнигі арқылы республикаға эфир тарататын телеарнаға айналды. Республикалық телеарналармен қатар компьютерлік монтаждау әдісін ең алғаш болып бастады. Қазіргі атқарушы директор Мұрат Шалабаевтың айтуынша, бұл салада жұмыс істеу үшін телеарнаны жан-тәніңмен сүю керек.
– Егер телеарнаны жақсы көрмесең, онда ұзақ жұмыс істей алмайсың. Уақытша жұмыс істеп кетемін деп келетіндер сондықтан да көп тұрақтамайды. Алғаш телеарна құрылған кезде ленталық кассетамен түсіреміз, монтаждауда аналогтық құрал болатын. ВХС камерамен түсіріп, таспамен жазатынбыз. Ол уақытта мамандар да қат. Тіпті журналистер, операторлар дайындайтын оқу орны жоқ. Бір сағат эфир үшін бір күн тер төгеміз. Қазіргідей түсіріп келе сала, эфирге шығармайды. Оны көшіріп, таспаға қайта басамыз, монтаждаймыз. Ал бүгінде компьютер арқылы жылдам монтаждап, оны эфирге таратамыз. Екі жылдан бері облысқа да шығып келеміз. Спутник арқылы еліміздің кез келген қаласынан қосылуға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Бүгінде телеарна ұжымында 42 қызметкер бар. Олардың қатарында Гүлмира Ерманова, Мұрат Шалабаев, Баян Құлтанова, Ғалима Керейтбаева, Нұрдәулет Қалабаев, Олжас Дәуіт, Назгүл Қажытаева, Мәдина Ералиева, Айдана Қауленова, Арайлым Кенжебекқызы, Шапағат Торғайдың есімдері құрметпен аталады. Операторлардан Асылбек Құлпайыстанов, Ерлан Жұмабаев және басқа да техникалық қызметкерлердің еңбегін атап өткен жөн.
Осылайша уақыт ағымымен қалыптасып, тұғырын биіктеткен Сыр өңірінің ақпарат айдынында бәсі биік «Qogam TV» арнасы биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Көрерменге қалтқысыз қызмет еткен әріптестерімізді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мерейлі мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!