Ауылда өстік. Әлі есімде май шамның жарығымен ертегілер, аңыз-әңгімелер тыңдайтынбыз. Келген қонақтар да қона жататын. Қараша үйдің ішінде іргені түріп тастап, түн ауғанша әңгіме айтылатын. Ол кездің балалары «құймақұлақ» болып өсті. Зейініміз өте мықты еді. Бір айтқан әңгімені миымызға құйып алатынбыз. Ол кезде теледидар да болмады. Радио тыңдайтынбыз.
Сондай бір жаймашуақ күндердің бірі болатын. Үйге Тамды жақтан қонақтар келді. Әкеміздің өмірі көрмеген нағашылары екен. Ел асып келген туысқандарға лезде сыбағалы малы сойылып, қазанға түсіп қайнай бастады. Әлгі қонақтардың ішіндегі жасы үлкен Ысқақ деген кісі пайғамбар жасынан асқан кісі екен. Әне-міне дегенше, үйге ауылдың ақсақалдары да жиналып қалды. Ішіндегі үлкені сөз бастап «Ал, қария ауыл-аймақ аман ба? Жақсы уақытта келдіңіздер. Сыбағаларыңыз асылып жатыр. Танысып отырайық. Қай ел боласыңдар? Руларың қандай?» деп бір тоқтады.
Ағайынын тауып, кеудесін қуаныш кернеп отқан Ысқақ ағамыз тамағын кенеп қойып әңгімесін бастады. Жан-жағындағы інілерін таныстырып, келген шаруасын тәптіштеп айтып берді. Өзі әңгімешіл кісі екен. Көне хисса, дастандарды да көп айтты. Қонақ кәдем болсын деп Арыстан баб туралы айтқан әңгімесі есімде қалыпты. Құс жастыққа жантая отырып, ет піскенше көкеміз әңгімесін бастап та кетті.
«Арыстан баб Тұран даласына келгенде оны ешкім танымапты. Киімі тозып, алба-жұлбасы шыққан екен. Темір етігі теңгедей, темір аяғы тебендей болыпты. Түрінен шошып, ел-жұрт үйіне қондыруға қорқады екен. Көп қайыршының бірі деп ойлапты. Арыстан баб даланы аралап, талай шаһарды шарлапты. Көбіне далада қонады екен. Оның қонып, түнеген жері қадым жайға, қасиетті орынға айналады.
Бір күні Отырар даласына келіп, қаланы аралайды. Оған ешкім мән беріп қарамапды. Кеш батып қалған екен. Түнеп шығар жер іздейді. Қала шетіндегі ескі лашықтан өтіп бара жатқанда бір жігіт алдынан жүгіріп шығып, қарияға сәлем береді.
– Ата, үйге түсіп қонақ болыңыз, – дейді әлгі жігіт.
– Балам мені таныдың ба? Бейтаныс жанды қалай үйге қондырмақсың? – дейді әлгі қария.
– Әкем «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – Уәли» деп айтып отыратын. Қыдыр болмасаңыз да, шарапатты әулие шығарсыз. Жақсы адам қартайса, ақсақалды абызға айналады, жаман адам қартайса, піспей қалған қауызға айналады деуші еді. Жүзіңіз жылы екен. «Түсі игіден түңілме» деген. Оның үстіне іңір түсті. Қараңғыда қайда барасыз? Үйге қонып, қонақ болыңыз. Баспанам лашық болғанмен, қабағым ашық. Жыртық үйдің де Құдайы бар деген ғой. Біздің үйге түсініз, – дейді әлгі жігіт жақсы ниет танытады.
– Бәрекелді, балам, болайын деп тұр екенсің. Тұрмысың кедей болғанымен, жан сарайың бай екен. Дегенің болсын. Баста, жолды, – дейді.
Жігіт есікті ашып, Арыстан бабты төрге шығарды. Жігіттің жары қонақ келеді деп ойламаса керек. Асулы тұрған еті болмаған соң сасып қалады. Зыр жүгіріп төрге көрпе төсейді. Қырық жамау көрпесінен қысылып өліп барады. Ұялғаннан басындағы ақ жаулығын көрпешенің үстіне төсейді.
– Ата, мұнда отырыңыз, – дейді. Арыстан баб әйелдің ниетіне риза болады.
– Балам, ақ жаулық басыңдағы байлығың ғой. Оны маған бола жерге төсеме. Мен патша емеспін. Жай ғана Құдайдың көп құлының бірімін, –дейді.
– Ата, батаңызды беріңіз. Қонақ келмегелі көп болып еді. Бізді кедей деп менсінбей көп кісі түспейтін. Мынау сізге атаған малым. Бата қылыңыз, – деп жалғыз лағын алдына әкеледі.
Арыстан баб:
– Құдай оңдасын, пайғамбар қолдасын. Бақ қарасын, Қыдыр дарысын. Ниетіңе Тәңір береке берсін, – деп бата жасайды.
Батасы қабыл болып, көп ұзамай екі жастың дәулеті тасиды, – деп кәделі әңгіменің тінін тарқатқанша, бағлан қойдың еті балбырап, қонақтардың алдына тартылды. Осы шежірелі қарттың әңгімесіндей шежірелі әпсаналарды жаңғыртып отыратын қарттарымыз көп болса ғой, шіркін!
Г. ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!