Топ-баннер2

Сенбі, 07 наурыз, 05:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№18 (2230)
07.03.2026
PDF мұрағаты

Шоколадты құлпынай жасаудың құпиясы

07.03.2026

49 0

Соңғы жылдары ерекше безендірілген тәттілерге сұраныс артып келеді. Соның ішінде шоколадпен қапталған құлпынай көпшіліктің көңілінен шығып, сәнге айналып үлгерді. Тіл үйірер дәмі мен көз тартар көрінісі бұл өнімді тек тәтті тағам ретінде емес, ерекше көңіл күй сыйлайтын сыйлыққа айналдырғандай. Әсіресе туған күн, мерейтой, ғашықтар күні, аналар мерекесі секілді айтулы күндерде шоколадтағы құлпынайдан жасалған сәнді бокстарға сұраныс жоғары. Бүгінде бұл шағын кәсіптің бір түрі ретінде кеңінен дамып келеді. Тәтті кәсіпті табыс көзіне айналдырып жүрген жас кәсіпкердің бірі – Аружан Серікбай.

Аружанның айтуынша, еңбекке деген құрмет пен кәсіп бастауға деген талпыныс ең алдымен оның отбасынан бастау алған екен.

– Бала кезден әкеміздің адал еңбегін көріп өстік. Әкем маңдай терімен табыс табатын. Сол кісінің еңбекқорлығы бізге үлгі болды. Шыны керек, мен  де қол қусырып қарап отыра алмадым. Себебі қазір айлықтан айлыққа  өмір сүру қиын. Өз кәсібімді бастағым келді. Қосымша табыс көзін іздеймін деп нәтижесінде осы кәсіпке тоқталдым, – дейді Аружан.

Бастапқыда ол қымыз сатуды жоспарлаған. Алайда уақыт өте келе нарықты зерттеп, қазіргі жастардың талғамына сай жаңа бағыт іздей бастайды. Әлеуметтік желілерді бақылап отырып, шоколадты құлпынай мен гүл шоқтарына сұраныстың жоғары екенін байқайды.

– Қазіргі таңда адамдар ерекше әрі әдемі сыйлық бергенді ұнатады. Әлеуметтік желіде шоколадты құлпынайдан жасалған сыйлықты жиі көретінмін. Сол кезде осы істі үйренсем қалай болады деген ой келді. Бірден бастап кете алмадым. Ішімде қорқыныш болды. Дегенмен, тәуекелге бел буып, бастап көрдім. Арнайы практикалық сабақтарға қатыстым. Мейлінше бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеруге тырыстым. Алғашқы тапсырыс әріптесімнен түсті. «Қолымнан келе ме?» деген күдік болғанын жасырмаймын. Барынша әдемі етіп дайындауға тырыстым. Нәтижесінде тапсырыс беруші риза болып, маған үлкен сенім сыйлады, – дейді жас кәсіпкер.

Шоколадты құлпынай жасаудың құпиясы

Кәсіп бастау үшін міндетті түрде үлкен қаржы қажет емес. Тек ниет пен еңбек болса жеткілікті.

– Мен бұл істі небәрі 50 мың теңгемен бастадым. Сол қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарды, қаптама материалдарын және алғашқы өнімдерді сатып алдым. Шынын айтсам, кәсіп бастау үшін ең бастысы, үлкен ақша емес, ниет пен еңбек керек. Егер адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тоқтамай еңбек етсе, нәтиже міндетті түрде болады, – дейді ол.

Өнім дайындауда жас кәсіпкер сапаға ерекше мән береді. Әсіресе құлпынайды таңдауға өте мұқият қарайды.

– Құлпынай – нәзік жеміс. Сондықтан оны таңдағанда өте мұқият болу керек. Сонымен қатар құлпынайдың құрғақ әрі бүтін болғанына назар аударамын. Ылғал тартқан немесе жұмсарып кеткен құлпынайды пайдаланбаймын. Себебі бәрі  алдымен жемістің сапасына байланысты, – дейді кәсіп иесі.

Шоколад таңдауда сапаны басты орынға қояды.

– Жұмыс барысында көбіне бельгиялық шоколад қолданамын. Оның дәмі қанық, сапасы жоғары әрі құлпынаймен жақсы үйлеседі. Тұтынушыларға сапалы өнім ұсыну – тапсырысты арттырады, – дейді Аружан.

Бір қорап тәтті дайындауға орта есеппен 10-20 минут уақыт кетеді екен. Тез әрі сапалы өнім дайындау кейіпкеріміздің басты мақсаты.

– Шоколадты құлпынай сақтау мерзімі ұзақ емес, шамамен 12 сағаттай. Сондықтан құлпынайды тек тапсырыс түскен кезде ғана аламын. Осылайша тұтынушыға барынша балғын әрі сапалы тәтті ұсынуға тырыса­мын. Жұмыс барысында санитарлық талаптарды да қатаң сақтаймын, – дейді ол.

Тапсырыстар көбіне мереке күн­дері көбейеді. Әсіресе ерекше дизайндағы құлпынайға толы себеттер  сұранысқа ие.

– Тұтынушылар көбіне жүрек пішіндес дизайндағы себетті таңдайды. Кейде арнайы жазуы бар тәтті себеттерге тапсырыс тү­седі. Мәселен, тұтыну­шылар рамазан айына орай ай пішіндес қо­рап­шадағы себет таң­­дауда. Трендке қарай тапсырыстың безен­ді­рілуі де өзгеріп оты­рады. Нақты бір безен­діру жоқ. Тапсырыс бе­ру­шінің қалауына қарай дайын­дап береміз. Бүгінде көп­шілік жақындарына тосын сый жасағанды жақсы көреді. Сол себепті әр тапсырысты ерекше етіп дайындауға тырысамын, – дейді кәсіпкер.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: