Сенбі, 11 қазан, 11:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№77, 2189
11.10.2025
PDF мұрағаты

Шуақты күннің шұғыласындай жан еді

11.10.2025

38 0

Ескі мен жаңа заманның арасын жалғаған, жаны даладай кең, көңілі баладай сенгіш, ұлттық рухтың қайыспас қара нарындай қариялардың бірі – еңбек және соғыс ардагері Мұхамедияр Төлегенұлы.  Атамыздың ғибратты өмір жолы кімге болсын, өнеге мен тәлімнің қайнар бұлағы. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, 1 май елді мекенінде дүниеге келіп, кеңес дәуі­рінде азамат ретінде қалыптасқан жан­ның бір ерекшелігі өмірбаянын естелік­термен бейнелегені. Ол кісі «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұстаныммен өмір сүрген Голощекин елді басқарған тұстағы ашаршылықты, қатыгез тағдырдың тауқыметін көрген жан. Қызы Гүлнар Төлегенованың айтуынша, әкесі шежіреші де болған. Өз ата-бабасының тари­хын терең зерттеп, әулеттегі от ауызды, орақ тілді азаматтардың тәлімді әңгімесін перзенттеріне үлгі етіп айтып отырған. Есте­ліктерінде сол заманды былайша бей­нелеген. «Қара халық маңдай тер, адал ақысына не қыстық астығын, не айлық ақша да ала алмады. Ол кезде айлық жоқ. Халыққа жыл аяғында еңбеккүнге ептеп күрмек, қалдық берді. Жаз айында дала кезіп,  күнкөрістің қамына кірісіп кетеміз.  Өткен жылғы қырманның сабанын аударып, суырып, аңызда қалған бірлі-жарым дән болса соны жинаймыз. Көктемде күрішті қос қанат самолетпен себеміз деп күріштіктің жиегіне, тақырға сеуіп кетті. Біздер соны жинап, тақырға шырпы жағып пісіріп, өзіміз де жейміз, әке-шешемізге де береміз. Халық аш, жұмысқа жарамсыз. Талай адамның аштан өлгенін көзіміз көрді» деп күрсініп отырады екен. Зайыбы Нысанкүл анамыз сөзі орнықты, он саусағынан өнері тамған ісмер болған. Отбасының ризық-несібесін молайтып, балаларын еңбек етуге баулыған парасатты жан, өмірге көп перзент әкелген алтын құрсақты ана атанып, бір ауылдың берекесін кіргізген ел анасы болды. 

Мұхамедияр Төлегенұлы атамыз өз қойын дәптеріне қалдырған «Өмір өткел­дері» атты жазбасында өмірін төрт кезеңге бөліп, бірінші кезеңінде 1921-1922 жылдары азамат соғысы аяқталғаннан кейін кеңестер елі ашаршылықта, жер қуаңшылықта бол­ғанын, тойып тамақ ішпегенін қинала айтса, екінші  кезеңде 1930-1933 жылдары  9 жаста болғанын, шабындық, егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру ба­ры­сындағы зорлық-зомбылықтан  қазақ хал­қының көп азап шеккенін  шерге толы көңіл-күймен жазады. Ал өмірінің үшінші кезеңі 1941-1945 жылдардағы Отан соғысымен тұспа-тұс келгенін, ол кезде жиырмаға толмаған кезінде ауыл мектебіне мұғалім болғанын еске алады. Мұхамедияр атаның өмірінің төртінші кезеңі 1991 жылғы 16 желтоқсанда ел тәуелсіздік алған жеңісті жыл болды. Ол кезде атамыздың жетпіс жасқа шығып, жеті қырға дауысы жететін, аузы дуалы, сөзі уәлі, парасатты да пайымды шағы екен. 

Қарт майдангер сұм соғыстың бастал­ғаны туралы хабарды қаладағы кітапханада отырғанда естиді.  «Сонымен 1941 жылдың жазы келіп жетті. Мен июньнің 22-сі күні сағат 10 шамасында қаладағы кітапханада газет, журнал оқып отырғанмын. Сол күні демалыс болатын. Бір кезде радио сайрап қоя берді. Юрий Левитан соғыс басталғаны жайлы дабылды радиохабарлама жасады. Соғыс басталды. Төбе шашым тік тұрды. Қайта-қайта хабарлап жатыр. Халық комис­сары Вячеслав Молотов сөйледі. Содан бастап жұрт абыржып, жағдай өзгере бас­тады. 1941 жылдың 22 маусымында таңғы сағат 4-те фашистік Германия шабуыл жасаспау туралы келісімді бұзып, соғыс жарияламастан, сақадай сай тұрған әскері­мен Кеңес үкіметінің жеріне басып кірді. Төрт жылға созылған соғыс еліміз үшін бұрын-соңды бастан кешкен соғыстың ең ауыры болды»  деген жазба қалдырған.

4 жылғы соғыстың сұрапыл өткелінен қай­мықпай өткен атамыз ұрыс даласындағы қанды шайқас туралы күнделігінде сол кезеңнің бейнесін, жауынгерлердің ерлігін кәнігі қаламгердей бейнелеген.

«Марттың нешесі екені есімде жоқ, біз­дерді соғысқа онша жақындатпай, Украинаның Старобельск деген қаласынан он бес шақырымдай жерге таңға жақын әкеліп түсірді. Асығыс түсіп, жарық түскен­ше қалың ағаштың арасына орналастық. Немістің самолеттері қаланы түнде бомбалап кетеді екен. Сонымен ол жерде он шақты күн дайындалып, өзеннің көпірінен түнде өткізді. Ұмытпасам Днепр болу керек. Бір селоға жақын жерден окоп, траншея қазып, қорғанысқа көштік. Бөлімше болып кепе қазып алғанбыз. Кезекпен постыға тұрамыз. Азық-түлік, қару-жарақ күтіп жүргеніміз­де кенеттен немістер көпірді бомбалап кетті. Ашыға бастадық. Көктем болғасын жер лайсаң. Алдымыздағы артиллерия сүйреткен екі аттың бірі батпаққа батып өлді. Алғашында орыстар атқа жоламады. Олар аттың етін жемейді ғой. Біздер қазақтар аттың төрт аяғын кесіп, отқа пісіріп жеп алдық. Орыстың командирлері қарны ашқан болуы керек, біздің жертөлеге келіп, бізбен ет жеді. Кейін жол құрғап, көпір жөнделіп, азық-түлік келе бастады.

Тағы бір оқиға әлі есімде. Апрельдің басы болу керек. Харьков қаласын алуға шабуылдап, Алексеевка, Лозовенка деген ірі деревняны, тағы бірталай елді мекенді дұшпаннан азат еттік.  Бір күні таңға жақын бір селоға шабуыл жасадық. Ондай кезде көбінесе немістер бейқам жататын. Біздер селоға жақындағанымызда сайдың арғы бетінен немістер окопта жатып автоматтан оқ жаудырды. Біздер амалсыз кейін шегініп, окопқа жамбастай жатып, қорғандық. Ол кезде біз де атысты тоқтатқанбыз. Сөйтіп жатып көзім ілініп кетіпті. Бір дыбыстан оянып кетсем, жан-жағымдағы әскерлер кейін шегініп кетіпті. Алдымда 5-6 танк келеді. Тұра салып кейін қарай қаштым. Танк мені қуып келеді. Снаряд ысқырып келіп біресе оң жағыма, біресе сол жағыма түседі. Қаңғыған оқтан қорғанып жата қаламын. Осы жолы аман қаламын деп ойлаған жоқпын. Бір кезде снаряд менің алдымнан он метрдей жерге түсті. Абырой болғанда жарылмай қалды. Дереу тұра қаштым. Әупірімдеп өз әскеріме қосылдым. Алла балаларымның жарығы болар, мені ажалдан құтқарып қалды»  деп тебіреніпті атамыз.

Иә, оқ пен оттың ортасынан аман келіп, ұлағатты ұрпақ өсірген атамыздың көрме­ген қиыншылығы жоқ екенін өзінің жазған қойын дәптеріндегі естелігінен оқыдық. «Мен Отаным үшін отқа түстім. Жау қолында жалғыз қалдым. «Өлсем елім үшін өлемін» деп жау снарядынан қорықпадым. Жауынгерлік кездерім мені өмірге шыңдап алып келді. Дос табуды, жаман мен жақсыны айыруды үйретті. Әр адамда өзіндік мінез-құлық болатынын білдім. Жау кім, дос кім ажыратуды ұқтым. Отаныма деген адалдығым, отбасыма деген мейірімділікке, еңбекке деген адалдыққа ұласты. Елге аман-есен оралғаныммен, қимас жауынгер қаруластарымды жоғалттым. Қанқұйлы соғыс маған өмірдің қатыгез мектебіндей болды.»

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер» дегендей, атамыз 1945 жылы жеңісті Чехословакия жерінде қарсы алыпты. Араға 1 ай салып Донбасқа жетіпті. Сол жерде әскери құрылыс бригадасында жұмыс істеген. Елге деген патриоттық сезім­мен өмір сүрген ардақты жан оны өз естелік­терінде тебіреніспен жеткізген. Қарт майдангер халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының бейнесін ұлықтап, әр сөзін жүректе сақтаған. Ғибратты, қанатты сөз­дерін қағазға түсіріп, өміріне бағдаршам еткен. «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріп­теп, аза­маттық пен кісіліктің символы санаған. Батыр­лық, ерлік деген ұрпақтан-ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өйт­кені білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат ал­ма­ған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі – тұр­лаусыз. Біздің қазақ халқы батыр халық» деген болатын ұлт ардақтысы Бауыржан бабамыз.

Атамыз жайлы бірге қызмет жасаған кісілер өте керемет естеліктермен бөлісіп, ол кісінің сан қасиетін тізіп, газет-журналды, кітапты  көп оқитынын айтады. Соның әсері болар, сөз саптауы ерекше, сөздік қоры мол,  ана тіліндегі мақал-мәтелдер мен ше­шендік сөздерді орнымен пайдаланғанын жеткізді. Ақынжанды, асыл жүректі жанның майданнан өлеңмен жолдаған хаттарының өзі тарихтың көмбесі дерсіз. 

Ғибратты жан болыпты-ау атамыз,

Елге тұлға, ағайынға аты аңыз.

Бәйтеректей өсіп-өнген ұрпаққа,

Қабыл болып жатыр сіздің батаңыз.

Мұра болған сізден бізге ұлағат,

Жан дүниең ата, асыл мұрағат.

Жалғастырып жатыр сіздің жолыңды,

Өзіңізден тарап жатқан жұрағат.

Сіздер жүрген кие қара шаңырақ,

Бос қалған жоқ қаңырап.

Жеңіс күні сіздерді еске аламыз,

Бағышталған дұғаларды қабыл ап.

Осы бір жүректен шыққан жыр жол­дарын арнай отырып, тұлғасы туымды, ғұмыры парасатты, бейнесі нұрлы, рухы мықты, тағылымы теңіздей терең болған атамыздың жаны жәннатта, иманы кәміл, топырағы торқа болсын деп өзінен тараған бүкіл ұрпақтары атынан дұға етеміз. Мәң­гілік мекенің жұмақтан болғай, аяулы ата!

Мұхамедияр әулеті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: