Сейсенбі, 17 маусым, 11:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№44, 2157
17.06.2025
PDF мұрағаты

Шығыстың мәдени толқыны:  Жастар жүрегін жаулаған Азия феномені

27.05.2025

258 0

Бүгінгі қазақ жастарының құлағында – корей поп-әндері, қолында – K-drama  постері, ал жүрегінде  – Ninety One-ның әндері жатталған. Жаһандану дәуірі бізге «Netflix» арқылы дорама, «YouTube» арқылы K-pop, «TikTok» арқылы K-beauty әкелді. Бір қарағанда, бұл  –  әуен, сериал, би. Бірақ тереңірек үңілсек, бұл  –  жаңа өмір салты, жаңа мәдени бағыт. Азия елдерінің мәдениеті, әсіресе Корея мен Жапонияның өнері жастардың талғамын ғана емес, дүниетанымын да өзгертуде. Шетелдік мәдениет бізге жаңалық сыйласа, отандық Q-pop соған ұлттық үн қосып жатыр. K-pop пен J-pop феноменінің жастар санасына қалай әсер етуде және Q-pop жанры қалай дамыды? Талдап көрейік.

Бүгінгі таңда Корей поп-мәдениеті (K-pop) мен Жапон поп-мәдениеті (J-pop), сондай-ақ осы елдердің сериалдары мен фильмдері әлемге танымал. Танымалдықтың басты себебі  – мазмұн мен өнім сапасының жоғары деңгейі. Мысалы, K-pop индустриясы көрерменге тартымды ән әуендерін, мінсіз дайындықтан өткен әншілер және әсерлі би қойылымдарын ұсынады. Бейнебаяндар мен сериалдардың өндірісі де аса көркем, кәсіби және технологиялық тұрғыда дамыған. Әлеуметтік желілер мен стриминг платформаларының дамуы да өз үлесін қосып, Азия мәдениеті өнімдерін әлемнің түкпір-түкпіріне жылдам таратуға мүмкіндік берді.

K-pop пен Азия сериалдарының жаһандық жетістігі нақты мысалдармен айқын көрінеді. Мәселен, оңтүстік кореялық «Кальмар ойыны» (Squid Game) сериалы небәрі бір айдың ішінде Netflix платформасында 111 миллион қаралым жинап, рекорд орнатты. Ал әлемге танымал BTS поп-тобының жанкүйерлері – өздерін «Army» деп атайтын фанаттары 45 миллион адамнан асты. Жапон мәдениеті де шет қалмады: ХХ ғасырдан бастап Жапонияның аниме мен поп-музыкасы көп елде жанкүйерлерін тауып, жастар арасында өзіндік субмәдениет қалыптастырды. Ұлттық колорит пен әмбебап тақырыптарды ұштастырған жапондық анимация, комикс (манга) және J-pop әндері де Азия мәдениетінің танымалдылығын арттырды. Бұқаралық мәдени өнімдердің сапасы, көркемдігі және креативтілігі – Корей және Жапон толқындарының халықаралық деңгейде кең таралуының негізі себептері.

Әлеуметтік ортаның әсерін де атап өткен жөн: бүгінде корей-жапон мәдениетіне қызығу – жастар арасында өзіндік трендке айналды. Аниме көріп, K-pop тыңдаудан жасөспірімдер де қалысар емес. Ортақ қызығушылықтар негізінде достық байланыс орнап, фан-клубтар құрылуда. Мысалы, мектеп оқушыларының айтуынша, сыныптағы қыздардың басым көпшілігі K-pop тыңдайды. Демек, бұл құбылыс қазір жастардың қызығушылығына айналғанын көрсетеді.

Азия мәдениетінің қос қыры: Шабыт пен сын

Азия елдері мәдениетінің, әсіресе K-pop пен дорамалар әлемінің қазақ жастарына оң ықпалы да бар. Ең алдымен, корей сериалдары мен музыкасын сүйіп тыңдайтын көрермен талғампаз бола бастады. Шетелдің сапалы өнімдерін көрген соң, жастар отандық музыка мен киноға да жоғары талап қоятын болды. Соның нәтижесінде қазақстандық режиссерлер сапалы фильм түсіруге, тың дүниелер жасауға ұмтылуда. Мысалы, корей өнерінен шабыт алған отандық шоу-бизнес өкілдері қазақ тілінде жаңа деңгейдегі жобалар – Q-pop топтарын қалыптастырды. Кореяның заманауи мәдениеті жастардың эстетикалық талғамын көтеріп, шоу-бизнеске шығармашылық бәсеке алып келді. Азия мәдениеті жастардың өрісін кеңейтіп, білімге құш­тарлығын оятты.

Қала тұрғыны Әсел Жамбылқызының айтуын­ша, дәл осы к-поп мәдениеті мен корей дорамалары оған үлкен мотивация беріп, өміріне оң әсер еткен.

– Корей дорамаларын көру менің өміріме көп нәрсе берді. Бала кезімде, бірінші сыныпта, оларды теледидардан көретінмін. Кейінірек есейе келе интернеттен өзім іздеп көре бастадым. 11-сыныпта дорамалар мен үшін үлкен мотивация көзіне айналды. Кейде сабаққа дайындалуға ерінетінмін, ештеңе істегім келмейтін. Бірақ дорама көрген кезде кейіпкерлердің қалай табысқа жетіп жатқанын көріп, олардан үлгі алатынмын. Олар күндіз-түні білім алып, армандарына қол жеткізетін. Бұл маған үлкен серпіліс беріп, ҰБТ-ға дайындалуыма көмектесті. Сонымен қатар дорамалар маған достық туралы көп нәрсе үйретті. Мен бұрын тұйықтау болдым, көп адаммен араласпайтынмын. Бірақ дорамалар арқылы шынайы достық, адалдық секілді құндылықтарды көріп, өзім де көп дос таптым. Дорамалардың жанрына қарай әсері де әртүрлі болады. Бірақ негізгі ойы – ешқашан берілмеу, үміт үзбеу, достық пен махаббатқа сену. Бұл эмоциялар шынайы, жылы, ішкі дүниеңе әсер етеді. Америкалық жастар фильмдерімен салыстырғанда, корей дорамалары жастарға адами қасиеттерді дамытуға көбірек көмектеседі. Олар адамға «сен де қол жеткізе аласың» деген сенім береді, жігерлендіреді, – дейді Әсел.

Шығыстың мәдени толқыны:  Жастар жүрегін жаулаған Азия феномені

Корей дорамалары мен поп-музыкасы арқылы көптеген жас корей халқының тілі мен тұрмысын танып, корей тілін үйренуге ден қойды. Шетелдік мәдениетпен танысу өзге елге деген қызығушылықты арттырып, білім алу немесе тәжірибе жинау мақсатында шетелде білім алуға жастар саны көбейді. Сондай-ақ корей сериалдарындағы өзін күтіну мәдениеті, салауатты өмір салты үлгі болып, жергілікті жастар арасында K-beauty тренді тарады. Бет күтіміне арналған корей косметикасы Қазақстанда да сұранысқа ие болып, қыз-жігіттер тері тазалығы мен сұлулыққа мән бере бастады. Бұдан бөлек, Жапонияның аниме-фильмдері мен поп-музыкасы шығармашылыққа қызыққан жастарды шабыттандырып, сурет салу, музыкаға баулуда. Яғни Азияның заманауи мәдени толқыны қазақ жастарының ой-өрісін жаңа қырынан дамытуға, тіл үйренуіне, өз-өзін жетілдіруіне оң әсер етуде.

Дегенмен мұның жастар санасына теріс ықпал ету ықтималдығы да жоқ емес. Кейбір сарапшылар шектен тыс K-pop пен басқа да шетел әндеріне еліктеу ұлттық мәдениеттің ұмыт қалуына әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Корей және жапон музыкасын көп тыңдап, сол елдердің өнеріне табынған жастар кейде өз халқының дәстүрлі өнері мен ана тіліндегі музыкасына мән бермеуі мүмкін.

Психолог мамандардың айтуынша, шетелдік мәдениетке қызығу, ынтасын тек соған ғана арнап, басқа құндылықтарды ұмытса – онда бұл қауіпті белгі. Яғни, K-pop болсын, J-pop не аниме болсын, қызығушылығының белгілі бір мөлшерден асып кетсе, жас­өспірімнің дүниетанымын тарылтып, өзге қызығушылықтарға шек қоюы ғажап емес. Сондай-ақ шетелдің жұлдыздарын тым идеал тұтқан кей жас оларға еліктеп, өз болмысын жоғалтуы мүмкін деген қауіп қоғамда айтылып қалады. Бұл ретте ең басты сүзгі – отбасы тәрбиесі мен ұлттық сана. Ата-ана баласының қандай өнер мен ақпарат тұтынатынын қадағалап, өз мәдениетінің құндылықтарын сіңіріп отырса, сыртқы ықпал кез келген жағдайда да белгілі бір мөлшерде ғана болады.

K-pop феномені мен фанаттық мәдениет

ХХІ ғасырдың басында қалыптасқан K-pop феномені бүгінде музыка индустриясының ғана емес, жалпы мәдениттің ықпалды бөлігіне айналды. K-popтың ерекшелігі – оның айналасында бұрын-соңды болмаған фанаттық мәдениеттің тууы. Корей толқыны немесе Халлю миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулап қана қоймай, оларды белсенді жанкүйерлер қауымдастығына айналдырды. Фанаттық мәде­ниет (fandom culture) дегенде ең алдымен ойға келетін мысал – BTS тобының жанкүйерлері, бүкіл әлемге таралған «Army». Осындай фан-клубтар K-pop үшін айрықша қозғаушы күшке айналды. Жанкүйерлер сүйікті әртістерін қолдау үшін альбомдарын жаппай сатып алып, концерттерге билет алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрады, интернетте үздіксіз насихат жүргізіп, әр жаңа шыққан бейнеклипті миллиондап көріп, тренд қалыптастырады. Нәтижесінде K-pop өкілдері бүкіл әлем ареналарында аншлагпен концерт беріп, рекордтық қаралым мен сату көрсеткіштеріне қол жеткізіп жүр.

Қазақстанда да соңғы жылдары K-pop фанаттық мәдениеті қанат жайды. Әлеуметтік желілерде қазақстандық жанкүйерлер қауымдастықтары құрылып, корей музыкасына қатысты шаралар ұйымдастырылуда. Кореяның танымал топтары елге гастрольдік сапармен келсе, олардың кон­церттеріне билет әп-сәтте сатылып кететіні жиі байқалады. Мәселен, 2025 жылдың сәуір айында әлемге танымал EXO тобының мүшесі Чен алғаш рет Қазақстанға келіп, Алматы қаласында жеке концерт берді. 6 сәуір күні Almaty Arena сахнасында өткен K-POP Symphony Concert елімізде алғаш рет ұйымдастырылған симфониялық және K-pop музыкаларын біріктірген ерекше шоу болды. Корей толқынының ықпалымен Қазақстанда пайда болған жаңа құбылыс – Q-pop (Qazaq poк) жанры. Бұл қазақ тіліндегі заманауи музыкалық бағыт, оны шартты түрде «қазақша K-pop» деп атауға болады. Q-pop жанрының тууы 2015 жылы құрылған Ninety One тобының есімімен тікелей байланысты. Оңтүстік Корея музыкасына еліктеген бұл жігіттер тобы өзін «қазақ poк» бағытының өкіліміз деп жариялап, эстрадамызға жаңа леп әкелді. Ninety One тобы тыңдарманға жаңа әндер, ерекше бейнелер ұсынды. Қазақ жастары бұл жаңалықты қызығушылықпен қа­былдап, алғашқы Q-pop әндері хитке айналды. Ninety One тобының дебюттік әндері YouTube-та миллионнан аса қаралым жинап, топ бірден танымалдыққа ие болды.

Дегенмен Q-pop пайда болған сәтте қоғамда оны түсінбеушілік те бой көрсетті. Жоғарыда айтылғандай, топтың стилі консервативті ортаға тосын еді. Уақыт өте келе қоғамның бір бөлігі жаңа жанрды түсініп, қабылдай бастап, бүгінде топтың әндері мен топ әншілерінің туындылары жоғары бағалануда.

Бұл топтың барлығы қазақ тілінде заманауи ән­дерді шырқап, эстрадамызды түрлендіруге атсалысып жүр. Q-pop жанры жастарға жақын болғандықтан, қазақ тілінің қолданыс аясын заманауи музыка арқылы кеңейтуге мүмкіндік берді. Кезінде Ninety One шыққанда көп жастар қазақша ән тыңдай бастағаны, тіпті қазақ тілін жаңадан үйрене бастағаны туралы пікірлер айтылды. Расында, Q-pop қазақ жастарына өз тілінде әлемдік үлгідегі музыка тың­дау бақы­тын сыйла­ды. Q-pop жанры K-pop үл­гісінде дү­ниеге кел­генімен, екеуінің арасында айтарлықтай айырмашылық­тар бар. Ең алдымен, тілдік ерекшелік: K-pop ән­дерінің басым көпшілігі корей ті­лінде орындалса да, ондағы сөздердің бір бөлігін ағылшын тілін­дегі фразалар құрайды. Ал Q-pop толықтай қазақ тілінде шырқалады, бұл оны тыңдайтын қазақстандық жастарға өте ұғынықты әрі жанына жа­қын. Q-pop – жаһандық тренд­тің ұлттық тілдегі жаңғырығы, ол қазақ тілінің мәртебесін заманауи музыкамен көтеруге үлес қосып отыр.

Екіншіден, масштаб және индустрия тұрғысынан салыс­­тыр­сақ, K-pop – Оңтүстік Корея мемлекеті қолдап отырған алып индустрия. K-pop топтары әлемнің түкпір-түкпіріне шығып, Billboard чаттарында көш бастап, орасан табыс әкелетін жаһандық брендке айналған. Мысалы, 2019 жылы Оңтүстік Корея тек K-pop индустриясының экспорты арқылы экономикасына 12,3 миллиард доллар пайда түсірген. Ал Q-pop әзірге негізінен отандық нарыққа бағытталған жаңа сала. Қазақстандық продюсерлер кореялық жүйені үйреніп, қолдануға тырысқанымен, бұл бизнес енді-енді қалыптасып келеді. Қаржы, технология, тәжірибе тұрғысынан да K-pop-пен теңесу қиынырақ. Соған қарамастан, Q-pop орындаушыларының талпынысы зор – олар отандық музыканы жаңа деңгейге шығаруды көздейді және көршілес елдердің нарығына да қадам басуда. Мәселен, Q-pop топтары түркітілдес елдерден де тыңдарман тауып, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан жастары арасында жанкүйерлері көп. Ninety One тобы Қытайға барып, өз әндерін шетелдік тыңдарманға ұсынғаны да белгілі. Бұл – Q-pop-тың болашақта халықаралық деңгейде де өз орнын табуға талпынысын аңғартады.

Азия елдерінің мәдени толқыны қазақ жастарының санасына жаңа леп әкелді. K-pop пен J-pop-тың әуені, дорамалар мен аниме-фильмдердің өрнегі бірнеше буын жасты еліктіріп, түрлі мәдениеттерге құрметпен қарауға үйретті. Бүгінде корейдің «халлю» феномені бүкіл әлем мойындаған құбылысқа айналды. Өзекті мәселе – жаһандық мәдениет тасқынында өз ұлттық бірегейлігін қалай сақтап қалу. Бір қарағанда, шетелдік ән тыңдап, сериалын көргеннің зияны жоқ, керісінше дүниетанымды кеңейтеді. Алайда өз мәдениетін білу, ана тілінде сөйлеу, төл өнерді құрметтеу – ұлт болмысын сақтау үшін ауадай қажет. Сондықтан корей-жапон мәдениетіне қызыға отырып, керегін сүзгіден өткізіп үйренгені дұрыс. Өзге мәдениеттен үйрену – даму белгісі, бірақ өз тамырыңнан ажырап қалмау – одан да маңызды. Қуаныштысы, соңғы жылдары пайда болған Q-pop феномені осы екі ұстанымды ұштастыруға талпынуда. Яғни әлемдік трендтерді қабылдай отырып, оны қазақы болмыспен үйлестіру байқалады.

Жалпы, шетел мәдениетінің пайдасы мен зиянын бір жақты айту қиын. Ұлттық бірегейлікті жоғалтпай, жаһандық мәдени кеңістікте өз орнымызды табу қазіргі заман жастарының еншісіндегі міндет болса керек.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: