Кеше қалада жаңа жылдық шырша шамын жағу рәсімі өтті. Облыс орталығындағы Арбат бойы ертегідей безендірілген. Санаулы күндерден кейін жаңа жыл келетінін сезіндірген сәттің куәсі болдық. Шырша жағу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындарды шырша жағу рәсімімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Қадірлі жерлестер, құрметті қала қонақтары! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан жыл Қызылорда өңірі үшін табысты да берекелі кезең болды. Елдің әл-ауқатын арттыру, қала инфрақұрылымын жаңғырту және әлеуметтік нысандарды көбейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды.
Биыл өңір бюджеті айтарлықтай өсіп, соның нәтижесінде қала аумағында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. Атап айтқанда, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық орталығы, Музыкалық колледж, «Келешек» жобасы аясында салынған 10 мектеп, сондай-ақ музей мен саябақтар қайта жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді.
Алдағы жылы да атқарылар істер ауқымды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи талаптарға сай Спорт арена, Достық үйі және Президент саябағы пайдалануға беріледі. Бұл нысандар бұқаралық спортты дамытуға, қоғамдық келісімді нығайтуға және қала экологиясын жақсартуға қызмет етпек.
Жаңа жыл – жаңа үміт пен тың бастамаларға жол ашатын мереке. Алдағы жылда да өңіріміздің дамуы жолында бірлесе еңбек етіп, Қызылорданы көркейтуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Жаңа жыл құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Мереке концертпен жалғасты.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!