Дүйсенбі, 25 қараша, 06:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«СОЦИС-А» зерттеу қорытындысын жасады

14.09.2024

209 0

«СОЦИС-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» жеке қоры КӘЗИ ҚҚ 2024 жылғы 11-12 қыркүйек аралығында халық арасында телефон арқылы сауалнама жүргізді.

Аталған сауалнама ҚР заңнамалық нормаларын сақтай отырып жүргізілгені, атап айтқанда, референдум өткізу мерзіміне қарсы қоғамдық пікір өлшемін жүргізу туралы ҚР ОСК хабардар етіліп, оған
ҚР ОСК-сы 11.09.2024 ж. №ЗТ- 2024-05252908 хатпен жауап бергені атап өтілген. Оған 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан азаматтар қатысты. Ал сауалнама ауқымы 1000 респондентті қамтыды. Сауалнама анкетасында «Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?», «Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?» және «Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?» деген сұрақтар қойылған.
Сауалнама қорытындысында қатысушылардың 35,6 пайызы «Міндетті түрде барамын» деп жауап берсе, «Мүмкіндігінше баруға тырысамын» деген жауапты қатысушылардың 20,2 пайызы жауап берген. Осылайша, сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам референдумға баруға дайын екендігін көрсетті.
Сауалға қатысқандардың оннан бір бөлігінен астамы «референдумға қатыспаймын» деген жауап берген. Бұл жалпы қатысушылардың 12,2 пайызын құрайды. Алдын ала болжанғандай, референдумға қатысу/қатыспау туралы «әлі бір шешімге келмеген» респонденттердің үлесі жоғары болды. Бұл бағыт – 16,6 пайыздық көрсеткіште тұрақтаған.
Сауалнамаға қатысқандардың 13,6 пайызы «бұл жаңалықты бірінші рет естіп отырмын» деген мәнде жауап берген. Яғни, олар атом электр станциясын салуы мүмкін деген жаңалықты бірінші рет естіп отыр. Респонденттердің аз бөлігі, яғни 1,8 пайызы бұл сұраққа «жауап беруге қиналамын» деп көрсеткен.
«Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?» деген сұрақта пікірлер эмоционалды ұстанымнан бастап толығымен прагматикалық дәлелдерге дейін құбылады. Мәселен, «азаматтардың денсаулығына әсер етуі ықтимал» және «экологияға әсер етуі ықтимал» деген эмоционалды пікірлері бар жауаптарды таңдау тиісінше 59,5% және 54,1% құрады. Бұл, ең алдымен, желіде АЭС салу ықтималдығы туралы алғашқы ақпарат пайда болған сәттен бастап мұндай жобалардың қауіптері туралы әртүрлі пайымдар тарала бастағандығына байланысты болуы мүмкін.
Айта кету керек, сауалнамаға қатысқан халық АЭС-те қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары бойынша прагматикалық ойлар айтқан: «Апаттардың алдын алу жөніндегі қауіпсіздік шаралары» (43,1%); «Радиоактивті қалдықтарды басқару» (24,9%); «Кадрлық әлеует» (16%).
«Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа келісетіндердің үлесі 60,4 пайызды құрады. Сауалнамаға қатысқандардың 30,1 пайызы АЭС салу идеясын қолдамайды. Әрбір оныншы адам (9,5%) атом электр станциясының құрылысына қатысты сұраққа жауап беруден бас тартқан.
Зерттеудің жалпы қорытындысы бойынша, респонденттердің 55,8 пайызы өз азаматтық ұстанымын көрсетуге және АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беруге ниет танытты. АЭС құрылысын қолдаушылардың үлесі – 60,4 пайыз.
Жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде әрі қарай жария түсіндіруді талап ететін экологиялық және техникалық қауіпсіздік критерийлерінің контуры межеленді. Атап айтқанда, халық денсаулығының қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ құрылыстың техникалық жағы және атом станциясының болашақ жұмысшыларының кадрлық құрамының кәсібилік деңгейі туралы алаңдайды.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: