Сейсенбі, 07 қазан, 11:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№76, 2188
07.10.2025
PDF мұрағаты

Сөнбейтін шырақ

07.10.2025

123 0

Биыл – ардақты ұстаз, ғибратты ғұмыр иесі, қамқор ана, сүйікті әже – асыл бәйтерегіміз болған Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Тазагүл Сейтжанқызының туғанына 80 жыл. Әр адам өзіне тиесілі маң­дайға жазылған ғұмырды сүретіні заңдылық. Өзі өлгенмен, сөзі өлмейтін ұстаздық жолда атқарған еңбегі мен ізгі ісі, ұлағатты өмір жолы замандастары, әріптестері, шәкірттері, бауырлары, бала-шаға, немерелері үшін ешқашан ұмытылмақ емес.

Ерекше жаратылыс иесі, болмысы бөлек, даралығы мен даналығы елден ерек Тазагүл апам туралы айтылған ой-толғауларды түйіндей келе, «Тазагүл апам қандай жан еді» деген сұрақтың жауабын өзінің жұбайы, ақылшысы, ел сыйлаған азамат Тәкей аға Есетұлының естелігінен бастағым келеді.

Жақсы жар ер азамат үшін басына қонған ең үлкен бақыт екені рас. Тазагүл апамның жұбайы мемлекет және қоғам қайраткері, 27 жыл хатшылық қызмет атқарған, 1978-1985 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің І хат­шысы қызметінде болған Тәкей Есетов аға­мыз екенін ел біледі. Аға дүниеден өткеннен кейін 2004 жылы жарық көрген «Тағдыр мен тағы­лым» атты кітабында Тәкей ағаның Тазагүл апаммен бірге өткізген ғұмыры жайында  аса ризашы­лықпен жазған мынадай тұстарын оқып отырып, ерлі-зайыпты жандардың кестеленген өмірі көз алдыңа келеді. Онда Тәкей аға былай депті:

«Обкомда әр күн науқан, зейнеткерлікке шыққан соң көп адамның аты-жөнін біліп жатырмын. Тазагүлден естимін. Қызметтес Жолдықыз, Ұлболған, Ұлтай, Дариха, Аягөз туралы айтады. Аягөз – қазақ ақыны Асқар Тоқмағамбетовтің қызы. Асекеңнің бір жаңа жылда маған арнап жазған өлеңін көрнекті жерге қойып сақтап отырмын. Аға лебізін аңсағанда оқып аламын.

… Төсіне тақ Асқардың аға жырын,

Көп жасауға бір белгі болсын ырым.

Гүлді өсірер бақытты болсын үйде,

Құдай қосқан қосағың – Тазагүлің.

Тазагүлің таранған тотыдай боп,

Күндіз күндей, түнде туған ай боп,

Жарқырасын, жайнасын Тәкей інім,

Қысқа өмірде өмірлік сұлу жар боп.

Қызыл гүлдей адам бар қияғы алтын,

Қашан көрсең, жарқырап жүзі жарқын,

Жанарымен жаныңды жасартады,

Қаңтарда да тартпайды түрі салқын.

… Оқыдым, ойландым, түйдім… Мен бақытты адаммын! Менің бақытым – қадірімді білген халқым, қасымдағы Тазагүл мен балаларым, немерелерім. Тазагүл екеуміз тереземіз тең отырғанда Айгүл мен Айнұрды құтты жеріне қондырдық.

Сол тұста Сәнімкүл аналары мынадай өлең жолын арнаған еді:

Қия алмай босағасын қыз аттады,

Ананың жүрегінде сызат қалды.

Сол сызаттан саңылау тапты-дағы,

Жел улей ме?..

Атырды ұзақ таңды.

Бесігіне асылып ана көңіл,

Астаң-кестең ақыл-ес тызақтады.

(Бір ойды бір ой іліп тұзақтады)

Әйтеуір, жүрегінде сызат қалды.

Өмір заңы қайтесің, қыз кетеді,

Құлазытып көңілді, іздетеді,

Қыз – қызығым!

Бас ауырып, балтырың сыздағанда,

Ақ көгершін алдымен қыз жетеді…

Өмірде солай болды, Айгүлім мен Айнұрым көгершіндей ұшып келіп тұрды. Сәнімкүл Тазагүлге ұстаз ғана емес, анасындай абзал жан ғой.

Тазагүл, айналайын, көгілдірің,

Көзіңнің қарашығы, өмір гүлің.

Есейіп, қанат қағып, теңін тауып,

Қосылып жатыр екен көңіл бүгін.

Құтты болсын бәрі де орамымен,

Бір-біріне екі жас болады тең.

Бірлік болса, қос құда балаларға,

Бірі – жаға, біреуі – болады жең, – деп еді.

Шүкір деймін. Маған бұл аз бақыт па?! Тіршілікте бәрін ой сарабынан өткізіп отырдық. Менің бақытым – осы жандардың ықыласы», – деп тебірене жазған екен. Біз де ардақты Тәкей ағаның осы толғанысына қосыла отырып, аяулы апамыздың барша жанға пана, дана, мейірімді, қамқор, иманды, ибалы болғанын айтамыз.

Уақыт өткен сайын апамның жарқын бейнесі санамызда қайта жаңғырып, оның фәни ғұмыры бізден алыстаған сайын рухани үлгісі, мейірімге толы жарқын бейнесі, жып-жылы алақаны, берген ақыл-кеңесі, адамгершілігі жаңғыра түсуде. Ғазиз жанның нұсқаған жолы, көрсеткен үлгі-өнегесі Тазагүл апамды танитын барша шәкірттерінің өмір жолында шамшырақтай жарқырап жарық түсіре берері сөзсіз.

Ең алдымен, Апа – адал жар, мейірімді ана, қамқор бауыр, өзім дегенге өзегін жұлып берер үлкен жүректі жан. Әңгімені әріден бастасақ… 

Үйдің үлкендері өз алдына түтін түтетіп, отбасылы болып кетті де, кішкентайлар 1979 жылы тамыз айында Тазагүл апаның қолына біржола келіп, бірге тұрдық. Міне, осы уақыттан бастап балалық көңілдің түкпірінде ағаның әкелік қамқорлығы мен апаның аналық мейірімін толық сезіне бастадық. Әрбір күн  өзінше сабақ. Есейе келе, уақыт өткен сайын әр нәрсенің құндылығын, әрбір сәттің қайталанбас артықшылығын білдік, сезіндік, көңілге түйдік.

Шынында да, біз үшін Тәкей аға мен Тазагүл апа әрдайым адамгершіліктің биік тұғыры, қарапайымдылық пен мейірімділіктің өлшемдеріне айналған жандар еді.  Аға екеуі арасынан қыл өтпестей дос, сырлас болды. Бірін-бірі толықтырып жүретін, екеуінің келбеті қалай үйлессе, жандүниесі үндесіп тербелетіндей көрінетін. Тазагүл апа: «Тағдыр мені ақыл, парасатына білімі мен біліктілігі, мінез-құлқына дүниетанымы сай азаматқа жар етті. Тағдырым арқылы алған тағылымым өз өмірімнен де асып төгілер еді», – деп ағынан жарылатын. Ағаны ерекше қадір тұтып, күндегі тірлікте құрметпен ықылас танытатын. Апа ағаның қандай пікіріне болсын қолдау көрсетіп, әрдайым ой бөлісіп отыратын.

Екіншіден, Тазагүл апа – қарапайым қонақ­жай қазақ әйелі. Қазақ халқы ханның ханымын, батырдың аруын бір-бірінен айырып қарамаған, қайта бір бүтіннің екі жағы деп қабылдаған. Ағаның Сыр өңіріне аяқ басқан ел ағаларын кез келген уақытта отбасына шайға шақыруы апаға деген толық сенімінен, осы бір бүтіндіктен болса керек. Қонақтар қатарында танымал жазушылар, өнер адамдары, ел басқарған азаматтар бар. Кеңес Одағының Батыры Қасым Қайсенов, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, өнер майталмандары Нұрғиса Тілендиев, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова сынды ел мақтанышына айналған қонақтар ерекше есімде қалыпты. Апа сол кісілердің бәріне жылы-жұмсағын ықыласпен ұсынатын, өзінің ой-пікірімен бөлісіп, әңгімелесе білетін еді.

Үшіншіден, ол шәкірт бойына ізгілік пен мәдениет­тің нәрін дарыта білген ұстаз. Ол өз мамандығын шексіз сүйетін. Көркем шығарманы толық оқып шықпайынша талдамайтын. Мен 1986 жылы ҚазМУ-ды бітіріп келіп, апамен әріптес болдым. Сабақ жоспарын жасау, ашық сабақ өткізу, диплом жұмысына жетекшілік ету, дұрыс киіну, әріптестермен сыпайы қарым-қатынас қалыптастыру тағы басқа күнделікті тірлігіме үнемі ақыл қосып, қам­қорлық танытып отырды. 1991 жылы «Үздік оқытушы» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алғанымда жүзі ерекше нұрланып, үлкен мейіріммен «айналайын» деп бетімнен сүйіп, құшағына басқанын қалай ұмытайын. Шәкірттері еске алғанда бәрі де бірауыздан «апайдың сабағы – әдебиет әлеміне деген саяхат қой» деп ерекше қанаттанады. Ұстаз шеберлігі деген осындай болар.

Төртіншіден, Ол – көркем әдебиетті тұшынып оқитын және оқығанын білгенін, түйгенін өзі біліп қана қоймай, жастарға, жұртшылыққа бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде насихаттап, бөлісіп отыратын көркемсөз шебері, Сыр өңірінің рухани мәдениетін өркендетуге өз үлесін қоса білген қайраткер.

Бірде апа телефон соғып: «Күлдір, сен «Егемен Қазақстан» газетін аласың ғой. М.Жолдасбековтің «Әулие» атты мақаласы шығыпты, оқы», – деді. Мен газет қолға тиген бойдан мақаланы бір деммен оқып шықтым. «Әбіш, – деп жазған М.Жолдасбеков – тарихтың құрсағынан, дәуірдің құндағынан, жалпы қазақтың кең пейілінен, құшағынан ерекше жаралған тұлға. Мен Әбішті адам аяғы баспаған арал секілді күнде ашамын, ашқан сайын жаңа қырынан танимын. Ол даналығы мен кемеңгерлігіне қарамастан өзін ешкімнен артық санамайтын». 

Апаға қайта қоңырау шалып, мақаланы оқып шыққанымды айттым. Апа тебірене отырып,  «биіктік, кеңдік, тереңдік» деген қазақтың үш өлшемі Әбіш Кекілбаевтың болмысынан табылатынын айтты. Мен бұларды неге айтып отырмын? Апа еш уақытта әйел болып, өсек-аяң айтпайтын, бәрімізді рухани байытып, шабыттандырып, тәрбиелей білді. Қайран, апатайым, қазір өзің кеткелі «ақылдасайын дегенім ғой» деп әңгімесін бастап, «ар жағыңда қазаныңның асты күйіп, не шәйнегің қайнап жатқан жоқ па еді, мен ұзағырақ сөйлеймін» деп қамқорлық жасай отырып, пікірін бастайтын. Сондай бір кездесулерден алған әсерін айтып, кей тұсына сүйсініп, кей тұсына «дұрысы былай емес пе еді» деп риза болмай қалатын кезі болатын. Бірде үлкен жиында сөйлеген сөзінен кейін, өзі тамсанып оқитын кемеңгер Әбіш Кекілбаев ағамыздың орнынан тұрып келіп, қолынан сүйіп, аса ризашылығын білдіргенін қуанып айтқаны бар.

Бір күні А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қазақ қаламгерлерінің ақсақалы белгілі жазушы Ә.Нұрпейісовпен кездесу ұйымдас­тырды. Кездесуге апамен бірге барып, қатар отырдық. Апа жазушының шығар­маларын толық оқыған және көңіл сүзгісінен өткізіп, санасына тоқи білген оқырман. «Қан мен тердің» өзіне ұнаған тұстарын жатқа біледі.

Осы кездесуде апа жазушы шығармаларына талдау жасады. Шығарма кейіпкерлері жарыса шығып, көз алдымызда сап түзей бастады. Халық топырағының тереңінен тамыр тартатын образ – Кәлен, қарапайым балықшы, өр мінезді, намысшыл Еламан, бақыты баянсыз болған Ақбала, ақылман қария Сүйеу қарт, Мөңке, Айғаным, тіпті Судыр Ахмет те ұмыт қалған жоқ. Сөз құдіреті ме, әлде іштен тоғыз толғанып туған туындыңды өзіңдей сезініп, талдап жатқандықтан ба, қарт жазушы тыныштанғандай болды. Бұл – апа шығып сөйлеген осындай кездесулердің бір парасы ғана еді.

Бесіншіден, Тазагүл апа ұлы Абай іліміне тәнті жандардың қатарында. Абайды құныға оқып, тереңдікпен түсіндіре білетін. Абай мұрасының кемелді салаларының бірі ұлттық танымның ұстынына айналуға тиіс тұғырлы дүние – толық адам ілімі екенін айтудан жалықпайтын, тіпті уақытпен санаспай, аудиториясын жалықтырып алмай Абайдың әрбір кемел ойын сағаттап талдайтын. Толық адам ілімі адамның рухани кемелденуін үш негізде атап айтсақ, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» сынды айнымас үш темірқазыққа байлайды. Хакім айтатын «қашық болуға тиіс бес дұшпаның», бойға сіңірерлік «бес асыл іс», «атаның емес, адамның баласы болу», «адам­заттың бәрін бауырым деп сүю» осының бәрі де ізгі ілімнің тараулы жолы, танымдық негізі. Тазагүл апа осы түркі ғұламаларының «жүрек ілімімен» тамыры ұштасып жатқан, қазіргі тілмен айтқанда, ұлттық кодты, ұлттық ойды өзгеше ағынға бастаған жаңа арнаны талмай ұғындырушыларының қатарында еді.

Апаның елге, кейінгі ұрпаққа үлгі болар қасиеттерін осылайша термелей берсем, сезім­талдығы, ұқыптылығы, жауапкершілігі, жан, тән тазалығы, сабырлы салиқалығы, өзінің ойын тармақтап жеткізе алатын сауаттылығы, ұстамдылығы, мәдениеттілігі, бір айтары бар сөз тапқыштығы, кез келген нәрсенің адал жағын таразылап айтатын шынайылығы, өмірді боямасыз қабылдайтын тектілігі, ең бастысы, тек қамқорлық пен мейірімге толы ана жүрегінің лүпілі бір кітапқа жүк  болатындай екен.

P.S: Ауруханаға түсерінен бір күн бұрын, 10 қыркүйек күні түнгі он жарымда, телефон арқылы сөйлескенімізде апаның өз аузымен айтқан «иманды адам ешкімнің жанын жара­лап, қатты сөз айтпайды, айтар сөздеріңе абай болыңдар» дегені соңғы сөзі екенін, оны бізге өсиет етіп қалдырғанын кездейсоқтық дей алмаймын.

Ойымды түйіндей келе, «Аппақ апатайым-ау, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, мәңгілік мекенің пейіш болғай» дей отырып, өзіңді бір сәтке де есімнен шығар­майтынымды, үнемі асыл бейнеңмен күбірлеп тілдесетінімді, әрдайым құран бағыш­тайтынымызды, артыңда ізіңді, сөзіңді жал­ғастырар жандардың бар екенін айтқым келеді. Бауырға деген сағыныш сарқылмайтын бұлақ, сөнбейтін шырақ екені рас.

Күлдірсін САРЫШОВА

Сіңілісі, ф.ғ.к., Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің  қауымдастырылған профессоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: