Кешегі Майқы би, Әйтеке мен Қазбек билердің жалғасындай сөз бастаған шешендер қазақта қазір де аз емес. Дегенмен олардың танымын кеңейтіп, көкжиегін дамытуға аға буынның көмегі зор. Соңғы 10 жылдан бері аймақ деңгейінде оқушылар арасында ділмар жастарды дайындау жүйелі қолға алынуда. Осыған орай, Жыраулар үйінде облыстың түкпір-түкпірінен 14 оқушы қатысып бақ сынаған сайыс сөз өнерінің құдіретін мойындатты.
Жастарды кітап оқуға қызықтырып, қазақи әңгіме айтуға қалыптастыру мақсатында өткен сайыс «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» деп аталды. Жоба авторы Мамыр Байдаулетовтың айтуынша, ғибратты әңгіме айта білетін жастарды қалыптастыруға бұл сайыстың берері мол.
– Әңгіменің бастауы, шарықтау мен түйіні болуы керек. Қазір әлеуметтік желінің заманы болғандықтан ба, адамдардың ойында ақпарат өте көп. Содан болар өзімізді көп білетін адамдай сезінеміз. Ал негізінен ақпарат пен білім екі бөлек. Менің бала кезімде әкеме келіп әңгіме айтатындар көп еді. Әрқайсысының ауыр тағдыры бар. Аштықты да, соғысты да көрген олар өмір тәжірибесінен түйгенін айтатын. Жандарында жатып ұйықтап кеткенше әңгіме тыңдайтынмын, – дейді Мамыр Бәйментайұлы.
Топ жарып іріктелген өрен жүйріктерге М.Шахановтың «Қыран тағдыры», Т.Ізтілеуовтың «Мәрді диханы», З.Ибадуллаевтың «Софы Алдияр» дастанын баяндау тапсырылды. Байқау шарты бойынша дастанды жаттамай өз түсінігі бойынша әңгімелеу керек. Жарысқа Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Жүзбай Таңрақбаев пен жыршы Амандық Бүрлібаев қазылық етті. Жарысқа қатысқандар ішінде Жаңаталап ауылынан келген Мақсұт Маратұлы да бар. №119 орта мектептің 7-сыныбында оқитын жас өрен көркем әдебиетке құштар, белсенді екендігін дәлелдеп, Жаңаталап ауылдық клубы жанынан құрылған «Шабыт» көркемсөз үйірме мүшелерінің арасынан топ жарып, облыстық бәсекеге жолдама алған.
– Байқау ережесі қолыма тигеннен бастап, шәкірттеріме шығармаларды оқытып, эссе жаздырдым. Тіл байлығы мен сөз шеберлігін бағалай отырып оқушым Мақсұтты лайық көрдім. Біздің таңдағанымыз – М.Шахановтың «Қыран тағдыры» шығармасы. Бұл дастанда айтылатын түпкі ой жасырын жатыр. Қатысушыларға қойылған талап – шоқтығы биік шығарманы өз сөзімен айту. Республикалық, облыстық жарыстарда көзге түскен Мақсұт Қартаңбай «ZIBEK ZHOLY» өнер байқауында бас жүлдені иеленді, – деді Жаңаталап ауылдық клубының әдіскері Дана Алданазарқызы.
Облыстық байқауға қатысқан 14 оқушы өзара тартысты бәсекеге түсті. Бірі шығарманы театрландырылған қойылым ретінде баяндаса, басқалары актерлік қабілетімен көзге түсті. Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Сырдария ауданы Іңкәрдария ауылы №191 орта мектептің оқушысы Айтолқын Темірбай еншілесе, I орынды Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылынан Мақсұт Қартаңбай қанжығалады. Ал II орын Арал ауданы Қамыстыбас ауылынан Гүлжауһар Ерсұлтанға табысталса, III орын Қызылорда қаласы Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицей оқушысы Бекзада Шамгун мен Қармақшы ауданынан келген Алтынай Сәбитоваға бұйырды. Жарысқа қатысқан барлық үміткер марапатқа ие болып, сыйлық үлестірілді. Сонымен бірге «Маржан сөз, қоңыр үн» номинациясын Қызылорда қаласы №6 қазақ орта мектебінің оқушысы Ақмерей Нұрлыбекқызы иеленсе, «Талаптың мініп тұлпарын» номинациясына Қызылорда қаласы №9 мектеп-гимназиясының оқушысы Сезім Табынбай лайық деп танылды.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!