Қызылорданың сол жағалауы бүгінде заманауи келбетімен, жаңа нысандарымен, халыққа ыңғайлы әлеуметтік инфрақұрылымымен көз қуантады. Соның айғағы – жақында ғана пайдалануға берілген «Syr-Darya» коммуналдық базары. Бұл сауда орны қала тұрғындарына сапалы әрі тиімді бағада өнім ұсынумен қатар, өз кәсібін дөңгелеткісі келгендерге де зор мүмкіндік беріп отырған ерекше жоба саналады. Бүгінде бұл жаңа сауда орны сол жағалаудың тіршілік өзегіне айналып келеді. Біз де базардың жұмыс барысымен танысып қайттық.
Жалпы аумағы 5000 шаршы метрді құрайтын кең сауда алаңы екі қабаттан тұрады. Төменгі қабатта күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік, ет, сүт, жеміс-жидек, көкөніс өнімдері сатылса, жоғарғы қабатта киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдар орналасады.
«Syr-Darya» коммуналдық базарының басты ерекшелігі – мұндағы өнімдердің делдалсыз, тікелей өндірушілерден жеткізілуі. Бұл бағаның тұрақтылығын сақтап ғана қоймай, тұрғындарға тиімді бағада сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге де тиімді мүмкіндік қарастырылған.
– «Syr-Darya» коммуналдық базары кәсіпкерлер үшін 2026 жылға дейін тегін. Яғни, кәсіпкерлер жалдау ақысыз жұмыс істей алады. Қазір біз кәсіпкерлерді тартып жатырмыз. Көкөніс пен азық-түліктің көпшілігі Шымкент қаласынан әкелінеді. Дегенмен, бұл базарды әлі біле бермейтін тұрғындар да бар, – дейді сатушы Әсел Ерланқызы.
Жаңадан ашылған базардың инфрақұрылымы да қазіргі стандарттарға сай жасақталған. Сауда орны жылы, жарық әрі кең. Әр бөлім өз аумағына қарай ыңғайлы орналасқан. Тіпті ет өнімдеріне арналған арнайы тоңазытқыш камералар мен санитарлық талаптарға сай жағдайлар да қарастырылған.
Базар сөрелерінде табиғи әрі сапалы өнім түрлері мол. Сатушы Сағидулла Сағитжанұлы мұнда ет сатады екен.
– Бізде барлық ет түрі бар. Ең бастысы, жаңа әрі таза өнім. Мәселен, сиыр етінің келісі – 3200 теңге, қой етінің бір келісі – 3500 теңге, ал қазының келісі – 4000 теңге шамасында. Сондай-ақ фарш – 3500 теңге, өкпе-бауырдың келісі – 1200 теңге. Бағасы тиімді, сапасы жоғары. Келушілер саны әзірге аздау. Сондықтан барша Қызылордалықтарды табиғи өнімді таңдауға шақырамыз, – дейді ол.
Жаңа «Syr-Darya» коммуналдық базары – тек сауда орны емес, қала экономикасын дамытуға, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған әлеуметтік жоба. Мұнда тиімді баға мен сапалы өнім үйлесім тапқан.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!