Сейсенбі, 21 қазан, 11:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80, 2192
21.10.2025
PDF мұрағаты

Сол жағалаудың сәулеті ерекше

21.10.2025

45 0

Биыл Қызылорда қаласының алты Алашқа ортақ Астана болғанына – 100 жыл. Тарихқа үңілсек, Сырдың бас қаласының Қазақстанның астанасы болуында да үлкен мән бар. Ұзақ талқылаудан соң  ортақ пікірге келіп қазақтың зиялылары, алаштың арыстары үш жүздің ұрпағы тұратын бірден-бір қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қала ол Сырдария уезіндегі Ақмешіт (бұрынғы Перовск) деген ортақ мәмілеге келіп,  Қызылорданы астанаға лайық қала деп шешім шығарған. Сондықтан Қызылорданы тарихи қала деп күллі алаш жұрты ардақ тұтып, құрметтейді. Бәріміз осы елде өсіп-өркендеп келеміз. Қызылорда қаласының басынан талай шырғалаңдар,  қиындықтар өтті. Дегенмен Қызылорда қаласы өз мәртебесіне лайық дамып, өркендеп ежелгі Астана екенін дүйім жұртқа мойындатып келеді. Мен тағдыр жазып Қазалы ауданында партиялық, саяси, басшылық қызметтерде болып, кейін Қызылорда қаласына облыстық совет атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып қоныс аудардым. Кейіннен облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов болып сайланып, мен бірінші орынбасары қызметін атқардым. Сол уақыттан бері менің еңбек жолым тікелей қала өмірімен байланысып келеді. Біз нарықтық экономиканың өтпелі кезеңінің қиындығын көріп, сол дәуірде  елге қызмет етіп, халықтың мұң-мұқтажын таразылап, шешім шығарған  бірден-бір ұрпақпыз. Қызылорда қаласының  күрделі кезеңнен шығуына қызмет еткен Бердібек Сапарбаевтың есімін өз басым құрметпен айтамын. Ол кісі Қызылорданың арнайы экономикалық аймақ болуын жүзеге асырған бірден-бір әкім. Сол кезде Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, арнайы экономикалық аймақ бақылау кеңесі төрағасының орынбасары болып жұмыс істедім. Мұнан соң қала әкімі Бақберген Досманбетов болды. Сол жылдары қала әкімінің орынбасары болдым.  Сол кезеңнен бері қала көз алдымызда өсіп-өркендеп, көз ілеспес жылдамдықпен көркейіп келеді. Облыс орталығының қуаты артып, экономикасы белсенді дамығаны аймақтың үздіксіз өркендеуінің кепілі.  Себебі Қызылорда қаласы мәдениет пен руханияттың, білім мен өркениеттің тал бесігі, ұлылардың ізі қалған қасиетті мекен. Соңғы 3-4 жыл көлемінде Қызылорда қаласы қарыштап даму үстінде. Облыс орталығымен бірге аудандар да қанаттас дамып келеді. Әсіресе қаланың сол жағалаудағы көркі, даму шапшаңдығы бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатады. Менің мамандығым инженер-құрылысшы болғандықтан білетінім, жайлы қала салу деген терең білім мен тәжірибені, қаржылық сауаттылықты, шебер үйлестіруді, шет мемлекеттермен әріптестік байланыс орната білуді талап етеді. Сол жағалаудың дамуына шетелдіктер де қызығушылық танытты. Қызылордада урбанизациялық форумның өтуі соның дәлелі. Шетелдіктер сол жағалаудағы ғимараттардың сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынғанына көзі жетіп, жақсы пікір білдірді.

Өркениеттің ошағы болған қаламызда мәдени, әлеуметтік, рухани орталықтардың бой көтеруі келер ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлық деп ойлаймын.  Биыл пайдалануға берілген  «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы  талантты балалардың шабытын оятып, болашағына жол ашатынына кәміл сенемін. Себебі мұнда баланың дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Осындай жақсылыққа қол жеткізіп жатқан бүгінгі ұрпақ  қандай бақытты!

Өнер адамдары үшін жағымды жаңалық Өнер орталығының ашылуы дер едім.  Ғимарат ашылғалы ел игілігіне айналып, танымал өнер жұлдыздары келіп, қызылордалықтарға көтеріңкі көңіл-күй  сыйлады. Сол жағалаудың көркіне айналған ұлттық музей, теннис орталығы, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты,  Қазанғап атындағы  музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимаратының көркіне көз тойғандай.

Халықаралық талапқа сай салынған, сыйымды­лығы  11 мың  адамға арналған жаңа стадионның дүбірлі футбол лигасымен ашылуы да жерлестерімізді бір серпілтіп, Сыр елінің даңқын шығарды. Бұл шоқтығы биік стадион  спорттағы жетістіктеріміз бен жеңістерімізді  көбейтеді деген үміт бар. Сүйікті қала­мыз Қызылорда өсіп-өркендей берсін! Біз ардагер­лер қалың бұқара халық пен жастардың арасындағы алтын көпір болып, жағымды жаңалықтардың куәсі бол­сақ дейміз.  Екі ғасырдан астам  тарихтың шежіресін­дей сүйікті қаламыз мәңгілік құндылықтың мәйегін­дей болып өсіп-өркендей берсін!

Нажмадин Мұсабаев, қоғам қайраткері

              

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: