Жексенбі, 24 қараша, 21:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Спорт саласы назардан тыс қалған емес

27.07.2024

245 0

Сыр спорты жыл санап серпінді дамуға қадам басқан. Алаштың Ақмешітінің абыройын асқақтатып жүрген сайыпқырандарға қолдау қай кезде де тоқтаған емес. Өңірдегі өрелі істерге көз жүгіртіп, саланың даму жайын облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейіловтен сұрап білген едік.
– Жанмұрат Жақсымұратұлы, дамудың даңғылына шыққан қандай жетістіктеріміз бар? Мемлекеттік деңгейде баса назар аударылған саланың бүгінгі деңгейі қаншалықты?
– Әрине, әңгіме ауаны дамуға келгенде тақырыптың бір ұшы қаржыға келіп тіреледі. Қаражат қаншалықты бөлінсе, жұмыс та соншалықты болмақ. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген қазақ сөзі де осы ісімізді айшықтаса керек-ті. Қолды байламаса, алар асуымыз да мол болмақ. Енді салаға бөлінген қаржы көлеміне келсек, биыл 15 910,3 млн теңгеге жетті. Өткен жылғы есептен 19,4 пайызға артық.
Енді бұл қаражат қандай бағытта жұмсалды деген сауалдың туындауы заңдылық. Мысалы, басқарма бағыны­сындағы мекемелерге 9 484,5 мың теңге, мемлекеттік спорттық тапсырысқа 2 807,3 мың теңге, кәсіпқой спорт клубтарына 2 млн теңге, спортшылардың іс-сапар шығындарына 768,2 млн теңге, мемлекеттік-жекешелік әріптестікке 312,9 млн теңге бағытталды. Бұқаралық спортты дамытуға 155 млн теңге қаралды. Ерекшелеп айта кетерлігі, жыл көлемінде жоғары жетістікке жеткен спортшылардың шәкіртақысына 148 млн теңге, басқарманың аппаратына 136,9 млн теңге, трансферттерге 63,2 млн теңге, туризм саласына 24,3 млн теңге бөлінді.
– Спортпен айналысамын дегеннің арқасынан қағып, қолдау көрсетіп отырмыз ба? Бізде халықтың спортпен айналысуына қандай жағдай жасалған?
– Өңірдегі халықтың 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі өткен жылдың қорытындысымен 1490-ды құраса, соның ішінде 12 стадион, 47 спорт кешені, 1 футбол манежі, 1 жеңіл атлетикалық манеж, 1 есу базасы, 12 ату тирі, 1 хоккей корты, 1390-жазықтық құрылғылар, 13 теннис корты, 3 ипподром, 9 жүзу бассейні бар. Өткен жылдың өзінде салынып жатқан 13 спорт кешенінің 9-ы пайдалануға берілді. Қалған 4-еуі өтпелі нысандар қатарында. Биыл да бұл бағытта қозғалыс қарқынды. Аудандарда жалпы құны 4,7 млрд теңгені құрайтын 10 кешеннің құрылысы жүргізілуде. 2024 жылы Қызылорда қаласынан құны 20,9 млрд теңгені құрайтын 10 мың орындық стадион, 2,7 млрд теңгеге үстел теннисі орталығының құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Тек бюджетке қарап отырған жоқпыз, демеушілік көздерден Жалағаш ауданының Аққыр ауылында және Шиелі ауданының Досбол датқа ауылында 2 шағын спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Ал Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» бағдарламасы арқылы Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
– Көбіне легионерлерге иек артаты­нымыз жасырын емес. Ендігі өзіміздің таланттардың да шығатын кезі келген сияқты. Бізде мықты бапкерлер бар ма? Оларға қандай жағдай жасалып жатыр?
– Аймақта жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында 33 спорт мекемесі жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 48 спорт түрімен 640 жаттықтырушы-оқытушы 22 266 спортшыны тәрбиелеуде. 2024 жылдың 6 айында облыстың құрама команда мүшелерінің ресми жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуын қамтамасыз етуге 530 748,4 мың теңге қаржы жұмсалды. Аталған қаржыға облыстың құрама команда сапында 726 спортшы 111 оқу-жаттығу жиынына қатысса, 2069 спортшы 225 республикалық, халықаралық жарыс­тарда бақ сынасты. Нәтижесінде, спорт­шыларымыз ҚР чем­пио­наты мен кубоктарынан 609 медаль, оның ішінде 208 алтын, 186 күміс, 215 қола иеленсе, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарынан 83 медальға, оның ішінде 42 алтын, 23 күміс, 18 қола медалға қол жеткізді.
Сонымен қатар 3 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 20 ҚР спорт шебері, 570 ҚР спорт шеберлігіне кандидат спортшылар әзірленді. 2024 жылы жалпы спорт түрлері бойынша ҚР Ұлт­тық құрама командасына облыстан 960 спортшы енген. Биылғы жылдың басты спорттық додасы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына аймағымыздан 7 жолдама алған спортшы бар. Бокстан Қамшыбек Қоңқабаев, грек-рим күресінен А.Сұлтанғали, дзюдодан А.Жұбаназар мен Н.Шархан және отырып ойнау волейболынан Э.Қасқабаев, Ш.Медеуов, Е.Әбдібек пара жеңіл атлетикадан Жоламан Еламан, парапауэрлифтингтен Шакиев Станислав қатысуда.
Сіздің қойған сауалыңызға осы жауабым жеткілікті деп ойлаймын. Осынша медаль мен жетістіктерді спортшы­ла­рымыз сол мықты бапкерлермен үздіксіз дайындықтың, маңдай тер мен ақ-адал еңбектің арқасында жеңіп алуда. Кеше басталған Париждегі Олимпиаданың нәтижесі де аспанға атқан малақайымызды таяу маңда жерге түсірмейтініне сенемін.
– Бұқаралық спорт ұғымының кең қолданысқа енгеніне көп болды. Бірақ нәтиже көңіл қуантарлықтай емес сияқты…
– Неге олай дейсіз?! Нәтиже бар. Мәселен, 2023 жылы Сыр спортын дамыту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңір халқының 39%-ы бұқаралық спортпен айналысуға қол жеткізіп, 328 597 адамға жеткен. Өткен жылғы есептен 12 497 адамға артты. Бұқаралық спортты дамыту күн тәртібінен түскен емес, түспейді де. Өйткені салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен айналысуға дағдылану – өзімізге пайдалы іс. Деніміздің сау­лығының кепілі. Өткен жылы дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімдері жоқ, мүгедектігі бар адамдардың үлесі 7,9%-ға жетіп, 1130 адамды құрады. Бұл есеп 2022 жылмен салыстырғанда 509 адамға артты. Енді мұнан соң денсаулығы жақсы азаматтардың спортпен айналыспағаны ұят. Біз осы дағдыны қалыптастыруымыз керек. Бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытында облысымызда 6 айдың нәтижесімен 13 ҚР чемпионаттары, 2 халықаралық турнир, 23 республикалық турнир, 86 облыстық деңгейдегі біріншіліктер мен жарыстар ұйымдастырылып оған 18316 спортшы қатыстырылды.
– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: