Сенбі, 22 қараша, 00:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№89 (2201)
22.11.2025
PDF мұрағаты

Спорт саласы толық  цифрландырылмақ

22.11.2025

28 0

Апта басында Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков жұмыс сапарымен Қызылордаға келді. Сапар барысында вице-министр мен Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов  Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында брифинг берді.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде 8,4 миллион адам спортпен және дене шы­нықтырумен шұғылданады, ал біздің аймақта бұл көрсеткіш 42,1 пайызды құрайды. Негізгі мақсат – спорттық инфрақұрылымды дамыту арқылы халықты спортқа баулу.

– Өздеріңізге белгілі, жақында Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай, заманауи жабыны бар стадион пайдалануға берілді. Сонымен қатар ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар, Жақсықылыш, Бесарық, Ақай ауылы мен Жалағаш кентінде спорт кешені ашылды. Аққыр және Досбол Датқа ауылдарында ангар типтес спорттық зал салынды. Елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл оқу орны тек білім беру мекемесі ғана емес, көпсалалы спорт және ғылыми орталық болмақ. Спорт саласын цифрландыру да басым бағыттың бірі. Дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасын (E-Sport) іске асыру аясында министрлік пилоттық режимде негізгі жүйенің 3 модулін іске қосты. Жүйені толық енгізу 2026 жылға жоспарланып отыр, – деді Бауыржан Серікбайұлы.

Мұнан соң сөз алған Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары А.Нұрмұханбетов спорт саласындағы бірқатар жаңалықтарға тоқталды.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олим­пиадасынан кейін спорт саласына өзгерістер енгізу туралы бірқатар тапсырма берді. Биыл 15 сәуірде «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңына қол қойып, маусым айының 15-і күні осы заң жобасы күшіне енді. Заң аясында 62 нормативтік құқықтық акт жасалып, бірқатар өзгеріс енді. Мәселен, бұрын спорт клубында легионерлер мем­лекет тарапынан қаржыландырылатын болса, қазір шектеу қойылды. Сонымен қатар спорт клубтарын қаржыландыру бойынша да лимит бекітіліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды алып жүруге ар­налған адамдарға да қаржы төленетін болды. Қазіргі күні спортшыларға ай сайын­ғы қамсыздандыруға арналған айлық жалақы да бірізділікке түсті. Сондай-ақ спорт мекемелерінің басшыларын тағайын­дау нормативтік-құқықтық актілері бекі­тіліп, бір орында төрт жылдан көп отырған спорт мекемелерінің басшыларын ротациялау тәртібі енгізілді, – деді ол.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: