Сенбі, 13 желтоқсан, 03:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95 (2207)
13.12.2025
PDF мұрағаты

Спорт жас талғамайды

13.12.2025

42 0

Өңірде кейінгі жылдары спорт саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Теннис орталығы, биыл пайдалануға берілген жаңа стадион – өңір спортының қарқынды дамуының айғағы. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған теннис орталығында бүгінгі таңда жүздеген жас жаттығып, кәсіби тұрғыда шыңдалуда. Осы орайда, теннис орталығы директорының орынбасары Нұрым Сәлімгерейұлымен сұхбаттасқан едік.

– Нұрым Сәлімгерейұлы, теннис орта­лығының жұмысы туралы айтып өтсеңіз.

– Теннис орталығы ашылғалы бері жүйе­лі жұмыс жүргізіп келеміз. Биыл орталыққа жаңа басшы Қайрат Мергентайұлы Есенгелдиев тағайындалды. Ол кісі бұған дейін қалалық спорт бөлімін басқарған, ұлттық және ат спорты орталығында директор қызметін атқарған, саланы жетік білетін маман. Алға қойған жоспарымыз кемінде 5 спорт шебе­рін, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебе­рін дайындау. Бұдан бөлек, ел намысын қор­ғайтын Қазақстан, Азия чемпиондары мен әлемдік деңгейдегі спортшыларды тәрбиелесек дейміз.

– Бүгінде орталықта қанша спортшы дайындалып жатыр? Спортшылардың жас ерекшелігі қандай?

– Қазіргі таңда 350 бала жаттығып жүр. 10 кәсіби жаттықтырушы тұрақты жұмыс істейді. Негізінен бізге 5 жастан 15 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мен жасөспірімдер қабылданады. Оларды осы спорт түрінен дайындаймыз. Себебі бұл жас аралығында балалар спортқа икемді болып келеді. Яғни теннисті тез меңгереді.

– Жаттығу бағдарламасы қалай жаса­лады? Үйренем деушілерге жеке топ бар ма?

– Жаттығу бағдарламасы облыстық спорт басқармасымен бірге бекітіледі. Әр жаттықтырушының өз жоспары бар. Олар деңгейге қарап бөледі. Яғни  жаңадан бас­тағандарға арналған арнайы топ жұмыс істейді. Бастапқы дайындық кезеңі мен кәсіби деңгейге бағытталған бағдарлама бөлек жүргізіледі.

– Спортшылардың жетістігі туралы айтып өтсеңіз…

– Нәтиже біз үшін ең маңызды көрсеткіш. Биыл Аделя Әлжанова, Мариям Әлжанова, Айдарбек Әліби сын­ды жас спортшылар халықаралық және республикалық турнир­лердің жеңімпазы атанды. Айдарбек Әліби Алматы қала­сындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына оқу­ға түсті. Бұл – біздің орталықтың дең­гейін көрсететін көрсеткіштердің бірі. Жетістік­теріміз жыл сайын артып келеді.

– Жаттықтырушылардың кәсіби дең­гейі, оларға қойылатын талап қандай?

– Жаттықтырушылардың барлығы тен­нис спортынан чемпиондыққа үміткер немесе жоғары дәрежелі мамандар. Оларға қойылатын негізгі талап спорттық білімі және тәжірибесі жеткілікті болуы тиіс. Тәжірибесіз адамнан нәтижелі жұмыс күту қиын. Сонымен бірге әр жаттықтырушыдан жауапкершілік пен тәртіп талап етіледі.

– Орталыққа шетелдік немесе респуб­ликалық деңгейдегі мамандар шақырыла ма?

– Әрине. Тәжірибе алмасу біз үшін өте маңызды. Мәселен, үстел теннисінен Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері Дмитрий Переверзов орталығымызға тұрақты түрде келіп, балаларды жаттықтырады. Балалармен бірге жаттығу жасап, өз тәжірибесін бөліседі. Бұл – жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндік.

– Қаламызда теннис спортын дамытуға қандай да бір кедергілер бар ма?

– Айтарлықтай кедергі жоқ. Барлық жағдай жасалған. Қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Мемлекет басшысынан бастап облыс әкіміне дейін қолдау көрсетіп келеді. Жақында ғана Президент Қызылордаға сапары барысында теннис орталығына келіп, оң бағасын берді. Балаларға сәттілік тілеп, жас чемпиондарға сенім білдірді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе.

– Жасөспірімдердің тенниске қызығу­шылығы қалай?

– Қызығушылығы жоғары. Жазылу­шылар саны күннен-күнге артуда. Дегенмен қазіргі балалар әлсіздеу болып келеді.Тез шаршайды. Мейлінше, қатты талап қоймай, түсіндіріп, мақтау арқылы үйретуге тырысамыз. Бұл – бүгінгі заманның тәрбиелеу әдісі. Сонымен қатар ересектердің де қызығушылығы бар. Бос уақытында келіп, спортпен айнлысатындар жетерлік. Спорт жас талғамайды. Мүм­кіндігі шектеулі жандар үшін де барлық жағдай жасалған. Біз ешкімді шектемейміз.

– Спортты көпшілікке қолжетімді ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Теннис орталығы кешкі 19:00-ден кейін де жұмыс істейді. Жұмыстан кеш шығатын тұрғындарға ыңғайлы болу үшін осындай шешім қабылдадық. Ең бастысы, бағасы тиімді. Спортпен айналысам деуші­лерге жағдай жасалған. Тек ниет болса жеткілікті.

– Сұхбатынызға рахмет.

Сұхбаттасқан Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: