Сейсенбі, 05 тамыз, 11:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58, 2171
05.08.2025
PDF мұрағаты

Спортқа қызығатындар көп

05.08.2025

40 0

Қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Думан Бодықов I жартыжылдықта атқарылған жұмыстың қорытындысы мен спорт саласының жай-күйін  брифингте  мәлімдеді.

Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, қаламызда жыл басынан бері бұқаралық спорт түрін дамытуға арнайы бағдарлама әзірленіп, бүгінде облыстық, қалалық, аудандық маңызы бар спорттық жарыстар өткізіліп келеді.

– 2022 жылы бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 127 838 адамды, яғни  қала халқының 36,6 пайызын құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 141 161 адамға, 39,5% жеткен. Ал 2024 жылғы статистикамен салыстырсақ,  спортпен айналысушылар саны 155 755 адамға дейін артып, 43,1 пайызға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 43,5 пайызға жеткізу жоспарда бар, – деді бөлім басшысы.

Халықтың әлеуметтік әлсіз тобы қатарындағы қала тұрғындарын қолдау мақсатында әр ай сайын аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына арналып «Евразия», «Мұз айдыны», «Тарлан» спорт кешендеріне бір реттік тегін талондар мен жолдамалар беріліп, 6000-нан астам балаға спортпен айналысу мүмкіндігі жасалды. Ауыл тұрғындары да назардан тыс қалмайды. Жыл көлемінде қала және қалаға қарасты кенттер мен ауыл тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүруде. 49 спорт нұсқаушы жұмысқа тартылып, 3528 спортшыны қамту жоспарлануда.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, пара пауэрлифтингпен айналысатын спортшыларды тасымалдау үшін арнайы инватакси қызметі іске қосылған.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының да жетістіктері аз емес. Мұнда 11 спорт түрі бойынша үйірме жұмысы жүргізіліп келеді. Олардың қатарында еркін күрес, дзюдо, таеквандо, қоян-қолтық ұрыс, каратэ-до, бокс, қазақ күресі, президенттік көпсайыс, футбол және пара пауэрлифтинг бар. Клуб спортшылары жыл басынан бері республикалық және халықаралық до­даларда жүлделі орындарға ие болып, өңір намысын қорғауда. Мәселен, прези­денттік көпсайыс, пара пауэрлифтинг, қоян-қолтық ұрыс, грэпплинг спорт түрінен I, II, III орындар алып, нәтижелі жетістіктерге қол жеткізуде.

– Қалалық деңгейдегі спорттық іс-шаралар да өз нәтижесін беруде. 2025 жылдың алғашқы алты айында қала мен оған қарасты елді мекендерде 70-тен астам спорттық шара ұйымдастырылған. Солардың ішінде Қажымұқан Мұңайт­пасұлын еске алуға арналған респуб­ликалық турнирді атап өтуге болады. Бұл додада еліміздің әр түкпірінен келген 200-ге жуық спортшы бақ сынады, – деді спорт және туризм бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Думан Бодықов.

Сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы «Бәрің де жарысқа!» байқауына 1300-ге жуық оқушы қатысып, жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтының негізі қаланды. Ал ұлттық мерекелер аясында ұйымдастырылған «Наурызнама – 2025», «Ораза айт» күндеріндегі ұлттық ойын жарыстарына 4500-ге жуық қала тұрғыны атсалысты. Велошеру, ашық турнирлер мен веложарыстар да жоғары деңгейде өтіп, тұрғындардың қызығушылығын тудырды.

Спортпен қатар туристік индустрияға жағдай жасау – басты назарда. Қазіргі таңда жағажай қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті барлық шаралар толық көлемде орындалды. Атап айтқанда, шомылу аумағы арнайы қоршалып, құтқарушылар мен нұсқаушыларға моторлы қайық қарастырылып, алғашқы медициналық көмек көрсету пункті ұйымдастырылды.

Демалыс орындары қала тұрғындары мен қонақтары үшін негізгі туристік аймақ болып саналады. Қала аумағында рұқсат  етілген 15 демалыс орны жұмыс істейді.

– Қазіргі таңда қала аумағында 15 ресми демалыс орны жұмыс істейді. Олардың арасында жаңартылған «Сыр самалы» демалыс аймағы мен «Көксу» жағажайы тұрғындарға жайлы демалыс орындарының біріне айналған. Сонымен қатар 13 туристік агенттік қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет ұсынуда. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қызылорда қаласына 29 545 ішкі турист келген. Сыртқы туристердің саны – 901 адамды құрайды, – деді қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Думан Бодықов.

Спорт пен туризмнің дамуы – аймақтың экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуына серпін берері сөзсіз.

Айдана Бахтияр

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: