«Барлық өңірде спорт инфрақұрылымын біркелкі дамыту қажет», Бұл – Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сөзі. Үкімет отырысының бірінде спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау мәселелері қаралған еді. Қарапайым тұрғындардан бастап, кәсіби спортшылардың спортпен айналысуына жағдай жасау – мемлекет назарында. Бүгінде өңірлерде қарапайым халық үшін спортпен айналысуға мүмкіндік бар десек артық айтқандық емес. Бір сөзбен айтқанда, бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Ал бұқара халықтың белсенділігі қандай?

Үкімет отырысында премьер-министр басты мақсат халықтың спортпен қамтылу деңгейін арттыру және кәсіпқой спортшылар даярлау үшін қажетті жағдай жасау екенін атап айтты.
– Әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналуға тиіс спорттың дамуы Мемлекет басшысының үнемі назарында. Бұл орайда еліміздің барлық өңірінде спорттық инфрақұрылым мен бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – халықтың дене шынықтыру және спортпен қамтылу деңгейін арттырып, кәсіпқой спортшыларды даярлау үшін қажетті жағдай жасау. Барлық өңірде спорт инфрақұрылымын біркелкі дамытып, тұрғылықты жерлерге жақын спорт алаңдарының желісін құру қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жаңа нысандар құрылысымен қатар, қолданыстағы спорт объектілерін тиімді пайдаланудың маңыздылығына назар аударды. Кейбір өңірлерде стадион, спорт нысандарының қаңырап бос тұрғаны да назардан тыс қалмады.

Жиында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі спорт нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Былтырдың өзінде 90 нысан бой көтерсе, оның 61-і ауылдық жерлерде салынды. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Биыл тағы 102 нысан пайдалануға берілмек.

Бір сөзбен айтқанда, өңірлерде қарапайым халық үшін спортпен айналысуға мүмкіндік бар десек, артық айтқандық емес. Бір сөзбен айтқанда, бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Ал бұқараның белсенділігі қандай? Орайы келгенде, Қызылорда қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің жұмыс барысына шолу жасадық.

Спортқа қызығатындар көп
Қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бұқаралық спортпен айналысатын қалалықтар қатары жылдан-жылға артып келеді. Сандарды сөйлетсек, 2022 жылы шұғылданушылар саны 127838 адам, яғни 36,6%-ды құраса, 2023 жылы бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 141161 адамға жетіп, 39,5%-ды құрады, 2024 жылы 155 755 адамға жетіп, 43,1%-ға орындалды. 2025 жылы спортпен айналысатындар қатарын 44,7%-ға жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар халықты бұқаралық спортқа қызықтыру мақсатында түрлі іс-шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Спорттық жарыстарға үлкен-кішіні түгел қамту мақсатында түрлі ойындар өтуде.
– Бөлім тарапынан бұқаралық спорттық іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес дене шынықтыру мекемелері, спорт мектептері және спорт клубтарымен бірлесіп, жыл басынан бүгінгі күнге дейін 206 спорттық іс-шараларға 30900 адам қатысты. Оның ішінде 20 республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстарға 4000 спортшы қатыстырылды. 2 оқу-жаттығу жиыны өткізіліп, оған 48 адам қатысты.
Қызылорда облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесі, қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы, №37, №60 жалпы білім беретін кешкі мектеп (қылмыстық жазасын өтеушілер) оқушылары мен ұстаздары арасында І-ІІ-ІІІ тоқсан бойынша 17 іс-шара ұйымдастырылып, 2230-ға жуық адам қатыстырылды.
Сонымен қатар Қызылорда қаласының әкімдігінің қолдауымен пара пауэрлифтинг спортшыларын тасымалдау үшін инватаксимен қамтамасыз етіліп отыр, – дейді қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркен Жантуғанов.
Чемпиондар мектебі
Қаладағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубын халық «чемпиондар мектебі» атап кеткен. «Сырт көз – сыншы» демекші, халықтың мұндай баға беруі де бекер болмаса керек. Қазаққа белгілі балуан есімін иеленген спорт клубында 11 спорт үйірмесі жұмыс істейді. Атап айтқанда, еркін күрес, дзюдо, таэквондо, грэпплинг, қоян-қолтық ұрыс, каратэ-до, бокс, қазақ күресі, президенттік көпсайыс, футбол, пара пауэрлифтинг секілді үйірмелер бар. Мұнда 1400 адам спортпен шұғылданады. Тағы бір атап айтатыны, мұнда 6 жастан бастап ересектерге дейін қалаған спорт үйірмесіне тегін жазыла алады.
– Қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөліміне қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубы жыл басынан бері ҚР чемпионаты, Әлем чемпионаттары және іріктеу кезеңдері бойынша президенттік көпсайыс, пара пауэрлифтинг, қоян-қолтық ұрыс, греплинг спорт түрлерінен І, ІІ, ІІІ орын иеленіп, нәтижелі жетістіктер көрсетуде, – дейді бөлім басшысы Еркен Ертуғанұлы.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының жетістігін атап айтсақ артық болмас. Спорт клубының спортшылары Қазақстан республикасы чемпионатынан 147 жүлде иеленген (69-ы алтын, 46-ы күміс, 32-і қола). Сондай-ақ «Asia Open» ойындарынан 6 жүлде (оның ішінде 2 алтын, 2 күміс, 2 қола), Азия, Тынық мұхит ойындарының 2 алтын жүлдесін, Әлем кубогынан 4 жүлде (2 алтын, 1 күміс, 1 қола), Әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдені қанжығаға байлаған. Чемпиондар мектебінің алдағы уақытта да спорт шыңдарынан көрінетініне сенім мол.
Бұл спорт клубының есігі әрдайым ашық. Себебі мұнда спорттық жарыстар жиі өтеді. Бұл да мұнда келіп, спортпен айналысушыларға шабыт бергендей.
– Биыл спорт клубында халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2004-2006 жылы туған жастар арасында өтетін республикалық турнир өтіп, оған 200 спортшы қатысты. Ы.Алтынсарин атындағы жүлде үшін «Бәріңде жарысқа» атты ұранымен өтетін мектеп оқушылары арасындағы қалалық дәстүрлі жарыс өткізіліп, 1300-ге жуық спортшы қатысты. «Наурызнама – 2025», «Ораза Айт» мерекелеріне арналған спорт түрлерінен жарыстар (қазақ күресі, асық ату, бес асық, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, арқан тарту, гір көтеру, қол күрес) өтіп, оған 4500-ге жуық қала тұрғыны қатысты. КАЗ ССР-на еңбек сіңірген жаттықтырушы Ли Валентин Захаровичты және КСРО спорт шебері Бадретдинов Раис Салиховичты еске алуға арналған 15-16 жас жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында республикалық веложарыс өтіп, 400-ге жуық спортшы қатысты.
«Заң мен тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлер мен әуесқойлар және қала тұрғындары арасында велошеру өтіп, оған 300-ге жуық адам қатысты. Бұл іс-шаралардың барлығы да жастар мен қала тұрғындарын спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылады, нәтиже де жоқ емес. Қазір мектеп оқушылары да, жастар да, қарапайым қала тұрғындары да спортқа ден қойып келеді, – дейді бөлім басшысы.
Спорт жарыс емес…
Спорт туралы айта бастасақ, тек жарысты ойлайтынымыз анық. Қазір дәл бұлай айтсақ, қателесеміз. Себебі халықтың спортқа деген көзқарасы өзгерді. Қазір үлкен де, кіші де дене шымырлығы үшін, денсаулығы үшін спортпен айналысқанды қалайды. Бұқаралық спортты дамытудағы негізгі мақсат та осы болар. Қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі қалалықтарды спортқа қызықтыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Мәселен, биыл қала күні мерекесі және Ата заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай Қызылорда-Жалағаш бағытында веломарафон ұйымдастырды.
– Бұл іс-шара салауатты өмір салтын насихаттау, жас буынды спортқа тарту және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өтті. Қызылорда қаласынан бастау алған іс-шараға 100-ге жуық адам қатысып, 75 шақырым жолды жүріп өтті. Веломарафонға құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, әуесқойлар, еріктілер қатысып, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті, – дейді бөлім басшысы Еркен Жантуғанов.
Зейін мен зерденің ойыны саналатын шахматтан турнир облыс орталығында жиі ұйымдастырылып тұратын іс-шараның бірі. Биыл да Қызылорда қаласының астана болуына 100 жыл толуына орай қала күніне арналған «Qyzylorda OPEN – 2025» республикалық турнирі өтті. Жарысқа аудан, қала, өзгеде облыстардан жалпы білім беретін мектептер мен оқу орталықтарынан 200-ден аса оқушы қатысты. Жарыс соңында жеңімпаз шахматшыларға арнайы медальдар мен дипломдар, қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен қатар қала күні мерекесі аясында қазақ күресінен 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында «Бала барыс –2025» қалалық ашық біріншілік өтті. Дәстүрге айналған бұл дода биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа облысымыздың аудандарынан және Қызылорда қаласынан 30-ға жуық жас палуан қатысып, күш пен шеберлікті, батылдық пен айланы сынға салды. Бұл сайыс жасөспірімдердің қызығушылығын оятып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына серпін беретін маңызды алаңға айналып отыр десек артық айтқандық емес. Сондай-ақ баскетболдан жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнир де жас спортшыларға шабыт берді. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған тоғызқұмалақ сайысы да кейінгі буынның ұлттық ойынға деген қызығушылығын оятты. Ал «Чемпионмен бірге жүгір» атты жүгіру марафоны барлық қала тұрғынын қызықтырды.
– Ұлттық мереке – Республика күніне орай, Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуы және «Қала күні» мерекесіне арналған «Чемпионмен бірге жүгір» атты жеңіл атлетикалық кіші марафоны өтті. Марафонды бокстан Əлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен қола жүлдегер Тұрсынбай Құлахмет бастап, іс-шараға ерекше серпін берді. «Эдельвейс» жағажайынан «Болашақ» университеті ғимаратына дейінгі аралықты қамтыған жеңіл атлетикалық кіші марафонына 100-ге жуық марафоншы қатысып, 5 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Барлық қатысушыларға арнайы әзірленген медальдар табысталды. Айта кету керек, марафонға қатысушылардың ең үлкені 50-ден асса, ал ең кішісі – 15 жаста. Мұндай іс-шара қарапайым қала тұрғындарын жүгіруге ынталандырды, – дейді қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркен Жантуғанов.
Айта кетелік, қалалықтарды спортпен айналысуға шақыру, бұқаралық спортты дамыту маусымдық жұмыс емес, жыл он екі ай бойы үздіксіз атқарылатын жұмыс. Алдағы уақытта әуесқойлар арасында футзалдан қала әкімінің қубогін өткізу, волейболдан қала әкімінің кубогін өткізу және ұлттық ойындардан қалалық ашық біріншілік, жасөспірімдер арасында футзалдан ашық біріншілік өткізу жоспарлануда. Бір сөзбен айтқанда, спорт тек жарыс емес, қалалықтарды дене шынықтыруға, салауатты өмір салтымен айналысуға, шынығуға насихаттау. Бүгінде бұл жұмыс нәтижесіз емес. Күн сайын қала ішіндегі спорт алаңдарында ертемен жаттығу жасаған, жағалауды бойлай жүгіріп бара жатқан, арнайы веложолмен велосипед теуіп бара жатқан көріністерді көруге болады. Демек, бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасалған сайын қалың бұқараның да белсенділігі артып келеді.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!