Сейсенбі, 29 шiлде, 18:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№ 56, 2169
29.07.2025
PDF мұрағаты

Сталкинг: Басқан ізді аңдыған да жазасыз қалмайды

29.07.2025

102 0

Өзіңізді біреудің аңдып жүргенін білу қорқынышты әрі адамға психологиялық тұрғыда соққы болады. Елімізде басқан ізді аңдитындарға байланысты заң күшеймек. Себебі біреуді аңду ауыр қылмыстар жасауға сеп болуы мүмкін. Қорқыту, аңду сынды әрекет жасайтын сталкерлер енді аяғын аңдап басқаны дұрыс немесе біреуді аңдығанын тоқтатқан жөн. Себебі елімізде енді Қылмыстық кодекске «сталкинг» ұғымы енгізіліп, адамды аңдып, қорқытатындар жазаға тартылады.

Сталкинг – бұл адамды жүйелі түрде аңду, оның жеке өміріне заңсыз араласу, қорқыту немесе психологиялық қысым көрсету әрекеті. Түсінікті тілмен айтқанда, «басқан ізді аңду, өзгенің жеке өміріне араласу», «тыныштық бермеу» деген мағынаны білдіреді. Бұл әрекеттер жәбірленушіге қорқыныш, мазасыздық сезімін тудырып, оның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіреді.

Сталкингке мыналар жатады: қудалау мақсатында қайталанатын қоңыраулар, хабарла­малар, әлеуметтік желілерде бақылау жасау және адамды аңду, оның жүріс-тұрысын бақылау, үйіне немесе жұмыс орнына келіп, онымен байланысуға мәжбүрлеу, қорқыту немесе қоқан-лоқы көрсету. Жеке адамның немесе топтың басқа адамды қадағалап, аңдып жүруі. Ерлер де, әйелдер де сталкинг құрбаны болуы мүмкін.

Адам аңдығандарды қандай жаза күтіп тұр?

Ұлыбритания мен АҚШ-та сталкинг қылмыстық құқықбұзушылық болып саналса, Германия, Канада сияқты елдерде ауыр қылмыс түріне жатады. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі ерлі-зайыптылардың бір-бірінің және отбасы мүшелерінің қайда жүргеніне заңсыз аңду жүргізген тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Сондай-ақ соңғы уақытта қалта телефонына адамдарды аңдуға арналған қосымшалар орнататындардың көбейгенін де айтып, мұндай әрекетке барғандар киберқылмыс заңында қарастырылған талаптарды бұзғандықтан, кем дегенде 6 ай абақтыға жабылады немесе 500 000 дирхамға дейін айыппұл салынатынын жазған.

Ал Қазақстан азаматы сталкингтен қалай қор­ғана­тыны туралы заңгер Еркін Қапаев былай дейді: 

– 2023 жылдан бастап сталкинг Қазақстан заңна­масында құқықбұзушылық ретінде қарастырыла бас­тады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодексіне және Қылмыстық кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер бойынша адамды аңду, хабарламалар арқылы мазалау, соңынан жүру немесе жеке өміріне араласу құқыққа қайшы әрекет болып саналады. Сталкинг енді отбасы мүшесі болсын немесе бөтен адам болсын, оның тыныштығына, жеке өміріне нұқсан келтіретін әрекет ретінде қаралады, – дейді заңгер.

Адамды аңду жағдайында Қазақстанда екі деңгейдегі жауапкершілік қарастырылған. Заңгер Еркін Қапаевтың айтуынша, Қылмыстық кодекске 115-1-бабы бойынша, егер адам басқа біреуді қудалап, психологиялық қысым жасаса, ол қылмыстық жазаға тартылады. Егер сталкинг қайталанатын болса немесе жәбірленушіге зиян келсе (мысалы, психологиялық жарақат, қауіп төндіру), бұл жағдай Қылмыстық кодекске сай қылмыстық іс ретінде тіркеліп, қудалаушы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 Сталкинг көбіне ерлі-зайыпты мен ажырасқан адамдар арасында болады. Мұндай жағдай әйелге психологиялық тұрғыдан кері әсер ететіні анық. Сондықтан әйел заң жүзінде қорғана алуға мүмкіндік бар екенін естен шығармағаны жөн. 

– Отбасындағы сталкинг – заң алдында жауапты әрекет. Егер күйеуі әйелін аңдыса, оны қорқыту, үнемі бақылауда ұстау, байланыс құралдары арқылы мазалап, психологиялық қысым көрсетсе, әйел отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңмен қорғалады. Мұндай жағдайда ішкі істер органдарына шағымдана алады, учаскелік полиция қызметкері қорғау нұсқамасын шығарып, күйеуіне өзімен хабарласуға тыйым сала алады.  Егер бұл әрекеттер қайталанса, қылмыстық іс қозғалып, сот арқылы жаза белгіленеді, – дейді заңгер Еркін Жұбатқанұлы.

Ішкі күйзелістің айқын белгісі

Отбасылық психолог Уәлихан Нұрғали сталкер психологиясын талдап берді. Бұл – жай ғана оғаш мінез емес, адамның еркіндігі мен психологиялық саулығына нақты қауіп төндіретін әрекет. Тіпті кей жағдайда физикалық қатерге дейін ұласуы мүмкін. Адамның біреуді аңдуына түрлі психологиялық себептер әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында қызғаныш, жалғыздықтан арылу, бас тартуды қабылдай алмау, қарым-қатынасты күшпен сақтап қалуға тырысу немесе бақылауға деген ішкі қажеттілік секілді факторлар бар.

– Сталкинг – адамның өзге біреуді жүйелі түрде қудалауы, жеке кеңістігіне еріксіз араласуы. Ол қайта­ланатын хабарламалар мен қоңыраулардан бастап, соңынан аңду, қорқыту, әлеуметтік желілерде үздіксіз назар аудару секілді әрекеттер арқылы көрініс табады. Бұл мінез-құлық көбінесе адамның эмоцияны басқарудағы әлсіздігінен, жеке шекараны сезінбеуінен немесе шешілмеген психологиялық жарақаттардан туындайды. Сталкинг – сырттай аңғаруы қиын, бірақ ішкі күйзелістің айқын белгісі. Мұндай жағдайда тек қудаланушы тарап қана емес, сталкердің өзі де кәсіби психологиялық көмекті қажет етеді.   Сталкингке ұшыраған адам үшін ең маңыздысы – өзін жалғыз емес екенін сезіну. Мұндай жағдай адамға тұрақты күйзеліс, қорқыныш, үрей мен сенімсіздік тудыруы мүмкін. Сондықтан ең алдымен, ол адамға қауіпсіз орта қажет: физикалық қауіпсіздік те, эмоциялық қолдау да маңызды. Психологиялық тұрғыда бірінші кезекте тыңдау, түсіну және сезімдерін жоққа шығармай қабылдау қажет. «Бәрі жақсы болады» деп жай жұбатудан гөрі, оның қорқынышы мен мазасыздығын шынайы мойындау – үлкен көмек. Сонымен қатар сталкингтің шекара бұзушылық екенін нақты айтып, оның кінәлі емес екенін түсіндіру маңызды. Егер жағдай күрделі болса, құқық қорғау органдарына жүгіну, дәлел жинау (хабарламалар, қоңыраулар, куәгерлер), қажет болса мекенжайды уақытша ауыстыру сынды нақты әрекеттер ұсынылады. Ал психологиялық қолдау үшін маманға жүгіну қажет. Мұндай тәжірибе адамның өзін қауіпсіз сезінуіне, сенімділікті қалпына келтіруге көмектеседі, – дейді психолог.

P.S. Жеке өмір – әр адамның ең үлкен құқығы. Бұл құқықты сақтау – тек заң талабы емес, адамгершілік пен мәдениеттіліктің көрінісі. Біреудің жеке өміріне қол сұғу жеке шекараның бұзылуына жол ашады. Сондықтан басқаның жеке кеңістігіне құрметпен қарап, өзіміз де шекарамызды қорғай білуіміз қажет.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: