Сәрсенбі, 21 қаңтар, 01:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№4 (2216)
17.01.2026
PDF мұрағаты

Стивен Кларк, «Asugate» ағылшын тілі мектебінің мұғалімі: Қызылорданың тыныш, қауіпсіз қала екенін байқадым

21.01.2026

38 0

Англиядағы Ланкашир университетінде ағылшын және орыс тілі мамандығы бойынша білім алып жүрген Стивен Кларкпен сұхбаттасудың  сәті түскен еді. Ол қазір Қызылорда қаласындағы «Asugate» ағылшын тілі мектебінде мұғалім боп жұмыс істейді. Шетелдік маманның қазақ еліндегі өмірі, алғаш келгендегі әсері туралы сұрадық.

– Қазақстанға қашан елдіңіз және әсеріңіз?

– Өткен жылдың қараша айында келдім. Алғаш келгенде Астанаға түскен едім, өте суық болды. Қала суық болса да, қонақжай, жүзі жылы жандар көп екен. Қазақ тілін білмегендіктен болар, қазақтар жылдам сөйлейтіндей көрінді. Сонымен бірге бірінші рет бұл елге келгенде халықтың көбі қара түсті киім кигені қызық көрінді. Бәлкім, қыс мезгілі болғандықтан шығар деп ойлаймын.

–  Қазақтың тойына қатысып көрдіңіз бе? Ағылшындар отбасылық басқосуларды қалай өткізеді?

– Әлеуметтік желіден қазақтардың тойын көрген едім. Ондағы 300-400 адам жиналатын тойларды елестете алмаймын. Бізде мұншама адам бас қосатын жиындар бола бермейді. Ағылшындар отбасымен жиналғанда жақсы уақыт өткізу үшін көбіне ішімдік ішеді. Ал қазақтар онсыз да жиындарын көңілді өткізетінін байқадым.

– Қазақтарға ағылшын тілінен сабақ беріп жүрсіз, біздегі жастардың тіл үйренудегі қабілеті қалай екен?

– Негізінен бізге оқушылар ерекше ынта-жігермен келеді. Сол үшін де ағылшын тілін оңай меңгеріп кетеді екен. Жастар көбіне 2 тілді қатар білетіні байқалды. Орыс тілінің грамматикасы сәл де болсын ағылшын тіліне ұқсас болғандықтан болар, оқушылар үшін қиын емес екені байқадым.

– Қызылордада қай жерде уақыт өткізген ұнайды. Күнделікті тіршілік Ұлыбританиямен салыстырғанда қандай қала екен, қандай әсер қалдырды?

–  Қаладағы адам көп жүретін орындарда болдым. Дегенмен өзіме орталық алаң және арбат көшесі ерекше ұнайды. Әсіресе жаңа жылда бұл көше сәнді  безендіруімен керемет әсер қалдырды. Қала басшылары осы жерге көп қаржы жұмсағаны байқалды. Ағылшындар көшеде кез келген адаммен сөйлесіп кетеді, себебі мәдениет солай қалыптасқан. Шетелден келген қонақтарға қазақтар суық көрінуі мүмкін. Ал егер сөйлесіп, танысып кетсеңіз жанашыр, қонақжай екенін аңғаруға болады. Сонымен бірге Қызылорданың тыныш, қауіпсіз қала екенін байқадым. Таксиге мінгенде де, көшелерде жалғыз қорықпай жүруге болады. Ал Ұлыбританияда мұндай қауіпсіздік сезімі бола бермейді.

– Қазақ елінің ұлттық тағамдарынан қайсысы ұнады?

– Қазақтың ет тамағы, бауырсақ, самса, манты қатты ұнады. Алғаш рет жылқы етін де жеп көрдім. Сонымен бірге «Бидай» мейрамханасында наурызкөже іштім.

– Қазақстандықтар табыс табу үшін көбіне Ұлыбританияға барады. Сіздің осы жаққа келуіңіздің себебі неде?

– Бір жыл бұрын тіл үйренетін сайтқа орыс тілін үйрену үшін тіркелген болатынмын. Содан сол сайтта ағылшын тілін үйренуге қосылған қызылордалық қызбен таныстым. Бір-бірімізден тіл үйреніп жүріп, жақын сөйлесіп кеттік. Сол қыздың ұсынысымен сабақ беру үшін Қызылордаға ойламаған жерден келдім. Қазіргі таңда қазақ жастарына ағылшын тілін үйретіп жүрмін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: