Дүйсенбі, 25 қараша, 04:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Стоп-кадр

03.09.2024

249 0

(Балдағы алтын құрыш Болат)

Болат аға өмірден өтті… Фото­тілші Болат. Шебер Болат. Майталман Болат. Балдағы алтын құрыш Болат. Алтын балдағы – қиырдағыны шалатын, көздегенін қалт жібермейтін, төбесінен құс ұшырмайтын, баға жетпес фото­аппараты. Құрыш дегеніміз – сурет түсіру өнерінің шыңына шыққан Болат ағаның сипаттамасы.

Өз кәсібінің қыр-сырын жетік игеріп, шын шебер атану үшін елдің зиялылары шоғырланған орталық қалалардың бірінде тұру шарт емес. Сондай-ақ жалпақ жұртты елең еткізетін ерекше сурет түсіру үшін фотомылтығыңның тұмсығы төрт қарыс, құны жайынбас көлік сатып алуға жететіндей тым қымбат болуы да міндетті емес. Ол біреуде бар, біреуде жоқ қарапайым фотоаппаратымен-ақ ға­ламат портреттер мен ғажайып пейзаждарды, әдемі көріністер мен әсерлі этюдтерді баспасөз тарихында қалдырды. Сыр бойын­дағы көне қаланың арғы басы мен бергі басында тынымсыз шапқылап, сол өңірдің атақты аудандары мен алыс ауылдарын армансыз аралап жүріп-ақ, Алматы мен Астана жақтан анда-санда шаң беріп қалатын әйгілі адамдарды нысанаға алып, танымал тұлғалар галереясын жасады.

Оның әр кадры құнды болды. Өзгелер сурет түсірді. Ол сюжет түсірді. Өзгелер портрет түсірді. Ол портреттік очерк түсірді. Өзге­лер шопанның суретін түсірді. Ол шопан туралы шығарма түсір­ді. Соның бәрін бір-ақ кадрға сыйғызды. Оның шырт еткізгені шедевр боп шығады. Ол қазақ фотоөнеріне көркемдік әкелді. Әсемдік пен әдемілік дарытты. Сен де, мен де, ол да түсіре алатын жансыз суретке беллетристиканың жүгін арқалатты. Міне, балдағы алтын құрыш Болаттың балдағы бөлек басқалардан айырмашылығы да осында.

Оның кейіпкерлері сөйлеп тұрады. Шетінен мінезді. Шетінен шежірелі. Шетінен қиқар. Шетінен шешен. Себебі, суреттің кейіпкер­лері суреттің авторына қатты ұқсайды.

Мен Болат аға Омарәлиевтің біраз суретін арқау етіп, бірқатар мақала жаздым. Ойға алған біраз жоспарларымыз баршылық еді. Өмірдің өзі кейде осылай жоспар-жобаңа бағынбай кетеді екен ғой.

Көбіне-көп кино мен телевизия әлеміне тиесілі «стоп-кадр» деген ұғым бар. Ең сәтті немесе ең қажетті бір кадрды таңдап алып, осының төңірегінде ой толғайсың. Немесе соның айналасынан мәселе туындатасың. Осы «стоп-кадр» ұғымы әйгілі фототілші Болат Омарәлиевтің де шығармашылық табиғатын тап басатын. Қарауылға алғанын мүлт жібермейтін ол Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз айтқандай, жұмыр жерді кіндігінен ұстап, солқылдатып тартып тұрып, тулап жатқан тіршілікті лезде тоқ­татып тастай алатын. Ең әдемі, ең әсерлі деген мезетті аңдып тұрып, қас-қағым сәтте қағып түсіретін. Жұрттың көзіне іліне бермейтін қалтарыстағы олжаны алыстан аңғарып, жан баласына білдірмей қақшып ала қоятын.

Осындай теңдессіз шебер бол­ғанына қарамастан Болат ағаның соңынан шәкірт ермеді. Еретіндей де мүмкіндік тумады. Ол үшін кейінгі балалар Болат ағаның өзі секілді қыста қар кешіп, жазда жантақ жастанып, жаңбырға жуы­нып жүре беретін жанкешті болуы қажет еді. Сондықтан ол үнемі Сыр бойындағы қалың қамыс арасында қалып қойған сол баяғы жоталы жолбарыс құсап жалғыз жортты. Жалғыз жүріп-ақ жарты әлемге танылды.

Міне, енді Болат ағамыздың соңғы сағаты соқты… Талайды тамсандырған «стоп-кадр» осылай тоқтады. Әдетте «стоп-кадр» пай­да­ланылып болған соң жыбыр-жыбыр етіп, қайта жалғасатын. Қозғалысын кілт тежеп, бірден сіресіп қатып қалған бейнеге қайыра жан бітетін. Ал бұл «стоп-кадрдың» тоқтағаны тоқтаған енді… Маэстро мәңгілік мекеніне кетіп барады…

Бақұл болыңыз, аға!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

Филология ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының

корреспондент-мүшесі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: