«Ақмешіт апталығы» газетінің негізін қалаған белгілі азамат Әділхан Бәймен атындағы «Қалам қуаты» эксклюзив сұхбат байқауы қорытындыланды. Биыл Әділхан Бәйменнің туғанына – 80 жыл, өмірден өткеніне – 20 жыл, ал «Ақмешіт апталығы» газетіне – 30 жыл. Байқау жеңімпаздары Сыр мәдениеті мен руханиятына қомақты үлес қосқан қайраткерге арналған жиында марапатталды.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас бәйгесі облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі Назерке Саниязоваға берілсе, Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов ІІ орынды еншіледі. Ал әріптесіміз, «Ақмешіт апталығы» газеті бас редакторының орынбасары Дәулет Қырдан үздік үштікті түйіндеп, ІІІ дәрежелі жүлдегер атанды. Байқау жеңімпаздары «Сыр медиа» ЖШС атынан қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
– Жыл басынан бері Әділхан Бәймен ағамыз ашқан «Ақмешіт апталығы» газетінің 30 жылдығына, ағамыздың туғанына 80 жыл толуына арналған бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Басылымның әрбір санында «Газеттің негізін қалаған Әділхан Бәймен» деп, тайға таңба басқандай көрсетіп қойдық. Ағамыз мәңгі жасайды. Газет барда, ол оқырманмен бірге. Басылым негізін қалаушы тұлға салып берген сүрлеумен ұлт мәселесін, елдік мүддені сөз етіп, биік тұғырда келеді. Жыл сайын жаңа жобаларымен оқырмандарын қуантып жүр, – дейді ұйымдастырушы «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!