Қала әкімдігінің мәжіліс залында дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай «Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті арқылы жергілікті қоғамдастық қызметін дамыту» тақырыбында жиын өтті.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден және үкіметтік емес ұйым өкілдері, кент және ауылдық округ әкімдері мен жергілікті қоғамдастық мүшелері қатысты.
Кездесуді қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов ашып, жиылғандарды мерейлі мерекемен құттықтады.
– Сіздерді дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күнімен құттықтаймын! ҮТҰ өкілдері қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың нақты шешімін табуға белсенді атсалысып келеді. Халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғауда табандылық танытудасыздар. Қала әкімдігі үшін үкіметтік емес ұйымдар – сенімді серіктес. Алдағы уақытта да бірлесе қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді ол.
Жиында сөз алған «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
– Бүгінгі кездесу – азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, серіктестікті жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған маңызды диалог алаңы.
Қазіргі таңда әлеуметтік жобалардың маңызы артты. Сондықтан қоғам өміріндегі рөлі ерекше. Үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырып жатқан жобалар халықтың нақты қажеттілігін шешуге, әлеуметтік осал топтарды қолдауға, жастар мен әйелдердің бастамасын дамытуға, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Әлеуметтік жобаларды іске асыруға көрсетілетін мемлекеттік қолдау азаматтық сектордың әлеуетін күшейтіп, қоғам үшін нақты, әрі тиімді нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар елімізде жүзеге асып жатқан конституциялық реформалар аясында азаматтық қоғам институттарының рөлі едәуір күшейе түсті. Қоғамдық талқылауға қатысу, ұсыныс енгізу, кері байланыс орнату тетігі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, халықтың мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарға деген сенімін арттыруға бағытталған, – деді бірлестік төрайымы. Мұнан соң «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» үйлестірушісі Қ. Есбосын, Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы А. Жиенқожаева азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, жергілікті қоғамдастықтардың жұмысын жандандыру, ауылдық аумақтарды дамыту және әлеуметтік жобаларды тиімді іске асыру мәселелеріне тоқталды.
Жиын барысында жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігін арттыру, төртінші деңгейлі бюджетті енгізу және азаматтық сектордың әлеуетін дамыту бағытында маңызды ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында үкіметтік емес ұйым өкілдері қала әкімінің Алғыс хаты және арнайы сыйлықпен марапатталды.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!