Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Әуежайдың жаңа терминалы дайын

12.11.2024

220 0

Әуе қатынасы – облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне тікелей әсер ететін негізгі саланың бірі. Сыр өңірінде «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

Нысан таяуда табысталмақ. Бүгінде мұнда халықаралық стандарттарға сай келетін телескопиялық трапты монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Халықаралық талаптарға сай етіп салынған жаңа нысанда ішкі және халық­аралық рейстерге, транзиттік жолау­шыларға арналған CIP залдары, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медициналық пункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимаратта сағатына 250 жолаушыға 10 төл­­құжат бақылау кабинасы арқылы қызмет көрсетіледі.

Өткен жылы осы терминал жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға барлық инженерлік жүйелермен қамтылды. Ал биыл әуежайдың аумағы және оған іргелес аумақ абаттандырылды. Көгалдандыру жұмыстарынан бастап, кіреберіс жолы да салынды. Нақтыласақ, «Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата әуежайының аумағын абаттандыру, түзеу» жобасы бойынша аумаққа 615 шаршы метр гранит жабыны, 16,2 шаршы метр асфальт, 4038 шаршы метр кеспе тас және 3630 шаршы метр қиыршық тас төселді.

Сондай-ақ «Қызылорда қаласындағы әуежайдың іргелес аумағын абаттандыру құрылысы» жобасы бойынша 4 жолақты, ұзындығы 480 метр, әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол салынды.

– Бүгінде Президентіміздің, Үкімет­тің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқа­сында аймағымызда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Халық игілігіне арналған жаңа ғимараттар бой көтерді. Ең бастысы, құрылысты сапалы етіп салып, уақытылы аяқтап, елге табыстау міндеті күтілуде, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар жаңа терминалдың ашылуын күтіп жүрген тұрғандар да көп. Соның бірі – әуежай қызметін жиі тұ­тынушы қала тұрғыны Айбол Ахметов.

– Өзім басқа облыстарға жиі іс сапар­ға шығамын. Сондай сәтте уақытты үнемдеу үшін ұшақпен барғанды қалаймын. Енді жаңа әуежай іске қосылғанын күтіп жүрміз. Өйткені халықаралық рейстерге мүмкіндік бар. Ал осыған дейін шетелге шығу үшін Алматы, Астана әуежайлары арқылы ұшатынбыз, – дейді қала тұрғыны.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: