Көктемнің алғашқы күнінде елімізде «Алғыс айту» мерекесі атап өтіледі.
Мереке тарихынан бір-екі ауыз айтсақ, 2015 жылы күнтізбеге «Алғыс айту» күні мерекесі ретінде енді. Бұл күннің негізгі идеясы – ХХ ғасырдың зұлматты жылдарында туған жерінен жырақтап, қазақ даласын паналап келген өзге этностардың қиын күнде құшағын жайған, бір үзім нанды бөліскен қазақ халқының мейірімі мен қамқорлығына ризашылық білдіруі еді. Деректерге сүйенсек, сталиндік режиммен әр жылдарда 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың солтүстік Кавказ халықтарының өкілі, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасына қазақ даласы пана болды, қазақтың мейіріміне бөленді. Тарих таңбасы ел жадынан ұмыт қалған жоқ. Қиын-қыстау кезеңде бір ауыз жылы сөзге мұқтаж, қорғансыз өзге ұлт өкілдерін өзегінен теппей, маңдайынан сипаған қазақтың шексіз мейірімін олар ұмытқан жоқ. Әрине, бұл күн алғыс сұрау емес, атаулы күн арқылы тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу, өскелең ұрпаққа қиын уақытты көрсету арқылы тарихтан сабақ алуға шақыру. Айта кетелік, ғалымдар бұл айтулы күнді тарих ақтаңдақтарын ашу үшін қажет деп санайды.
Алғыс айту күні тек қазаққа тән мереке емесі белгілі. Әлемде мұндай мәндегі мереке көп кездеседі. Мәселен, 1621 жылы жергілікті үндістер Америка құрлығын отарлаушыларды қаһарлы қыстан аман алып қалып, ерекше ерлік танытқан. Кейіннен бұл күн Жаратушыға құлшылық ету мен көмек бергендерге ризашылық білдіру күні есебінде тойланған. Ал Джордж Вашингтон 1789 жылы ризашылық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялап, маңызын арттыра түскен. Мұндай мазмұндағы мереке Израиль, Вьетнам, Қытай, Жапония секілді елдер де мереке есебінде аталып өтіледі. Әрине, біздегі алғыстың орны бөлек. Бұл – қазақ жерінен пана тапқан өзге ұлт өкілдерінің кең пейіл жұртқа алғаусыз алғыс білдіретін күні. «Жақсы сөз жан семіртеді» дегенді қаперге алсақ, айтылған алғыс ұлт болашағын жарқын етуге жол ашары сөзсіз.
Бір айта кетерлігі, көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл мерекені өзге ұлт өкілдері ғана емес, жалпы жұрт жылы қабылдады. Жүректен-жүрекке жеткені сондай, барша жұрт бұл күнді соншалықты жып-жылы, ізгі мерекеге айналдырып жіберді. Бізге өзгелер алғыс айтсын деп күтіп отырмай-ақ, өзі бастап жақын-жуығына, дос-құрбысына, ағайын-туысына сол күні алғыс айту дәстүрге айналды. Бар дүние кішкентай ғана мейірімнің орнын баса алмайтынын кейде түсіне бермейтінімізге осы мысал да жетіп жатыр. Ендеше, көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту» күні ғой деген сылтаумен айналасына бұған дейін айта алмай жүрген жылы лебізін, жан жылуын төгіп жатса, неге қарсы болуымыз керек? «Алғыс айтатын біз емес» деп неге бетін қайтарамыз? Көктемнің алғашқы күні, «Алғыс айту» күні құтты болсын!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!