Сенбі, 28 наурыз, 01:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№22 (2234)
28.03.2026
PDF мұрағаты

Ақмарал тіккен  кимешек

28.03.2026

39 0

Ақ кимешек басымда,

Адалдықтың белгісі.

Елім есен, жұрт тыныш,

Амандықтың белгісі.

Ұлтымыздың үлгісі,

Салтымыздың үрдісі.

Тұр бойында жұртымның,

Арғысы мен бергісі, –

деген өлең жолдары салт-дәстүріміздің шамшырағын­дай болған әжелеріміздің ақ кимешегінің қадір-қасиетін айшықтап тұрғандай. Ал осы қасиетті бұйымды тігетін шеберлердің де өнері ерекше деуге болады. Он саусағынан өнері тамған осындай шебер ақ жаулықтыны біз «Анаға тағзым» орталығынан кездестірдік. Өн бойында иба мен әдеп тұнып тұрған Ақмаралдан сән-салтанаты келіскен ақ кимешекті тігудің құпиясын сұрадық.

– 6-сынып оқып жүргенде ораулы, ақ ши тоқу, жүн түту,  сабау, ақ бау тоқу, текеметке ою салу, тоқым жасауды, киіз басуды, жүн бояуды, кимешек тігуді  әжемнен үйрендім. Әжем шебер кісі еді. «Әйел затына қолөнер үйрену өте пайдалы. Үйіңді бүтіндейсің, ұқыпты боласың», – дейтін әжем. Ал тоқыма тоқу, арқан есу, жіп ширату, жіп төгу, тарқату, құрақ құрау,  түкті, тықыр кілем тоқуды  анам үйретті.

Кимешектің алдын «жақ» деп атайды. Оны қолмен кестелейді. Кимешектің «шылауыш»  деп аталатын түрін жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, әжелер де киеді. Кимешекті басқа сәйкес етіп өлшеп, пішіп, тігеді Кимешектің белден төмен түсіп, шашты жауып тұратын ұзын ұшы «құйрықша»  деп аталады. Кимешек кеуде, иық, жонды жабатындай тұйық етіп жасалады. Тек адамның бет-әлпеті ашық тұратын жері ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ал ойықтың жиегін өңді жіппен шалып тігеді. Мұны «алқым шалу» дейді. Кимешек киген келіннің басы, омырауы жылы жүреді. Бала емізгенде шаш көзіне түспейді. Кимешектің денсаулыққа да, тазалыққа да пайдасы орасан. Аналарымыздың көпшілігі тігін шеберіне кимешекті алдын-ала тіктіріп, сандық түбіне салатын көрінеді. Бұл қызының тұрмыс құрған соң, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілегеннен шықса керек. Кейбір аналар көнекөз қариялардың кимешектерін ырымдап әдейі сұрап алады, – дейді шебер Ақмарал Жұмағұлова.

Мұнан бөлек,  ісмер  Ақмарал  «Анаға тағзымның» төл туындысы «Өмір иірімдері», «Үкілі үміт» бұйымын тоқып, елдің ықыласына бөленген.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: