Жұма, 27 желтоқсан, 03:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ақынмен кездесу

24.09.2024

167 0

Балалар ақыны Рахат Наурызбаева – 80 жаста. Балалардың білімін шыңдап, қаламның ұшымен әрбір қазақ баласының қиялына қанат бітірген ақын өлеңдері баланы ойнатып отырып, ойландырады. «Сыр жұлдызы» балабақшасының балдырғандары балалар әдебиетінің сара жолын салып, балалар психологиясын жете меңгерген, тілі жеңіл, айтары мол қаламгермен кездесті.

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында өткен кешке ақынмен бірге қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Қарлығаш Сражадинова, балабақша ардагерлері мен ата-аналар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Іс-шарада алдымен «балаларға біз қай мемлекетте тұрамыз, ұлтымыз, тіліміз қандай» деген танымдық сұрақтар қойылды. Балақайлар туған жер, Қазақстан, қазақ тілі туралы өз білгендерін жарыса жеткізді.

Кеш қонағы Рахат Наурызбайқызының түрлі тақырыпта балаларға арналған  жырлары бар. Отбасына, балалар ойыншықтарына, туған жерге арналған жыр шумақтарын балалар жатқа оқыды. Тәрбиешілердің баланы өлең оқуға баулып, ұлттық құндылықтарды санасына сіңіріп жатқаны олардың талабынан байқалып тұрды. Ақын сөз алып, бүлдіршіндерге жүрекжарды тілегін жеткізді. Туған тілін, Отанын, туған жерін сыйлауға, құрметтеуге шақырды.

Рахат Наурызбаеваның 100-ден аса өлеңіне жазылған ән бар. Кеште «Татулықта күшіміз!», «Әжеммен қаламын», «Сыр елім» әндері балалар мен тәрбиешілердің орындауында шырқалды.

Тәрбиешілер Лаура Ишанбекқызы, Алия Мұратбекқызы, Қарақат Нұрсұлтанқызы да ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, бүлдіршіндерге үлгі көрсетті. Одан кейін әуеннің ырғағымен балалар ақын кітаптарын ұстап ортаға шықты. Кітаптар шеруі өтіп, ақынның шығармалары таныстырылып, насихатталды.

Кеш соңында балабақша меңгерушісі Гүлден Жантасқызы сөз сөйлеп, мән мен мағынаға толы, әсерлі кешке қатысушылар мен қонақтарға алғысын айтты. Рахат Наурызбайқызының шығармашылығын алдағы уақытта да балабақша ұжымы насихаттай беретінін жеткізді.

Әлия МАХАНОВА,

«Сыр жұлдызы» балабақшасының тәрбиешісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: