Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 12:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Арал теңізінің құрғаған табаны «жаңа дәуір мұнайының» көзі ме?

20.04.2024

643 0

Сурет:yagazeta.com

Сарапшылар «электроника дәуірінің мұнайы» деп атаған литий өндірісіне әлем көз тігіп отыр. Дүниежүзілік банктің есебіне сүйенсек, 2050 жылға қарай таза энергия көздеріне сұраныс арта түспек.

Алдағы уақытта сирек кездесетін металдар, әсіресе, мыс, графит, литий, кобальт сынды минералдардың өндірісі 500 пайызға ұлғаюы мүмкін деп болжануда. Оның ішінде литийге деген сұраныс жоғары. Қаржы сарапшысы Асылхан Аңдашевтің «Курсив» газетіне берген пікіріне сүйенсек, 1991 жылы Sony компаниясы алғашқы литий-иондық батарея шығарғаннан бастап литий электроника саласында жоғары сұранысқа ие шикізатқа айналды. 1995 жылы әлемдік литий өндірісі 9,5 мың тоннаны құрап, оның 37 пайызын АҚШ өндірді. Қазіргі таңда әлемдік литий өндірісі 100 мың тоннадан асып жығылып, өндіру жағынан Аустралия алға шықты. Әлемдегі литий өндірісінің 90 пайызын Аустралия, Чили және Қытай өндірсе, АҚШ үлесі 1 пайыз ғана. Сарапшының айтуынша, литийге деген сұраныс соңғы онжылдықта ғана қатты өскендіктен әлемдегі қоры әлі де дұрыс зерттелмеген.

Кейінгі жылдары литий өндірісіне Қытай мемлекеті қатты қызығушылық танытуда. Сирек кездесетін қымбат металл түрін өндіруге білек сыбана кіріскен қытайлықтар өз жерінде ғана емес, Африка елдеріндегі литий кен орындарына инвестиция құюды ұлғайта түскен. Осы орайда Қытай литий өндірісіне соншалықты неге қызықты деген сұрақ туындайтыны заңдылық. Тағы да сарапшылар пікіріне сүйенсек, әлем бойынша ең ластаушы ел қатарына жататын Қытай экологиялық таза көлік өндіруді қарқынды дамытуда. Ал бұл өндіріске литий аса қажет. Сол себепті де қытайлықтар өзіндегіні ғана емес, өзге елдегі кен орнын игеруге қаржы құюда. Ақпарат көздерінде жарияланған деректерге сүйенсек, қазіргі таңда осы металдың көп бөлігі тікелей электроника саласына пайдаланылуда. Мәселен, 2010 жылы өндірілген литийдің 27 пайызы ғана электроника саласында қолданылса, қазіргі таңда  74 пайызға жеткен. Жалпы литий өндірісіне жалғыз Қытай ғана емес, әлемде экономикасы жағынан көшбасшы елдер көз тігіп, тіпті бәсекелестік пайда болған десек, артық емес. Еуропа елдерінде, оның ішінде Франция, Германия, Сербия сияқты елдерде литий өндіру жолға қойылуда. Себебі де белгілі. Соңғы жылдары әлем көміртектен бас тартып, экологиялық таза энергия тасығыштарға назар аударуда. Бұл мақсатта өзге шикізаттармен қатар литийдің орны бөлек. Жоғарыда айтып өткеніміздей әлемде электромобильдер паркі көбейіп келе жатқаны белгілі. Ал экологиялық таза көліктің қуат көзі – литий-ионды аккумулятор.

Әлем көз тіккен литий өндірісіне Қазақстанның әлеуеті қандай дегенге келсек. Біздің елде Шығыс Қазақстанда литий қоры бар. Сарапшылар пікірінше, біздегі бұл сирек кездесетін металды өндіруге Оңтүстік Корея тіпті Ресей де қызығушылық танытуда. Мемлекет басшысы биылғы мемлекетінде өткен БОАО форумында сирек кездесетін шикізатты өндіру саласындағы ынтымақтастық туралы айтты.

– Сирек кездесетін металдар көптеген технология үшін аса маңызды компонентке айналды. Олар өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, ғарыш және қорғаныс сияқты стратегиялық салаларда мүлдем қалдық болмайтын деңгейге жету үшін қажет. Біз уран, литий, титан және басқа да сирек кездесетін элементтердің ірі кен орындарын игерудің ең тиімді тәсілдерін қолдану мақсатында халықаралық серіктестермен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алтыннан да қымбат металдың көзі Арал өңірінен де табылуы мүмкін. Жақында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау кен компаниясы Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражатына Арал өңіріндегі тұзды көлдердің суында литийдің бар-жоғын анықтау үшін зерттеу жүргізбек. Бұл туралы компанияның кәспкерлікті дамыту жөніндегі бас директоры Нариман Әбсаметов мәлім­деді. Оның айтуынша, Қазақстан Оңтүстік Америка елдеріне ұқсайды, мұнда литий тұзды ерітінділерден өндіріледі. Атап айтқанда, бұл металдың қоры бойынша әлемде бірінші орында тұрған Чилиде литий осылай өндіріледі. Жоба бойынша жұмыс басталып кеткен. Арал өңірінде литийді іздеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкі 400 мың еуро грант бөлді. Жоба екі жыл ішінде жүзеге аспақ.

Орайы келгенде жергілікті ғалымдардың пікіріне құлақ астық.

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Инжи­нирингтік тех­нологиялар» білім беру бағ­дарламасы оқытушысы, техника ғылымдарының ма­гистрі Ербол Серікбаев литий өн­діруге мүмкіндік болса, оның  пайдасымен қоса кері әсері бар екенін айтты.

– Әлем бойынша салыс­тыратын болсақ, Боливия, Аргентина елдерінде литий қоры көп. Бұл мемлекеттер де литийді Арал теңізі сияқты тартылған теңіз табанындағы сордан алады. Ал кейбір елдерде саздың ішінен алады. Литий әлемде жоғары сұранысқа ие. Оның бағасы алтын, платинадан да қымбат. Бұл сирек кездесетін металға жатады. Бірақ экологияға зияны көп. Оны өндіру барысында ауаға ауыр металдар бөлінеді. Дегенмен әлемдік тәжірибелерді қарайтын болсақ, экологияны ластайды деген қар­сылықтарға қарамастан жаңа тех­нологияны пайдалану арқылы еш зиян келмейтінін дәлелдеген. Арал сорларынан литий өндіру – әлі болжам. Әзірге зерттеуге қаржы бөліп жатыр. Дегенмен литий өндірудің қоршаған ортаға зияны бар, – дейді ғалым.

Қалай айтқанда да, әлем ел­дері келешекте мүлдем қалдық қал­дырмайтын деңгейге жету үшін де осы алтыннан да бағалы металға көз тігіп отыр. Ал Арал теңізінің сорынан литий өндіру – уақыт еншісінде.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: