Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері мен тиісті салалық басқарма басшыларының қатысуымен «АРТспортқа» қатысты жиын өтті.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес облыстық прокуратура жанынан құқық қорғау органдары өкілдерінен тұратын жұмысшы тобы «Артспорт» бағдарламасымен жұмыс істейтін өнім берушілерге тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын бұған дейін айтқан едік. Бүгінде жұмысшы топ тарапынан 19 субъектінің жұмысы сараланып, нәтижесінде 127,2 млн теңге қаражатын заңсыз иемдену фактілері анықталған. Оның 106,1 млн теңгесі мәдениет саласына, ал 21,1 млн теңгесі спорт саласына тиесілі.
Сонымен бірге тиісті басқармалармен қатар, жергілікті атқарушы органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің көмегімен «Даму бала» платформасына тіркелген балалардың ата-аналары 5740 баланың шын мәнінде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыспайтынын растап отыр. Күшейтілген зерделеу нәтижесінде өнім берушілер тарапынан жалған тіркелген 13 731 бала тізімнен алынып тасталды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов аталған бағыттағы жұмыстарды тиісті мамандарды жұмылдыра отырып күшейтуді және жеделдетуді тапсырды.
Айта кету керек, мәдениет, спорт саласы басшыларының тарапынан зерделеу қорытындысымен 125 кәсіпкермен келісім-шарт біржақты бұзылған. Оның ішінде 55 кәсіпкер өз еркімен жұмысын тоқтатты. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер заңсыз иемденген қаражатты өз еркімен бюджетке қайтаруда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.
Ал облыс әкімінің тапсырмасымен жыл көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде бұл мақсатқа қаралған қаржының 3 млрд теңгеден астамы бюджетке қайтарылды.
Дәулет ТҰРСЫНХАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!