Ел үмітін арқалап, тәуелсіз қазақ елінің жарқын болашағына деген сенімін нығайтып жүрген өскелең ұрпақ көп. Қатарының алды болып, көш бастаған осындай таланттың бірі – Асқар Нұғыман. Ол Қызылорда қаласындағы Байзақ Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейінің 8-сыныбында оқиды.
Асқар – есептен есе жібермейтін жүйрік. Математика пәніне ерекше қызығушылық танытып, осы бағытта білімін шыңдап жүрген жас дарын республикалық олимпиаданың қалалық бірнеше кезеңдерінде жүлделі орындар иеленіп, мектебінің, ұстаздарының және ата-анасының үмітін ақтап келеді. «Жетістігімнің сыры – тынымсыз еңбек пен үлкен мақсатта, – дейді ол.
– Ең алғаш қатысқан жарысың қандай? Қалай дайындалдың, қорқыныш болды ма?
– Менің алғашқы үлкен олимпиадам республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі болды. Мен бұл додаға 7-сыныпта қатыстым. Ол сәт әлі күнге дейін есімде. Алғашқы үлкен жарыс болған соң, жүректе қобалжу мен толқу қатар жүрді. Дегенмен мен бұл сынаққа мұғаліміммен бірге тыңғылықты дайындалдым. Сабақтан кейінгі уақыттарда қалып, есеп шығарып, әрбір тапсырманың шешу жолын терең түсінуге тырыстым. Сол дайындықтың нәтижесінде бойымдағы үрейді жеңіп, өз-өзіме сенімділік артты. Қобалжуды жеңіп, білімімді дәлелдей алдым. Сол олимпиадада жүлделі II орын иеленіп, алғашқы үлкен жетістігіме қол жеткіздім. Бұл жеңіс маған шабыт беріп, алда талай асуларды бағындыруға деген сенім сыйлады.
– Кімнен мотивация аласың? Кімге еліктейсің?
– Иә, мен мотивацияны ең алдымен өз ұстаздарымнан аламын. Әсіресе Ислам Садықов ағайды үлгі тұтамын. Ол кісі өте сабырлы, байсалды. Сабақты әрдайым түсінікті әрі қызықты жеткізеді. Сонымен қатар киіну мәнері де, сөйлеу мәдениеті де ерекше. Ислам ағайдың ұстаздық болмысы мені қатты қызықтырады. Сол кісіге қарап, мен де келешекте дәл осындай ұстаз болғым келеді. Тек білім беріп қана қоймай, оқушының бойына тәрбие мен мәдениетті сіңіре алатын адам болу – мен үшін үлкен арман.
– Бұл жетістіктерге қалай жеттің?
– Әрине, менің бүгінгі жетістігім – жалғыз менің еңбегім емес. Бұл жолда мені дайындап қана қоймай, үнемі жанымнан табылып, қолдау білдірген ұстазым Ботагөз Шырақбаева апайыма ерекше алғыс айтамын. Ол кісі мен үшін тек пән мұғалімі емес, өмірлік бағыт көрсеткен жан. Әрбір сайыс алдында демеу беріп, сенімін білдіргенінің өзі мені алға жетеледі. Сондай-ақ ата-анамның орны мен үшін бөлек. Олар әрдайым маған сеніп, қолдап отырды. Жарыс алдында сабыр беріп, жеңіске жеткенде ең бірінші қуанып, үнемі жанымнан табылады. Ата-ананың тілегі мен батасының артында үлкен күш бар екенін күн сайын сезінемін. Осы жетістіктерім – ұстазым мен ата-анамның маған деген сенімінің жемісі.
– Арманың қандай? Болашақта кім болғың келеді?
– Ең үлкен арманым – мықты азамат болып өсу. Жауапкершілікті сезіне алатын, еңбегімен елге пайдасын тигізетін адам болғым келеді. Әзірге нақты бір мамандық таңдап үлгермесем де, жүрегіме жақын сала – математика. Сол себепті болашақта математика пәнінің мұғалімі болу ойымда бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!