Қала іргесіндегі Ақжарма ауылдық округіне екі бірдей елді мекен қарайды. Бірі – Баймұрат батыр ауылы болса, екіншісі – Талдыарал елді мекені. Ұлу жылы мұндағы жұрттың қуанышын еселеп, жылжабар жетістігін түйіндеп кетті. Елдің көптен күткен «көгілдір отыны» қосылды. Бүгінде ауылдағы ағайын шат-шадыман күйде.
Ұлу жылының соңғы күні Ақжарма ауылдық округі халқының қуанышын еселеді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен ауылды газ желісіне қосу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңірін айрықша қолдауының арқасында бүгінде облыс қарқынды дамуда. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындамыз. Жыл бойы Президент пен Үкіметтің ерекше қолдауымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық серпінді дамуын тұрақты түрде қамтамасыз еттік. Облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты, осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады. Атқарылған әрбір игілікті іс елді мекендер тіршілігінің тамырына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады. Қызылорда қаласының бюджеті жыл басында 58,2 млрд теңгемен бекітілсе, жыл қорытындысымен 113,1 млрд теңге болды, яғни 94,3 пайызға артты. Бұл қаржы тұрғындар сұранысына сай өзекті мәселелерді шешуге бағытталды. Ауылдың дамуы, келешегінің зор болуы – сіздердің еңбексүйгіш, әрі ауызбіршіліктеріңізге тікелей байланысты. Ауылдарыңызға келген «көгілдір отын» халықтың тұрмыс сапасын арттырып, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміз. Бүгінгі үлкен қуаныш барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жаңа жыл құтты болсын! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада Сенат депутаты Руслан Рүстемұлы жұртшылыққа лебізін жеткізіп, қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы батасын берді. Ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтарға және мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Елді мекендегі қоғамдық кеңестің төрағасы Есентай Ізтілеуов «көгілдір отынның» келуі тек экономикалық емес, экологиялық бағытта да тиімділігін көрсететініне сенімді.
– Қазірдің өзінде ауыл жасыл-желекке айналған. Алдағы уақытта енді отын іздеп қажеті жоқ. Табиғи газды қолданудың пайдасы сонда жатыр. Жан-жағымыз ну орманға айналса, желді, бұрқасын дауылды ұстайды. Ауа тазарады. Біз осылай экологиямызды да, экономикамызды да арттырған бұл іске ерекше қуандық, – дейді ол.
Темірбек Қазымбеков – елді мекендегі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Халықтың қуанышын еселеп, мерейін үстем еткен игі іске қуанып отыр. Негізінен биылғы мамырда бітуі керек жұмыстың мерзімінен бұрын ел игілігіне берілгеніне риза.
– Біріншіден, отын жағып, күл шығарудан босадық. Келіндердің әр күнінен көріп отырмыз, түн жарымға дейін от жағады, таңғы алтыдан тағы да үйді жылыту қамында жүреді. Осы бейнеттен арылдық. Үйінде жасы үлкен қариясы мен кішкентай баласы бар үйдің тірлігі – осы. Оның арғы жағында отын-көмір сатып аласың – мұның бәрі қалтаға салмақ. Сондықтан табиғи газға қосылу – халыққа сапалы жағдай жасаумен қатар, экономикалық жағынан тиімді екенін айту керек, – дейді ол.
Ауыл тұрғыны кейінгі уақытта елді мекенге жасалған жағдайдың ауқымды екенін ерекше атап өтті. Мәселен, заманауи үлгідегі аялдамалар салынған, бірнеше көшеге тас төселді, тағы бірнеше көшеге жарық жүргізілген.
– Мемлекеттік деңгейдегі әрбір істің түпкі мақсатында ауылды дамыту тұрады. Елді мекендерді қолдау арқылы халықтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасалып келеді. Өткен жылы пайдалануға берілген амбулаторияның өзі төбемізді көкке жеткізді. Бұрынғы көне ғимарат салқын болатын. Қанша от жақса да жылымайтын. Бір жасап қалдық. Енді жөнделу керек, он шақты көше бар еді, оған да биыл қаражат бөлініп жатыр екен. Ауылдың көркеюі көңілімізді көкке көтереді, – дейді Темірбек Қазымбеков.
Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі ауылдық округтің бүгінгі тыныс-тіршілігі жарқын болашаққа деген үмітіміздің сәулесін жарқырата түскендей. Әсіресе, қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар мен әр саладағы жаңашылдықтар еліміздің әл-ауқатының да артып келе жатқанын аңғартқандай.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!