Адамзаттың аспанға алғашқы қадамын бастаған жер кіндігі – «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына – 70 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көкке тіке жол салған айлақтың мерейтойымен құттықтады. Ел Президенті әлем көзін қадаған өңірдің алдағы уақытта да озық инновациялардың қайнар көзі болатынына сенім білдірді.
– Біз әлемдегі ең ірі ғарыш айлағының қазақ жерінде орналасқанын ерекше мақтан тұтамыз. Халқымыздың қаһарман ұлдары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов осы арадан космосқа аттанды. Еліміз халықаралық ғарышты игеру ісінің белсенді мүшесі саналады. «Байқоңыр» айлағы – Қазақстан мен Ресейдің достыққа, тату көршілікке және өзара түсіністікке негізделген ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігінің жарқын көрінісі.Соңғы онжылдықтарда Қазақстан ұлттық экономиканың дамуына ықпал ететін бірқатар ауқымды ғарыш жобаларын іске асырды. Еліміз Байқоңырды халықаралық ынтымақтастықтың, ғылым мен білімнің және туризмнің орталығына айналдыруға ұмтылады. Ғарыш қызметінің жаңа нарығына шығу, жас инженерлердің, конструкторлар мен ғалымдардың әлеуетін арттыру жарқын болашаққа жол ашады, – деді ол құттықтау сөзінде.
Екі ел үшін де маңызы жоғары шаһардың мерейтойына Ресей Президенті Владимир Путин де арнайылап ақ тілегін жеткізген. «Сатурн» мәдениет және кино залында өткен іс-шарада екі ел Президентінің құттықтауы бейне арқылы көрсетілді.

Мерейтой аясында майдангерлерге, интернационалист жауынгерлерге және Байқоңырдың дамуына үлес қосқан ардагерлерге тағзым ретінде ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов, «Роскосмос» корпорациясының бас директоры Дмитрий Баканов және Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин құттықтау сөз сөйлеп, Байқоңырдың екі ел үшін де стратегиялық маңызына тоқталды.

«Байқоңырдың» 70 жылдық мерейтойы аясында қала орталығында ашық аспан астындағы мұражай ашылды. Бұл – ғарыш саласындағы ұлы жетістіктер мен техникалық дамудың нақты үлгілерін көзбен көріп, тарихпен тірі байланыс орнатуға мүмкіндік беретін бірегей орын.
Мұражай экспозициясы кең аумақта орналасқан. Мұнда әртүрлі кезеңдерге тиесілі зымырандар, ғарыштық техника үлгілері, жерүсті басқару кешендерінің бөлшектері, тіпті нақты тарихи миссияларға қатысқан құрылғылар да қойылған. Барлығы – Байқоңырдың бай тарихын жан-жақты көрсетіп, оның әлемдік ғарыш кеңістігіндегі орнын айқындайды. Бұл жай ғана техника көрмесі емес – әр экспонаттың артында адамдардың ерен еңбегі, инженерлік жаңалықтар мен батыл шешімдер жатыр. Музейге келген әрбір қонақ осы атмосфераны сезініп, Байқоңырдың шынайы рухын түйсіне алады.
Ашық аспан астындағы мұражай – бұл ғылым мен технологияны дәріптеп қана қоймай, жас ұрпаққа шабыт сыйлайтын, тарих пен болашақтың арасындағы алтын көпір. Ғарышқа ұмтылған адамзат арманын көзбен көруге, жанмен сезінуге мүмкіндік беретін ерекше мәдени кеңістік.
Айта кетейік, Байқоңыр кешенінде табанды еңбек етіп, даму жолында аянбай тер төккен жандар марапатқа ие болды. Оларға «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі мен «Ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық медальдер табыс етілді. Кеш соңында өткен мерекелік концерт ерекше көңіл-күй сыйлап, Байқоңырдың рухын асқақтатты. Байқоңыр – бұл тек ғарыштың қақпасы ғана емес, ғылым мен ынтымақтастықтың символы.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!