Жаздың соңғы айларында ата-аналар үшін қарбаласқа толы күндер басталады. Мектеп формасы мен оқу құралдарын сатушылар үшін нағыз сату маусымы да осы уақыт. Себебі алда 1 қыркүйек – Білім күні келе жатыр.
Иә, жаңа оқу жылының басталуына бір-ақ апта қалды. Тамыз басталысымен оқушының мектепке керек-жарағын түгендеу ата-ананың басты мәселесіне айналатыны рас. Мектеп формасынан бастап, оқуға қажетті құрал-жабдықтарын түгел алу үшін де қомақты қаражат керек. Бүйірден қысқан қымбатшылыққа қарамастан баланың көңілі үшін қалағанын алып беруге тырысасың. Баланы мектепке дайындау үшін аз қаражат кетпейтіні белгілі.
Бүгінде базар іші бірыңғай мектеп формасы мен оқу құралдарына толып тұр. Ал бағасы бірінен-бірі асады. Ізіне оқушы баласын ерткен көпшіліктің де қарасы қалың. Бәрінің іздегені сапалы әрі қалтаға салмақ салмайтын мектеп формасы.
– Биыл 3 баланы мектепке дайындап жүрмін. Үшеуі де ер бала. Мектеп талабына сай ақ жейде, көк түсті шалбар алдым. Базар бағасы арзан дей алмаймын. Бірақ саудаласып бағасын түсіруге болады. Баға сапаға да байланысты ғой. Мысалы жейде – 5-6 мың теңге шамасында, костюм-шалбар – 25 мың, аяқкиім – 8 мың теңге, спорттық аяқкиім де – 8-10 мың теңге шамасында болды. Сөмкелердің ең арзаны 3 мың теңгеден басталады. Алайда сапасы төмен болғандықтан оны ала алмадық. Балалардың ұнатқан сөмкесі 9-14 мың аралығында болды. Үшеуі де жоғары сынып болғандықтан киімді де, оқу құралдарын да өздері таңдап, ұнатқандарын алды. Оқу-құралдарын қосқанда 150 мыңнан астам қаражат жұмсалды, – дейді Гаухар есімді қала тұрғыны.
Мектепке дайындық бағасын бағамдау үшін біз де базарға бет бұрдық. Мектеп формасының шілде айындағы бағасымен қазіргі бағасында аз-кем өзгерістер бар. Тамыз айы дайындықтың нағыз қызатын шағы болғандықтан ба, баға да өскен. Бұған дейін 17-18 мың теңге көлеміндегі костюм-шалбар расымен 25 мыңға жетіпті. Ал жейде бағасы сапасына қарай 5000-10000 теңге аралығында. Одан бөлек қыздарға ақ колготки – 1500-2000, гольфы – 700, майка – 1500, бантик – 500 ден жоғары. Ал ер балалардың шалбары – 5000-нан басталады. Бұл базардағы орташа баға. Ерінбей іздесеңіз арзанын табуға болады. Кей жерлерде жеңілдікпен сатылып жатқаны да бар.
Бүгінде қалада базардан бөлек сауда орындарының көптеп ашылуы да бәсекелестікті арттырған. Бір жақсысы, қазір базар бағасымен бірдей сататын дүкендер де бар. Күннің аптап ыстығында базар аралағаннан гөрі осындай дүкендерден киінгенді жөн көретіндер де жоқ емес. Солардың бірі – Ұлболсын есімді қала тұрғыны.
– Екі немеремді мектепке дайындадым. Үлкен немере қызым 4 сыныпқа, кішісі 1 сыныпқа барады. Биылғы мектеп формасын базардан емес, дүкеннен алдым. Онда Түркияның орташа сападағы жейдесі 5000-6000 теңге. Шалбар, белдемше де сол шамада, ал костюм-шалбары жакетімен бірге 18 мыңнан басталады екен. Одан бөлек майканы – 700 теңгеге, ұл балаға ременьді – 900 теңгеге, екеуіне аяқкиімді – 10 мыңнан 20 мыңға алдым. Сөмкелердің сапалысы 7 мыңнан 12 мыңға дейін барады. Орташа сападағы сөмкені екеуіне 11 мың теңгеге, колготкиді 1500 теңгеге алдым. Қытай сайты арқылы гольфы, бантикке тапсырыс бердік. Оқу құралдарына 20 мың теңге жұмсадым. Бас-аяғы 100 мыңның шамасында қаражат кетті. Аса қымбат емес, орташа бағада алғандықтан екеуіне 100 мыңды қымбатсынбадым. Себебі мектеп формасын ауыстырып киюге бірнешеуін алдым, – дейді қала тұрғыны.
Жоғарыда айтып өткендей, базарлар мен сауда дүкендерінің көбеюі тұрғындардың талғамы мен талабының өзгеруіне де әсер етуде. Базар бағасын бағамдап, саралайтындар бұдан да арзанға алады. Мәселен, Махаббат Сабыржан есімді ата-ана биыл 3 баласын мектепке дайындауға 120 мың теңге қаржы жұмсапты.
– Базар аралап жүріп мектеп формасының жеңілдікпен сатылып жатқанын байқадым. Өзге сатушыларда да осы өнімдер. Айырмашылығы тек бағасында екен. Жейдені – 3 мың, спорттық киімді – 7 мың, аяқкиімді – 6 мың теңгеге алдым. Одан бөлек бантик, шұлық, майка сынды майда-шүйде дүниелері бар. Ал оқу құралдарына – 35 мың теңге жұмсадым. Биыл мектепке дайындыққа жылдағыдан аз қаржы жұмсалды, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Қалай десек те, бір жалақыға қараған отбасы үшін 100-150 мың теңгенің өзі біраз ақша. Ал үйде бірнеше бала мектепке барса ата-анаға қиын-ақ. Қазір бұрынғы кездегідей үлкенін киіндіріп, кішілері одан қалғанды киеді деген түсінік жоқ. Бәріне бірдей жаңасын әрі өзі ұнатқанын алып бересің. Осылайша бір айлық жалақыңды түгелдей балаға жұмсап, келесі жалақыға дейін әупірімдеп күн көретіндер қаншама. Осы ретте көп балалы отбасылар үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің барын да айта кеткен жөн сияқты. Жаңа оқу жылында мектепке дайындық үшін көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан бір реттік ақшалай көмек беріледі. Биыл мұндай отбасыдағы әр оқушы балаға 43 мың теңге көлемінде ақшалай көмек тағайындалған.
Ал жыл сайын аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін әлеуметтік көмек көрсету «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы жүзеге асып келеді. 1 тамызда басталатын бұл акция қыркүйектің соңына дейін жалғасады.
Аталған акция биыл да жалғасын тапқан. Қалалық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, аталған акция аясында биыл 1400-ден аса оқушыға көмек көрсетілген. Оның ішінде сөмке мен оқу құралдары, спорттық киім және қаржылай көмегі бар.
А.Сейіл
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!