Биыл халықты баспанамен қамтамасыз ету, елді мекендерді газдандыру, жылу орталықтарын жөндеу, жол салу бойынша жұмыс қарқынды жүрмек. Мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларын іске асыру мақсатында Үкіметте кеңес өтті. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында елді елең еткізер жағымды жаңалықтар айтылды. Соның бірі – халықтың баспанаға мұқтаждық мәселесін шешу.
«Біз Президенттің ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларының уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Әрбір министрге және әкімге, ұлттық компаниялардың басшылығына жұмысты күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Тұрғындар нақты өзгерістерді көруі қажет. Толық қайтарыммен жұмыс істеу және жоғары нәтиже тиімділіктің көрсеткіші болмақ», – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
– Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Ел Президентінің құрылтайда айтқан ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларын іске асыру тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов кеңес өткізді. Үкімет кеңесінде белгілі болғанындай, азаматтардың баспаналы болуын қамтамасыз ету үшін Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін қосымша 272 млрд теңге қаржы бөлінбек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Отбасы банк» 300 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыз беретін жаңа бағдарламаны іске қосады.
Жаңа бағдарламаға жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде ақша жинау бойынша міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде тұрғандар қатыса алады. Бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен қосымша 12 мың баспанаға мұқтаж отбасын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жалпы биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл сондайақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бұл бұрынғы жоспарланған жылдық көрсеткіштен 2,5 млн шаршы метрге артық.
Бір сөзбен айтқанда, елімізде тұрғын үй құрылысы қыза түспек. Ең бастысы, жұмыс нәтижесі де, жаңа бағдарлама да бір баспананы арман еткен халықты қуантуды мақсат еткені белгілі. Демек, биыл қоныстой көбейген жыл болмақ.
Президент тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту мәселесі бойынша қолданыстағы 55 жылу көзін жөндеуді және кемінде 6,5 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуды тапсырды. Бұл мақсаттарға 650 млрд теңге инвестиция тартылатын болады.
Еліміздің жол желісін дамыту бойынша Президент айтқан 12 мың шақырым автомобиль жолдарын реттеу үшін Үкімет ағымдағы жұмыстардан бөлек, қосымша 2,5 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Бұл мақсаттарды іске асыру үшін шамамен 1 трлн теңге инвестиция бағытталатын болады.
Бұл жай-күйі жақсы және қанағаттанарлық республикалық жолдардың үлесін 93%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ қосымша 24 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы кемінде 1,7 мың шақырым желіні жаңғырту міндетін қойды. Бұл 300 мыңнан астам азаматқа көгілдір отынды қолжетімді етеді. Осыған байланысты Үкімет биыл жоспарланған 46 елді мекеннің орнына 87 елді мекенді газдандырмақ. Осылайша, 63 мыңнан астам адам жеделдетілген шаралармен газбен қамтамасыз етілетін болады, яғни қамту іс жүзінде 2 есеге ұлғайтылды. Бұл мақсаттарға 195 млрд теңге бөлінетін болады. Үкімет басшысы биыл 1 сәуірге дейінгі мерзімде жобаларды қаржыландыру кестесін уақтылы ұсынуды тапсырды. Бұл кесте жобалардың әрі қарай іске асырылуын күнделікті бақылауды да көздейтін болады.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!