Қазақстанда қаржы жүйесін цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Соның ішінде цифрлық теңге жобасы – ел экономикасындағы ірі реформалардың бірі. Бастама мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруға, ашықтықты арттыруға бағытталғанымен, оның айналасында жаңа қауіптер де пайда болуда.
ҚР Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі Бинұр Жаленовтың мәлімдеуінше, айналымда шамамен 300 миллиард цифрлық теңге бар. Ал барлық мемлекеттік қаржыны цифрлық теңгеге ауыстыру үшін 3-5 жыл қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша алдағы жылдары барлық бюджеттік және квазибюджеттік шығыстар цифрлық форматқа көшуі мүмкін.
Цифрлық теңге арқылы бөлінген қаражат нақты мақсатқа ғана жұмсалады. Мәселен, жол құрылысына бөлінген қаржы тек құрылыс материалдары мен тиісті қызметтерге ғана жұмсалып, басқа бағытқа аударылмайды. Мұндай тәсіл бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуын шектеп, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық теңге – жүйесі транзакцияларды автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Егер қаржы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін бағытқа жіберілсе, операция жүзеге аспайды. Бұл – мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тетігі.
Цифрлық теңгеге қатысты тағы бір өзекті мәселе – алаяқтық әрекеттердің көбеюі. Қазақстан Ұлттық Банкі соңғы уақытта цифрлық теңгеге байланысты жалған инвестициялық ұсыныстардың жиілегенін ескертті. Алаяқтар әлеуметтік желілер арқылы «цифрлық теңге – мемлекеттік инвестициялық жобасы» деген атаумен жарнамалар таратып, азаматтарды алдауға тырысуда.
– Халықты жоғары табыс уәделерімен қызықтырып, қысқа мерзім ішінде үлкен пайда табуға болатынын айтып, мемлекет пен Ұлттық Банктің қолдауын сылтау етеді. Осы арқылы олар азаматтарды арнайы фишингтік сайттарға бағыттайды. Мұндай сайттарда «шектеулі ұсыныс» немесе «соңғы мүмкіндік» деген психологиялық қысым тәсілдері қолданылады, – делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.
Жалған платформаларда пайдаланушыларға «өсіп жатқан пайда» көрсетіліп, оларды қайтадан ақша салуға итермелейді. Нәтижесінде азаматтар өз қаражатын алаяқтарға өз еркімен аударып, қаржылық шығынға ұшырайды.
Ұлттық Банк ақпараты бойынша цифрлық теңге тек ұлттық валютаның цифрлық нұсқасы және заңды төлем құралы. Яғни, ол инвестициялық құрал емес және табыс табуға арналмаған. Сондықтан цифрлық теңгемен байланысты кез келген «инвестициялық ұсыныстар» – жалған ақпарат.
Реттеуші орган азаматтарды сақ болуға шақырады. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді жарияламау қажет. Сонымен қатар SMS-кодтар мен банк картасының мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеу – қаржылық қауіпсіздіктің басты шарты. Цифрлық теңге ел экономикасының тиімді жұмыс істеуіне бағытталып, қаржылық ашықтық пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!