Сейсенбі, 09 желтоқсан, 01:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94 (2206)
09.12.2025
PDF мұрағаты

Дарынды балалар мекені

09.12.2025

34 0

Шәкірті биіктен көрінсе ұстаз мерейі арта түседі. Мектептің бәсекеге қабілеттілігі түлектерінің деңгейімен өлшенсе керек. Тарихы терең, тағылымы мол Нағи Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясы бүгінде  сол мақсаттан шығып келеді. Бұл мектеп бүгінде қаламыздағы ең таңдаулы білім ордасының біріне айналған. Мұнда қазақ-орыс  сыныптары бар. Өрендер 2 ауысымда оқуда. Олардың ішінде алтын ұяның мерейін үстем етіп, мақтанышқа айналғаны көп. Оқушы жетістігі әрқашан ұстазын қуанышқа, шаттыққа бөлейді. Өнерде де, білімде де, спортта да биік белестен көрініп жүрген жеткіншектер – мектеп мақтанышы.

Қазір білімдінің кезеңі. Яғни, оқушыларға бағдар беру үлкен жауапкершілікті талап етіп отыр. Балалардың кез келген жетістігін сынып та, мектеп те насихаттап, талабын ұштап отыру әркез маңызды. Бұл тұрғыдағы жұмыс мектеп директоры Бекзат Сағындықұлының қолдауымен жоғары деңгейде жүргізіліп келеді.

– Нағи Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясы – сапалы білім мен тәрбиені, үздіксіз даму мен кәсіби шеберлікті басты мақсат еткен оқу ордасы. Мектеп ұжымы мен оқушылары жыл сайын түрлі деңгейдегі олимпиадалар, ғылыми жобалар және кәсіби байқауларда жоғары нәтижелер көрсетеді. Бүгінде үздіктер қатарынан көрінуде. Мектеп ғимаратына 1983 жылы ашылғалы бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. 2025 жылдың  маусым айынан бастап «ішкі безендіру, қасбет, шатыр, жылу, су, кәріз, электрмен жабдықтау, өрт дабылы және мектеп аумағын абаттандыру» жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастады. Мердігер мекеме 28 тамыз күні күрделі жөндеу жұмысын толық аяқтады. Жаңа оқу жылын жаңа жабдықтармен жабдықталған керемет мектепте қарсы алдық. Болашағымыз жарқын болуы үшін жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – бүгінгі күннің басты талабы. Оқушылар еліміздің туын аспандатып, білімді, жоғары мәдениетті ұрпақ болып өсуі қажет. Біздің мектептің басты ұстанымы да – осы, – дейді мектеп-гимназия директоры Бекзат Ибраев.

Дарынды балалар мекені

Жаңа жобалар – оқушылар игілігіне

Мектеп мұғалімдері қазіргі заман талабына сай кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында жасанды интеллект бағытында тегін онлайн курстан өтуде. Соның нәтижесінде 10 мұғалім сабағында жасанды интеллектінің бағыттарын оқушыларға үйретеді. Мектепте жүйелі түрде пән бірлестіктерінің онкүндігі болады. Сол онкүндіктікте міндетті түрде жасанды интеллект технологиясы бойынша сабақ өтуде.

Мектептегі жаңа жобаның бірі – «Тіл ғылымы жобасы. Осы бағытта Қорқыт атындағы Қызылорда университетімен меморандумға қол қойған. Нәтижесінде университеттен ғалымдар келіп оқушыларға қытай, неміс, түрік тілін үйретеді.

– Бастауыш сыныптан бастап таңдау еркіндігіне қарай оқушыларға тілді үйрету қолға алынды. Бұл өміршең жоба болады деп есептеймін. Себебі қазіргі таңда көп тіл білуге құштар оқушылар көбейген. Көп тіл білу – заман талабы. Ақпараттық технологиялар заманында тіл үйрену қиындық тудырмайды. Сондықтан жаңа жобаның оқушылар үшін пайдасы мол болмақ. Болашақта жастар тіл біліп, әлемді шарлап, ел ертеңін көркейте түсері сөзсіз, – дейді мектеп директоры.

Сонымен қатар мектепте «Шебер қолдар», «Театр» жобасы жұмыс істейді.

Дарынды балалар мекені

Жетістікке жетуден жалықпайды

Білім жолы – қиын да қасиетті жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Қазіргі таңда мектеп жаңаша кейіпке енген. Мұғалімдердің шығармашылықпен айналысуына, оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік мол. Соның нәтижесінде жыл сайын мектеп мұғалімдері  кәсіби байқаулардан, оқушылары пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардан жоғары нәтиже көрсетіп, республикалық деңгейде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Соңғы 3 жыл­да мектеп-гимназияның 125 оқушысы түрлі деңгейдегі олим­пиадалардан жүлделі орын иеленіп жүр. Атап айтсақ, Гүлнар Амандықова республикалық олимпиаданың қалалық, облыстық, республикалық кезеңдерінде орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша I, ІІ орын иеленді. Гүлдана Шуақбаева  «қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша I орын, Гүлзат Алданазарова  биология пәнінен  II орын,  Эльонора Байжанова ағылшын тілінен II орын,  Амина Оспанова  «Құқық негіздері»  пәнінен I орын иеленген.

Бұл мектеп жаңашыл бағытта дамып келе жатқан іргелі білім ордасы. Мұнда білім мен ғылымды серік еткен, биік мақсатқа ұмтылған шәкірттер мен кәсіби шебер, өз ісіне адал мұғалімдер еңбек етеді. Мектеп-гимназияда 2  педагог-шебер, 33 педагог-зерттеуші, 43 педагог-сарапшы, 17 педагогика ғылымдарының магистрі, 1 филология ғылым­дарының кандидаты жұмыс істейді. Мектеп мұғалімі Сәуле Шайхсламова «Шапағат» орденінің иегері атанса,  Гүлшат Палмағамбетова «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.

Дарынды балалар мекені

Мектеп оқушыларды еңбекке баулиды

Баланы жастайынан еңбекке баулу – тәрбиенің ең маңызды бөлігі. Бүгінде мектептегі «Шебер қолдар» үйірмесі балаларды қолөнер, шеберлік, шығармашылыққа баулып, олардың эстетикалық талғамын, көркемдік дағдыларын дамыту мақсатында жұмыс істейді.

– «Шебер қолдар» үйірмесі оқушылардың шығарма­шылығын, ақыл-ой қызметінің ойлауын дамытушы орта. Қол еңбегі бала үшін қызық. Баланың өздігінен жұмыс істеуі шығармашылық қабілетінің дамуына ықпал етеді. Қолдан түрлі бұйымдар жасау кезінде бала бойында табандылық, төзім, еңбекқорлық қасиеті қалыптасады. Балалар сабақтарға қуана қатысып, қызыға жұмыс істейді. Өздерінің керемет туындыларын жасап шығарады. Біз нәтижеге жеттік. Жоғары сынып оқушылары өздерінің қолдан жасаған бұйымдарын сатуға да шығарды, – дейді «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Сәуле Шайхсламова.

Дарынды балалар мекені

Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық

Білім ордасы инклюзивті қолдау кабинетімен жасақталған мектептердің бірі. Ерекше білім алуды қажет ететін 67 оқушы білім алуда, оның ішінде 17 оқушы үйден оқиды. Бұл жерде балаларды дамытып, ортаға бейімдеу үшін барлық жағдай жасалған. Жалпы инклюзивті білім берудің мақсаты – даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге оқыту және білім беру. Соған сай психолог, дефектолог маман­дар балалармен тығыз байланыса жұмыс істеуде. Арнайы жасақталған кабинетке балалардың қол моторикасын дамытуға арналған түрлі құрылғылар, ойын тақтайшалар, күнделікті өмірде қажет ететін бұйымдармен жұмыс істеуге арналған құралдар қойылыпты. Мектептегі арнайы мамандар балалардың танымдық қабілеті мен қызығушылығын арттыру мақсатында дидактикалық материалдар жасақтайды. Олар баланың көру және есту қабілеті арқылы қабылдау түйсігін дамытып, ой-өрісін кеңейтіп, ойлау қабілетін жақсартуға ықпал етеді. Балаларды өз бетімен еңбектенуге, сөздік қорын дамытуға, сөздерді байланыстырып сөйлеу қабілетін арттыруға бар тәжірибесін салады. 

– Инклюзивті білім беру – балаларға қатысты кез келген кемсітушілікті жоққа шығаратын, барлық адамдарға бірдей қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, бірақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ерекше жағдай жасайтын идеологияға негізделген. Бүгінде мектепте білім алатын ерекше балаларды дамытуға толықтай мүмкіндік жасалған. Арнайы кабинетте барлық құрыл-жабдық бар. Кабинетте балалар жан-жақты дамиды. Биыл оқу жылында «Ақылды айна», «Edu Quest»,  «Airsport» сияқты жаңа техно­логиялық аппараттар алынды. Бұл құрылғылар баланың сөйлеу дағдыларын жетілдіруге, дыбысты дұрыс айтуына, бұлшықеттердің белсенді жұмыс істеуіне бағытталған. Балалармен жұмыс істеп, олардың психологиясының қыр-сырын жіті бақылап, әр балаға жеке уақытымды арнаймын. Олардың бойындағы қабілетін оятқым келеді. Жаңа нәрселерді үйретіп, балаларды дамыту менің мақсатым. Әр адам артында өшпес із қалдыру қажет болса, бір ғана баланың дамуына көмек бере алсам, бұл мен үшін үлкен жетістік,  – дейді мектеп дефектологы Әйгерім Сарыбаева.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: