Сенбі, 21 маусым, 17:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№45,2158
21.06.2025
PDF мұрағаты

Ерлеген МЕНДАЛИЕВ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы: Мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой

21.06.2025

64 0

Бұл сұхбат «мемлекеттік қызметке тұру үшін таныс керек» деген қасаң пікірді теріске шығарды. Мемлекеттік қызметке білімді, білікті, жаңашыл жастар қажет. Бір сөзбен айтқанда, білімді, білікті, жаңашыл жастардың заманы. Мереке қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Меңдалиевпен сұхбаттасқан едік. Бұл сұхбат «мемлекеттік қызметке тұру үшін таныс керек» деген қасаң пікірді теріске шығарды. Мемлекеттік қызметке білімді, білікті, жаңашыл жастар қажет.

– Ерлеген Жәрдемұлы, мем­лекеттік қызметшілердің қоғамдағы рөлі қандай? Кәсіби маман болып қалыптасу үшін қандай талаптар қойылады?

– Мемлекеттік қызметшілердің жағымды бейнесін қалыптастыру мен нығайту – мемлекеттік жүйені да­мытудың басым бағыттарының бірі. Мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой, бірақ кәсіби тәжірибемен қатар жоғары адамгершілік қасиет­терге ие болу да өте маңызды.

Мемлекеттік қызметшілер қара­пайым, әдепті болуы керек.

Сонымен қатаржұмыстан тыс уа­қытта жалпыға бірдей қабылдан­­ған моральдық-әдептілік нормала­рын ұс­­тануға, кішіпейілділік танытуға, қыз­мет бабында  өзінің лауазы­мын пайдаланбауы тиіс.

Кәсіби маман болу  үздіксіз даму мен еңбекті қажет етеді. Бұл жолда өз саласында терең білім мен тәжірибе жинақтап қана қоймай, жеке тұлғалық қасиеттерін де дамытып, кәсіби эти­каны ұстануы қажет. Кәсіби маман болу үшін бірнеше маңызды талап бар.

Біріншіден, терең білім мен үздік­сіз ізденіс. Нағыз маман болу үшін кәсіби саласына қатысты теориялық және практикалық білімді меңгеруі тиіс. Сонымен қатар заман талабына сай жаңашыл, білікті, ізденімпаз, жаңа технологияны үздіксіз үйренуі маңыз­ды. Ізденіс ешқашан тоқтамауы керек.

Екіншіден, тәжірибе мен практика­лық дағдылар –  кәсіби шеберліктің негізі. Кез келген білім тәжірибемен ұштасқанда ғана нәтижелі болады. Іс жүзінде кезіккен мәселелерді шешу қабілетін дамытады және кәсіби сенім­ділікке ие болады.

Үшіншіден, жауапкершілік – кәсі­би маманның ең басты қасиеттерінің бірі. Өз жұмысына ұқыпты, тапсыр­маны сапалы және уақытында орын­дау, жұмыстың нәтижелі болуы кәсіби маманның ғана қолынан келеді.

– Кейінгі жылдары мемлекеттік қыз­метке қабылдауда қандай өзгерістер болды?

– Елімізде мемлекеттік қызметке қабыл­дау жүйесінде бірқатар маңызды өзгеріс бар. Бұл мемлекеттік қызметке іріктеу жұмысын жеңілдету, ашықтықты қамтамасыз ету және цифрландыру арқылы тиімділікті арттыру мақсатында жүзеге асуда.

2023 жылдың 1 наурызынан бастап мем­лекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі пилоттық режимде сынақтан өтуде. Биыл 1 шілдеден бастап 31 желтоқсанға дейін барлық мемлекеттік орган мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі бойынша конкурс өткізуге көшеді. Яғни үміткерлер барлық кезеңдерден – өтініш беру, тестілеу, әңгімелесу – онлайн түрде өте алады. Бұл мақсатта eQyzmet(«eqyzmet.gov.kz») атты электрондық платформа іске қосылды. Жаңа жүйе арқылы құжаттарды электрондық цифр­лық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.

Тағы бір атап айтарлығы, тестілеу бағ­дарламасы жеңілдетілді. Бұрын үміткерлер 9 заң бойынша тест тапсыруы тиіс болса, қазіргі таңда тек 4 негізгі заң қамтылады. Конкурсқа құжат тапсыру тәртібі де оңтайландырылды. Енді үміткерлер тек диплом мен резюмесін ұсынады. Қалған құжаттар үміткер конкурс нәтижесі бойынша оң баға алған жағдайда ғана сұралады. Бұл қағазбастылықты азай­тып, қабылдау үдерісін жеделдетеді. Онлайн тестілеудің әділдігін қамтамасыз ету үшін «прокторинг» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе ар­қылы тестілеу барысында бақылау жүзеге асырылады, яғни тест тапсыру кезінде алаяқ­тық әрекеттердің алдын алады. Барлық конкурстық рәсім бейнежазба арқылы тір­келіп, ашық жүргізіледі. Яғни комиссия ше­шімінің әділдігіне күмән болған жағдайда шағымдануға болады.

Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесін ашық және үміткерлер үшін тиімді етуге бағытталған. Цифрлық технологияларды енгізу, бюрократиялық рәсім­дерді қысқарту және жастарға қолдау көрсету – қазіргі мемлекеттік кадр саясатының негізгі басымдығының бірі.

– Мемлекеттік қызметшілер тарапынан заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған?

– ҚР «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік қызметі туралы» заңының 44-бабы 3 тармағына сәйкес мемлекеттік қызметші тарапынан заң бұзушылықтар анықталған жағдайда ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, сайлану негізінде тағайындалған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, мем­лекеттік лауа­зымын төмендету, қызметтен босату түріндегі тәртіптік жазалар көзделген.

Тәртіптік теріс қылық жасаған, немесе әдеп нормаларын бұзған жағдайда мемлекеттік қызметшіге ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс түріндегі жазалар қолданылады.

Егер  тәртіптік жаза бола тұра мемлекет­тік қызметші тарапынан қайта заң бұзушы­лық жасалса, онда оған мемлекеттік лауазымын төмендету, ал төмен лауазым болмаған жағ­дайда қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолданылады.

Егер осы көрсетілген жазалар болып, қызметші тарапынан қайта теріс қылық жасал­са, онда оны атқаратын мемлекеттік оны қызметінен босату түріндегі тәртіптік жаза қолданылады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметші тара­пынан мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған жағдайда оған тәртіптік жазасы барлығына қарамастан және тәртібіне қарай оған мемлекеттік лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылады.

Әдеп жөніндегі кеңеспен 2025 жылдың 5 айында 4 отырыс өткізіліп, 18  мәселе қаралды, оның 6-ы тәртіптік істер. Тәртіптік істерді қарау нәтижелерімен Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 1 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызметке кір келті­ретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бер­гені үшін 2 мемлекеттік қызметші тәр­тіп­тік жауапкершілікке тартылды. Бұл мем­лекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық­тардың үлесі азайғандығын көрсетеді.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселесі бойынша 50 өтініш келіп түсті, 16 өтініш бойынша тексеру жүргізілді, соның ішінде 5 қызмет алушының дәлелдері расталып, құқығы қалпына келтірілді және қорғалды. Мемлекеттік органға сұрау салу арқылы 1 қызмет алушының дәлелдері расталып, құқығы қалпына келтірілді. Рұқсат құжаттарын беру мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 465-бабы бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырылды, 216260 теңге көлемінде айыппұл салынып, толық төленді. Тәртіптік жауапкершілікке мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 11 қызметкері тартылды.

– Агенттік тарапынан сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтсеңіз…

– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы Әдеп жөніндегі кеңес туралы ережесіне сәйкес Әдеп жөніндегі кеңес өз отырыстарында мемлекеттік органдардың бірінші басшылардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын және мемлекеттік қызмет және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң бұзу­шы­лықтардың профилактикасы бойынша жұ­­мысының қорытындысын қарайды. Нә­тижесінде мемлекеттік қызмет заңнамасы мен Әдеп кодексі талаптарының қатаң сақталуы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті шараларды қабылдау туралы ұсыныстары беріледі.

Профилактикалық мәселелерді қарау нә­тижесімен Әдеп жөніндегі кеңеспен бірлесе 43 ұсыныс енгізілді. Ұсыныс толығымен орындалды.

– Мемлекеттік жұмысқа тұру үшін таныс керек пе?

– Осындай ойдан арылатын уақыт келді. Қазір білімдінің заманы. Мемлекеттік қызметке белсенді, білімді және талантты жастарды тарту, сондай-ақ олардың қата­рынан резерв қалыптастыру үшін тиісті жағдайлар жасау жөніндегі міндет бү­гінде аса өзекті. Себебі әркім өзінің ко­мандасының мықты болғанын қалайды. Тамыр-таныс іздеген адам бұл қызметтен ығысып қалады. Ал өз білімі мен білігін көрсете білген маманға  мүмкіндіктер есігі ашылары анық. Біз аудан, ауылдарға барып, жастармен кездесу ұйымдастырамыз. Мемлекеттік қызметке тұрудың шарттарын түсін­діреміз. Байқасақ, жастардың қызығу­шылығы төмен, тіпті кездесуге адам аз келетін ауылдар да бар. Маған жеке қабыл­дауға келгендердің басым бөлігі мемлекеттік қызметке тұру мәселесімен келеді. Менің айтатыным, білімді болуға ұмытылу қажет. Таныс іздейтін заман кетті. Алдағы уақытта тек білімді адамдар алға озады. Сондықтан мемлекеттік  қызмет қызықтырса, конкурс арқылы жұмысқа орналасуға мүм­кіндік бар. Мемлекеттік қызмет,  әсіресе, жастар үшін үлкен мүмкіндік.

– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге газет арқылы тілегіңізді білдірсеңіз…

– Сыр өңірінде үш мыңнан астам мемлекеттік қызметші табысты еңбек етіп, аймағымыздың дамуына сүбелі үлесін қосуда. Мемлекеттік қызметшілердің 791-і жастар болса, 1471-і нәзік жандар.Басшы лауазымдағы әйелдердің саны 294-ті құрайды, қызметшілердің 95,3% жоғары білімді.

Мемлекеттік қызметші – ел дамуының тірегі, халықтың мемлекетке деген се­німінің айнасы. Тәуелсіздік алған күннен бастап елімізде мемлекеттік қызмет жүйесі дамудың түрлі кезеңдерінен өтті. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси рефор­маларының аясында мемлекеттік бас­қару жүйесін жетілдіру, ашықтықты арт­тыру, халыққа сапалы қызмет көрсету сынды маңызды бағыттар жүзеге асуда. Бұл – мемлекеттік қызметшілерге деген талаптың бұрынғыдан да жоғары екенінің көрінісі. Осы орайда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің атынан барша мемлекеттік қызметшілерді  кәсіби мерекесімен құт­тықтаймын!

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан:

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: