Сейсенбі, 09 желтоқсан, 01:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94 (2206)
09.12.2025
PDF мұрағаты

Кітап саудасындағы тренд: жастар қандай кітап оқиды?

09.12.2025

35 0

Бүгінде оқу мәдениеті жастар арасында кітап оқуға бетбұрыс байқалады. Ғаламтордағы ақпаратпен шектелмей, психология, көркем әдебиет, заманауи қазақ авторларының еңбектеріне ден қоя бастаған. Осы құбылыстың мәнін түсініп, оқырман сұранысының бағытын бағамдау мақсатында Қызылорда қаласындағы «Мұстафа Шоқай кітап үйі» кітап дүкеніне ат басын бұрып, жастардың әдеби талғамы туралы сұрадық.

Бұл – «Атамұра» баспаның ресми дүкені. Мұнда баспа шығаратын барлық негізгі өнімдер, оқулықтар мен оқу құралдары сатылады. Сонымен қатар көркем әдебиет, балалар әдебиеті, басқа қазақстандық және ресейлік баспалардың да кітаптары бар.

– Біздің дүкеніміз «Атамұра» баспасының кітап дүкені. Мұнда баспадан шығатын барлық көркем шығармалар, балаларға арналған кітаптар, оқулықтар мен оқу құралдары ұсынылады. Кітаптың 20 пайызы қазақстандық және ресейлік баспалардан келген кітаптар, – дейді «Мұстафа Шоқай кітап үйі» дүкенінің менеджері Ләззат Авкубаева.

Дүкен сөрелерінен жанрлардың алуан түрін кездестіруге болады. Балаларға арналған кітаптар, проза, мақал-мәтелдер жинағы, ертегілер, танымдық және психологиялық бағыттағы шығармалар. Мұнда келген әр оқырман өзіне қажетті кітапты таба алады.

– Бізге түрлі жастағы адамдар келеді. Егде жастағы оқырмандар көбіне тарихи романдарды, өздері бұрыннан сүйіп оқитын шығармаларды сұрайды. Жастар жағы соңғы жылдары Дулат Исабеков пен Оралхан Бөкейдің кітаптарын жиі алып жүр, – дейді ол.

Соңғы уақытта психология тақырыбындағы кітаптар ерекше сұранысқа ие. Әсіресе Санжар Керімбайдың еңбектерін көп сұрайды.

– Қазір психологиялық кітаптар оқу трендке айналды. Санжар Керімбайдың «Бейсен және Болмыс», «Қаныш және ғылыми майдан» секілді кітаптарын жастар да, үлкен кісілер де көп сұрайды. Ал Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы жылдар өтсе де сұраныстан түспей келе жатыр, – дейді дүкен өкілі.

Бір оқырманның бір келгенде алатын кітабының саны әрқалай. Біреулер тек көздеп келген бір ғана кітабын сатып алса, енді біреулер сол кітаппен қоса тағы бес-алты туындыны бірге алып кетеді.

– Кітап саны оқырманның өзіне байланысты. Кейбірі тек бір кітап іздеп келеді де, соны ғана алады. Ал кейбіреулер негізгі іздеген кітабын тауып, қасына қосымша бірнеше кітапты қоса сатып алады. Соңғы уақытта жас отбасылар жиі келеді. Баласына, өзіне, жұбайына деп бірнеше кітапты қатар таңдап алып жатқанын көреміз, – дейді ол.

<strong>Кітап саудасындағы тренд: </strong>жастар қандай кітап оқиды?

Баға саясаты да дүкеннің ерекшелігі саналады. «Атамұра» баспасының кітаптары мұнда баспаның өз бағасымен сатылады, яғни үстеме қосылмайды. Кітаптың өтімділігіне жарнама мен әлеуметтік желідегі пікірлер де айтарлықтай ықпал етеді. Жастар көбіне әлеуметтік желіден көрген кітабын іздеп келеді екен.

– Жарнама жақсы жүрсе, кітап тез өтеді. Қазір жастар көп жағдайда кітапты әлеуметтік желіден көріп, оны біреу мақтаса, соны сұрап келеді. Меніңше, кітап сатылымына ең алдымен бағаның тиімділігі және жарнама әсер етеді, – дейді кітап дүкенінің менеджері Ләззат Авкубаева.

Соңғы жылдары қазақ тіліндегі кітаптарға деген сұраныс бұрынғыдан әлдеқайда артқан.

– Бұрын біз көбіне орыс тіліндегі, ресейлік баспа­лардың кітаптарымен жұмыс істейтін едік. Қазір 2024-2025 жылдардағы сатылымға қарасақ, қазақ тілін­дегі көркем әдебиет кітаптары орыс тіліндегілерге қарағанда көбірек өтуде. Жастар да, орта буын өкіл­дері де қазақша кітапты жиі таңдайтын болды, – дейді дүкен өкілі.

Кей жағдайда оқырмандар іздеген кітабын таппай қалса, алдын ала тапсырыс беріп кетеді екен.

– Кітапты тапсырыс арқылы алатын оқырмандар да бар. Қандай кітап керегін айтып, бізге өтініш қалдырады. Сондай-ақ үлкен кісілер бұрын оқыған бір кітабынан есте қалған сөзін айтып, «сол кітапты қайдан табамыз?» деп  жиі сұрап келеді, – дейді ол.

«Атамұра» кітап дүкеніне биыл 25 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде дүкен қала тұрғындарына жақсы таныс орынға айналған. Жыл сайын кітап дүкені жаңа кітаптармен толығып келеді. Балалар әдебиеті, ертегілер, көркем шығармалар, қайта басылған классикалық туындылар.

– Біздің дүкеннің жұмыс істеп келе жатқанына 25 жыл болды. Жылдан-жылға балалар әдебиеті, ертегілер, көркем шығармалар көбейіп жатыр. Бұрынғы классикалық еңбектер жаңартылып, баспадан қайта басылып шығады. Олардың бәрі оқырманға тиімді бағада ұсынылады. Бұл кітап оқитындар үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін, – дейді кітап дүкенінің менеджері Ләззат Авкубаева.

София ТЕМІРБОЛАТ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: