Сенбі, 23 қараша, 08:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Көш басындағы Қызылорда

12.11.2024

292 0

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Сұлу Сырдың бас қаласы, Алаштың алғашқы астанасы Қызылорда – бүгінде күн санап көркейіп келе жатқан өңірлердің бірі. Қай бағыттан қарасаңыз да, байтақ республиканың төрінде көш бастап келеді. Ілкімді істер мен байыпты бастамалардың орталығына айналған. Бүгін біз шаһардың даму динамикасына көз жүгіртіп, кеңірек тоқталғанды жөн көрдік.

– Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен және облыс әкімінің үйлестіруімен облыстың бюджеті 2 жарым жылда 364 млрд теңгеден 744 млрд теңгеге жетіп, 2 есеге артты. Сәйкесінше қала бюджеті жыл басындағы бекітілген 58,2 млрд теңгеден 110,7 млрд теңгемен бекітілмек. Макроэконмикалық көрсеткіштер бойынша Сыр өңірі республикада жыл басынан бүгінгі күнге дейін алдыңғы қатарда келеді. Бұл бағытта Қызылорда қаласында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде, – деген еді қала әкімі Нұржан Ахатов.

Өңірде өнеркәсіп өндірісіне ерекше мән берілуде. Тіпті, халық арасында тың бастамаларды қолдап, қаржыландыру мәселесі де шешілген. Бұл өзімізге қажеттіні өзіміз өндіруіміз керегін ойға салады. Бұл бағытта Нұржан Сәбитұлы биылдың өзінде екі жоба іске қосылғанын айтады.

– Оның бірі – «Orda Glass LTD» ЖШС энергия үнемдейтін шыны өндірісі жобасы. Ал екінші­сі – «Строительно-Транспортная Компания» ЖШС-нің металл конструкция өндірісі жобасы. Екеуі де өз салмағы бар ірі жобалар қатарына жатады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта бұл салада жоғары технологиялық айна шығару, шыңдалған шыны және табақшы шыныны өндіру зауытын кеңейту, қатты қалдықтарды сұрыптау мен қайту өңдеу жобаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – дедй қала әкімі.

Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын халықтың тұрмысы көрсететіні анық. Бұл ретте ең әуелі халықтың қолын аузына жеткізу мәселесі тұр. Яғни, екі қолға бір күрек беру. Жұмыссыздықты төмендету және атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың санын азайту бағытында да атқарылып жатқан шаруаның ауқымы кең.

– Мәселен көмек алушылардың санын 28,7 % дейін төмендетіп, 632 млн теңге үнемдедік. Бұл жұмыстарды жыл аяғына дейін жалғастыратын боламыз. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін кең көлемде жұмыстар жүргізіліп, қаланың күре тамыры саналатын жолдар кеңейтіліп, балалар ойын алаңдары салынуда. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық бағаналары орнатылуда. Тұрғын үй құрылысы мен абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүруде, – деді Н.Ахатов.

Елдің әл-ауқатын көтеріп, ойдағы кәсіпті бойдағы қабілетпен дамытуға бағыттайтын жобаның да сан алуан түрі бар. Мұндай бағдарламалардың бірі «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар қатары қалың. Қала әкімі аталған жоба елдің оң жамбасына шығып тұрғанын айтады.

– Бұл жоба аясында 2024 жылы қаржы­ландыру үшін облысқа 4,6 млрд теңге қаржы қаралып, оның ішінде 612,8 млн теңгесі Қызылорда қаласына лимит түрінде көзделді. Айта кетейік, өткен жылы қала бойынша «Ауыл аманаты» жобасы 253,7 млн теңгеге қаржыландырылған. Бір жылда бірнеше есе­ге өсіп отыр. Бұл ретте, «Байқоңыр» ӘКК үйлестіруімен алғашқы лекте 142,13 млн теңгеге 16 жоба мақұлданып, бүгінгі күні толық игерілді, – деді шаһар басшысы. 

Жоба асында қаржы көлемі жөнінен 36,5 млн теңгені игеріп, Қызылөзек ауылдық округі көш бастап тұрса, жоба санынан Тасбөгет, Белкөл кенттері алда. Әр кенттен төрт жобадан қолдауға ие болды.

Даңғылдар дамуға бастайды

Жол – экономиканың күретамыры. Дамудың басты бағыты. Бұл бағытта Қызылорда көш бастап тұр. Аяғың аспаннан салбырап, әуежайдан Сыр топырағына табан тие сала тақтайдай тегіс асфальтқа түсесіз. Бүгіннің өзінде мұнда жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірі – «Қыран» компаниясы қолға алған. Осы тәрізді 99 көшеге жол салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бүйірі томпайған бюджеттен 36 млрд теңге қаржы қаралды.

– Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін шаһарға кіретін күретамыр жолдардың барлығына мән берілуде. Осы ретте Әуежай жолы мен Шиелі ауданынан кіре беріс жолдарға кеңейту жұмыстары жүргізілсе, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арқылы «Қызылорда-Құмкөл» жолын қайта жаңғырту үшін техникалық-кономикалық негіздеме дайындалуда. Еліміздің бас қаласы Астана бағытынан кіретін Сағымбаев көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары үшін жоба – сметалық құжаттары әзірленуде. Қаланың магистралды Яссауи мен Жаппасбай батыр көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болып кеңейтілуде. Е.Көшербаев көшесі қайта жаңғыртылып, 96 көшеге күрделі, 34 көшеге орташа жол жөндеу және жаңа жол құрылысын салу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі аралықта жаңа жол құрылысы салынды. Сырдария жағалауының бойынан Ескі базар мен Мерей шағын ауданы аралығына жаңа жол салу жоспарымызда бар, – деді шаһар басшысы.

Қалада жаяу жүргінші жолы мәселесі де шешімін тауып келеді. Биыл 2,3 млрд теңге болатын 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру жұмысы да жүйелі жүргізіліп келеді.

Баспанамен қамту – басты орында

Сырдағы құрылыс серпінді дамуға бет алған. Жаңа тұрғын үйлердің санының көптігімен қоса, қасбеттерінің өзгеше кейіпте қалануы да тың бастамаға бетбұрыс екені айқын. Бүгінде қалада 3911 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде.

– Біз тұрғындардың талап-тілектеріне орай мақсатты шараларды жүзеге асырып, жайлы баспана ұсыну үшін көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын қарқынды жүргізудеміз. Оның ішінде, 3139 пәтерлі 58 тұрғын үй бюджет есебінен, 772 пәтерлі 16 тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынуда. Жыл соңына дейін 7 қабатты 10 үйдің жоба-сметалық құжаттары және сараптама қорытындысын алу жоспарлануда, – дейді қала әкімі.

Жыл басынан бері 1 323 қызылордалық қоныс тойын тойлады. Ал жыл аяғына дейін бұл сан 1390-ға жетеді деген болжам бар. Баспана жайлы сөз қозғағанда апатты үйлер тақырыбы да ойға оралады. Бүгінде қалада 68 апатты тұрғын үй бар. Осы санатта 673 отбасы тіркеуде тұр. Қала әкімінің айтуынша, биыл бұның 135-іне жаңа пәтер табысталады екен.

Жанға жайлы құт мекен

Қызылордада тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бірінші орында тұрады. Инфрақұрылым мәселесі – басты орында. Әкімдердің халықпен кездесуінде айтылған бұл бағыттағы әрбір түйіннің тарқауы көп ұзамай шешілуде. «Көгілдір отын» мәселесіне келсек, қала және қалаға қарасты елді мекендердің толық қамтылуына бір қадам ғана қалды. Яғни, көгілдір отынға қосылмаған бірнеше елді мекен ғана бар. Атап айтқанда, «көгілдір отын» тарату мақсатымен 1,2 млрд теңгеге Ақжарма елді мекенін, 3,1 млрд теңгеге Сабалақ саяжайын және 689,2 млн теңге қаржыға қалада «көгілдір отын» желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру жұмысы жүзеге асуда. Сондай-ақ қалаға қарасты Қызылөзек ауылдық округі және Бірқазан елді мекенін «көгілдір отынмен» қамту негізгі жоспарға енгізілген. Ал қаланы электр энергиямен қамту бағытында құны 4,8 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейін 64 пайыздан 62 пайызға дейін төмендемек.

Облыс орталығында 85 131 тұтынушыға күнделікті 72 мың текше метр ауызсу өндіріліп, тұрғындар орталық­тандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілуде. Биыл «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асуда. Ыстық сумен қамтылмаған респуб­ликадағы бірден-бір облыс екеніміз айқын. Биыл бұл бастама да арнайы ел Президентінің тапсырмасымен жүзеге асуда.

– Тағы бір қолға алынған тарихи сәттегі үлкен жұмыс – Мемлекет басшысының қолдауымен қаладағы 424 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз ету. Жалпы қажетті қаражат көлемі – 26,2 млрд теңге. Бұл жұмыстар екі кезең бойынша жүргізілуде. Бүгінгі күні 11 млрд теңге қара­жатқа бірінші кезеңдегі 187 үйге ыстық су тарту жұ­мыстары жүргізілуде, – деді қала әкімі Нұржан Ахатов.

Тұрғындарға жайлы қала жасау мақсатында тұр­ғын үйлердің аулаларын және ойын аулаларын абат­тандыру жұмысы кейінгі жылдары қарқын алды. Атап айтқанда, құны 619,3 млн теңгеге 23 тұрғын үйдің аула ішілік жолдарын жөндеу және абаттандыру жұмысы жүр­гі­зі­луде. Жалпы, қала аума­ғында 250-ге жуық балалар ойын алаңы орнатылған. Сонымен қатар, тұрғындар өтінішіне сәйкес 25 көпқабатты тұрғын үй ауласында орна­ласқан балалардың ойын алаңдарына күр­делі жөндеу жұмыстары жалғасып, қалалық бюджеттен 114,8 млн теңгеге қала аумағындағы 18 үйдің шатыры қайта қалпына келтірілуде.

Қала аумағындағы көнерген көпқабатты үйлер де жаңаша кейіпке енді. Мұндай үйлердің қасбеті заманауи құрылыс материалдарымен қапталып, көз сүйсінер­ліктей күйге енген. Тұрғындар да баспанасының жаңарғанына риза.

– Қала орталығында 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті линеарлық панельмен қапталып, 77 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанның қасбеті заманауи үлгіде әрленуде, – деді шаһар әкімі Н.Ахатов.

Жаңашыл қадамнан қорықпай, тың бастаманы енгізуде алда жүретін сырбойылық ағайын «Экотаксидің» де игілігін көре бастады. Ауа ластағыш заттарды азайту мақсатында қоғамдық көлік қатынасы бағытына осындай электромобильдер қосылды. Біріншіден, шуды азайтса, екіншіден, үнемді болмақ. Бар-жоғы бір жарым сағатта толық қуатталады.

Аймақтар арасындағы бәсекеде бәсі биік Қызылорданың көш бастап жүргелі қаш-шан. Астана мен Алматыны ғана алға салып, үздік үштіктен көрініп жүргеніне де қуанатын, Шымқаланы шаң қаптыратын сәттерге де сәл қалды. Осы қарқынмен дами берсек, аспанға атқан малақайымыз таяу маңда төмен түспейтін тәрізді.

Дәулет Қырдан

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: