Ресми деректерде соңғы 2 жылда Қазақстанға жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық активтердің қайтарылғаны туралы мәлімет бар. Елдің байлығын заңсыз иеленгендермен күрес басталғалы бері 2000-нан аса адам салық органдарының назарына іліккен. Мамандар енді олардың мүлікті қандай жолмен алғаны тексерілетінін айтып отыр.
«Ұртоқпақтың» таяғы
Кейде мемлекет қаржысын жымқыратындарды Ұртоқпақ келіп сабаса ғой деймін қиялдана. Бәлкім, сонда жымқыратындар да, қымқыратындар да Отанға адал болар ма еді, кім білсін… Әзірге бұл типтегілер жемсауын қайтсем де толтырамын деп жүр, ал мемлекет олармен алысып әлек. Сол жымқырыпқымқыратындар толтырып әлек болып жатқан жемсауыттарында жүздеген, мыңдаған, тіпті миллиондаған қарапайым жанның адал еңбек, маңдай тері мен көз жасы жатқанын біле ме екен?.. Біледі. Біле тұра жемсауын толтырып әуре.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ірі салық төлеушілер департаментінің директоры Іңкәр Елубайдың сөзіне сенсек, осы күнге дейін мемлекет меншігіне акциялар, ғимараттар, құрылыстар, қонақүй кешендері, бизнес орталықтар, ақшалай қаражаттар, автокөліктер қайтарылған. Мемлекеттік кірістер комитеті ірі салық төлеушілер департаментінің директоры бұл мәліметті елордада өткен брифингте айтты. Сондайақ МКК уәкілетті орган болмағандықтан, ресми статистиканы келтіре алмайтынын жеткізген.
Республиканың Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Үкімет үйіндегі баспасөз қызметінің ақпаратына сенсек, дәл осы комиссия отырысында тексеру шаралары басталатын жаңа тұлғаларды тиісті реестрге енгізу мәселелері талқыланған.
Нақтырақ айтатын болсақ, бұған дейін тізілімге енгізілген кейбір тұлғалар бойынша кінәсін мойындау және заңсыз алынған мүлікті өз еркімен қайтару туралы процессуалдық келісім жасау жоспарлануда. Бұдан бөлек, тізілімдегі жекелеген субъектілердің және оларға үлестес тұлғалардың шығу тегі түсініксіз мүлкін мемлекет кірісіне аударуды мәжбүрлеу туралы талаптар қойылады. Бұл дегенің елдің ен байлығын иеленгендермен күрестің күшейетінін білдіреді. Ресми деректерде соңғы 2 жылда Қазақстанға жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық активтердің қайтарылғаны туралы мәлімет бар. Елдің байлығын заңсыз иеленгендермен күрес басталғалы бері 2000-нан аса адам салық органдарының назарына іліккен. Мамандар енді олардың мүлікті қандай жолмен алғаны тексерілетінін айтып отыр.
Қайтқан қаржыны не істейміз?
Рrimeminister.kz-тің ақпаратына сүйенсек, соңғы 2 жылда елге жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жуық активтер қайтарылған. Ауқымды жұмыс аясында 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектісі, соның ішінде шетелде 131 объект анықталды. Жалпы құны 448 млрд теңге құнды қағаздар бойынша мәлімет алынды. Сомасы 220 трлн теңге болатын банк операциялары, оның ішінде 1,4 трлн теңгені құрайтын күмәнді операциялар тексерілуде.
Жалпы заңсыз иемденілген активтерден түскен қаржы қалай жұмсалады және қандай мақсатқа жұмсалады деген сұрақ туындайды. Негізі жемқорлардан қайтқан қаржыға мектеп салу жобасы бар. Бұл жұмыс басталып та кетті. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы Қызылордада 10 білім ошағы салынып жатқанын да айта кеткен жөн. Әйтсе де ұрланған, тоналған, жымқырылған дүниелер түгел қайтарылатын болса, ол аз қаржы емес. Ол кезде не істеу керек? Экономист Мақсат Халық егемендік әріптестерімізге ұлттық қорға аударған дұрыс деп пікір білдіріпті.
– Заңсыз иемденілген активтерден түскен қаржы ұлттық қордың есепшотына аударылғаны дұрыс деп есептеймін. Біз соның арқасында ұлттық қорымызды еселейміз. Мемлекет басшысы 100 млрд доллардан асыру керек деген меже қойған еді. Егер осы қаражатты осы ұлттық қордың шотына аударатын болсақ, сол межеге тез-ақ жететін боламыз. Көптеген заңды қабылдауға үлес қосқан депутаттардан ол ақшаның қайда жұмсалатынын сұрағанмын, олар халықтың экономикалық жағдайын жақсартуға бағыттауға, өмір сүру сапасын жоғарылатуға бағытталады деген пікірді алға тартты. Әрине, адами фактор болғандықтан қаржы талан-таражға ұшырап кетпей ме деген сұрақ туындайды. Сондықтан бұл ұлттық қордың есепшотына түссе, біріншіден ұлттық банктің қадағалауында болады. Екіншіден, ұлттық қордың көлемін ұлғайтамыз. Үшіншіден, ұлттық қордың инвестициялық кірісі де еселенетін болады. Бұл дегеніміз болашақ ұрпаққа берілетін қаражаттың көлемін ұлғайтамыз деген сөз, – дейді Мақсат Халық.
Экономистің Мақсат Халықтың бұл пікірін мақұлдауға болады. Егер заңсыз иемденілген активтерден түскен қаржы ұлттық қорда жиналатын болса, ешкімде артық сұрақ туындамас еді. Тек Қазақстанның әрбір азаматы үшін ұлттық қордағы қаржыны көріп, біліп отыратын мүмкіндік жасау керек деп санаймыз.
Мемлекет ел байлығын түгелдеп жатыр
Біз Қызылордадағы экономист ғалымдардың да пікірін білген едік. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Шайнұров Абай Серікұлы заңсыз иемденілген активтерді қайтару арқылы мемлекеттің ел байлығын түгелдеп жатқанын атап өтті.
– Екі жыл бұрын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде тапсырма бергені белгілі. Соның нәтижесінде «Әділетті Қазақстанды» құруға бет бұрған ел билігі екі жыл бұрын тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен қазынаны түгендеуге кірісті. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет ел байлығын түгелдеп жатыр.
2023 жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Бұл заң қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге де қолданылатыны айтылған. 2023 жылдың 12 қазанда Президент жарлығымен заңсыз иемденілген активтерді заңды жолмен қайтаратын арнайы мемлекеттік мекеме – Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды, арнайы қор ашылды. Комитет заңсыз шығарылған активтерді мониторинг және талдау барысында анықтайды. Уәкілетті орган сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі комиссияға жүгінеді. Комиссияға Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалар кіреді. Жауапты орган комиссия қарауына осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді. Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі комиссияның хабарлауынша, қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Нәтижесінде, екі жылда елімізге 1 трлн теңгеге жуық актив қайтарылды.
Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, қайтарылған активтер қатарында ақшадан бөлек, ірі кәсіпорындардың акциялары, қонақүйлер, мейрамханалар, кеңселік ғимараттар, жер учаскелері, базарлар, теміржол мен қымбат әшекей бұйымдар бар. Активтерді қайтару бойынша жұмыстар биыл да жалғаспақ. Қазір күдікке ілінгендер тізімі жаңарып жатыр. Алдағы уақытта түскен қаражат бүкіл ел бойынша әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады, атап айтқанда бұл ақшаға елде негізінен мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар тұрғызылмақ. Мұның барлығы нақты қалалар мен ауылдарда болады. Қазіргі таңда елге қайтарылған қаржылардың есебінен еліміздің аймақтарында 30-дай мектеп салына бастады. Кейбір жағдайларда активтерді қайтару жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік объектілерді салу арқылы Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялау жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Жақында Қаржы министрлігі осы активтерді басқару тәртібін бекітті. Ережеде негізгі 6 тәсіл анықталған. Олардың арасында мүлікті жалға беру де бар.
Халықтың тағы бір байлығы – жер. Қазір кәдеге жарамай бос жатқан және біреулерге заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару да қарқынды жүріп жатыр. Осының нәтижесінде ауыл маңындағы жайылым тапшылығын да жою көзделіп отыр. Екі жылда аумағы 10 млн гектар болатын ауылшаруашылық жері қайтарылды. Ал шаруалар не өзі пайдаланбай, не өзгеге бермей келген 3,4 млн гектар жерді игеруге кірісті. Сондай-ақ жергілікті фермерлер арасында 2,8 млн гектар жер қайта бөлінді. Елге қайтарылған қаржының тағы да талан-таражға түспей, халық игілігіне жұмсалатынына сенімдімін, – дейді экономист Абай Серікұлы.
Ұрпақ үшін қабылданған заң
«Болашақ» университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі Ләззат Спанова заңсыз активтерді қайтарудың ерікті және мәжбүрлі сынды екі түрі бар екенін алға тартады. Ол бұл қадамның болашақ ұрпақ үшін де маңызды екенін атап өтті.
– Бүгінгі және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін деп қабылданған пәрменнің бірі – 2023 жылдың 12 шілдесінде күшіне енген «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының заңы. Жыл толмаса да, заңның қабылданып үлгергеніне алты айдан асты. Негізгі мақсатын активтерді қайтаруға әрі ішкі экономикалық айналымға тартуға негіздейтін заң құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеріп қана қоймай, оның алдын алуға да ықпал етеді деп көзделеді. Заңсыз автивтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі сипатта болуы мүмкін екенін ескерген жөн. Мәжбүрлі қайтару жүзеге асырылған жағдайда Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілері арқылы немесе сот шешімімен жүзеге асырылады. Десе де заңсыз активтерді қайтарудың ерікті түрде де, яғни келісім арқылы қайтарылуы көзделген. Осы орайда декларацияның енгізілуі де жайдан жай емес. Себебі тұлғалардың өз активтерін «бүкпесіз, боямасыз» көрсетуіне ықпал жасай отырып, экономикалық тұрғыда да еліміздің жапа шекпеуіне ықпал жасайды.
Қазақтың сайын даласы қашаннан қойнауы қазынаға толып, жан-жақтан алпауыттардың жерімізге көз тігуіне де әсер еткені жасырын емес. Бұл тенденция ХХІ ғасырда емес, сонау бабаларымыз егемендік үшін елім деп күрескен сәттерден-ақ басталған-ды. Дегенмен бабадан балаға мұра болып жеткен сол байлық келер ұрпаққа жетпей қалмай ма деген қорқынышты да ұялататыны ақиқат. Ел экономикасы үшін қажетті, халықтың қазынасын толықтыруға ғана емес, кей жағдайда «мешкейдің көмейін» толтыруға жұмсалып жатқаны жасырын емес.Дәл осы тұста аталған заңды жүзеге асыру «көлеңкелі экономиканың» үлесін де 19 пайызға дейін төмендетуге ықпал ету мүмкін болып отыр. Не десек те халықтың игілігі үшін жасалып отырған пәрменнің іске асырылуына кез келген азамат үлес қоса алады деп көзделеді. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген заманда заңсыз қулық не сұмдықпен алынған заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ел мүддесі үшін, мемлекеттің қажеттілігін қанағаттандыру үшін қызмет ете алары хақ, – дейді экономика ғылымдарының магистрі Ләззат Спанова.
Сөз соңы: Мемлекет мүлкі мен қаржысын жекесіндей көретіндерге тықыр таянғаны қашан. Дөңгеленген дүние басқалар үшін жүрісінен жаңылса да олар үшін жаңылмайтындай көрінетін. «Алтын еденнің» үстінде жыртық шұлықпен жүрген қазаққа жаны ашымайтындар елдің байлығын заңсыз иемденіп, тіпті шетел асырып жіберген. Осы уақытқа дейін ертегідегі Ұртоқпақтың таяғы болмаса сөз де, көз де өтпейтіндей, тіпті қол да жетпейтіндей жүрді. Енді оларда екі-ақ жол бар: заңсыз жиған дүние мүлкін мемлекетке өз еркімен қайтару не заң алдында жауап беру.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!