8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында қала әкімі Нұржан Ахатов нәзік жандарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Мерекелік шарада көпбалалы аналарға құрмет көрсетіп, әр салада еңбек етіп жүрген әйелдерді марапаттады.
Қала әкімі құттықтау сөзінде қазіргі уақытта елімізде назік жандар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын атап өтті. Әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, олардың құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы екенін атап айтты.
– Сіздерді табиғат жаңарып, мейірім шуағын төгетін көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымызда «ата – ұлды, ана – ұлтты тәрбиелейді» деген дана сөз бар. Расында, ана – отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен қатар, отбасының ұйтқысы болып жүрген аналарымызға құрметіміз шексіз. Шаһарымызда 19 мыңнан астам қыз-келіншектер кәсіпті қолға алып, бизнестің дамуына үлес қосса, қала әкімдігінде және оған қарасты мекемелерде 90-ға жуық нәзік жан мемлекеттік қызметте абыроймен қызмет атқарып жүр. Әйелдердің белсенділігімен қатар қоғамдағы үлесі де артып келеді. Нәзік жандар қай салада еңбек етсе де кәсіби билік пен жауапкершіліктің, табандылық пен төзімділіктің үлгісін көрсетіп келеді. Мерелеріңіз құтты болсын, – деді қала әкімі.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!