Сенбі, 15 наурыз, 14:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№19,2132
15.03.2025
PDF мұрағаты

Наурызнама: Мәні бөлек он күн

15.03.2025

17 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама» деген екен. Сондай-ақ наурызнаманың қадір-құны ас-тойдан жоғары екенін де атап айтқан. Қазақ үшін Наурыз мерекесінің орны бөлек. Көктемнің лебі сезілетін, тіршіліктің бастауы саналатын жыл басы – Наурызды барша жұрт үлкен үмітпен қарсы алады. Табиғатпен үндескен қазақ тоқсан шығып, жыл бастауы болған Наурыз мерекесін бір күн емес, 10 күн тіпті бір ай тойлаған. 14 наурыздан басталатын Наурыз мейрамының алғашқы күні Амал мерекесінен бастау алады. Еліміздің батыс өңірлерінде сақталған бұл дәстүр жыл өткен сайын халықтық сипат алып келеді. Төл мереке дегенде жаның жадырап, көңілге қуаныш сыйлайтын Амал мерекесінің мәні бөлек. Бұл күні жылдан жылға аман-есен жеткеніне қуанған халықтың қуана көрісуінен бөлек, өкпе ренішті ұмыту, үлкенге құрмет көрсету, қазақтың дәстүрін насихаттау астасып жатқандай. Тазалыққа мән беріліп, дастарханы жайылып, қазаны асулы тұратын бұл күн қазақтың болмысын аша түсетін, жүректерге жылылық ұялататын, ең ізгі амалдар жасалып, игі тілектер айтылатын күн.

Наурызнаманың әрбір күнінің өзіндік мәні бар. Бұл мерекенің мағынасын тереңдете түскендей. «Көрісу – Амал мерекесі» (аман-саулық сұрасып, ағайынмен кездесулер және игі тілектер күні), «Қайырымдылық» (қайырымды істер күні), «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» (ұлттық салт-дәстүр мен мәдениет күні), «Шаңырақ» (отбасы күні), «Ұлттық киім» күні, «Жаңару» күні, «Ұлттық спорт» күні, «Ынтымақ» (бірлік пен ынтымақ күні), «Жыл басы» және «Тазару» күнімен түйінделетін наурызнаманың тәрбиелік мәні зор.

Ендеше, қазақтың мейрамы басталды. Елімізде кешеден бастап жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі атап өтілуде. Орайы келгенде оқырманды кешегі Амал мерекесімен, жаңа жасымен құттықтағанды жөн көрдік. Жылдан-жылға, Наурыздан-Наурызға аман-есен жете берейік, қадірлі оқырман! Сөз қадірін түсінетін, көзіқарақты оқырман барда ұлт тарихын таспалайтын газеттің ғұмыры ұзақ болатыны сөзсіз. Наурыз мерекесінде газет арқылы игі тілек жолдағыңыз келсе, ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрді білсеңіз, хат жазыңыз! Бізге оқырман пікірі қашанда қымбат!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: