Сенбі, 17 қаңтар, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№4 (2216)
17.01.2026
PDF мұрағаты

Несие кешіріле ме?

17.01.2026

39 0

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «банктер несиені кешіріп жатыр, қарыз төлемесе де болады екен» деген сынды ақпарат кеңінен тарауда. Ел байбалам салып, түсінбей жүрген бұл мәселе неден шықты? Несие қарызы бар азаматтар қандай қателікке ұрынбау керек? Осы туралы зерттеп көрген едік.

Әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, банккке хабарласып несиесін кешіріп беруді өтінгендердің қарасы көп екен. Соның бірі Айжан есімді қала тұрғыны осындай жарнаманың құрбаны болғанын айтады. Банкке арыз жазса несиесінің кешірілетінін айтқан азамат уәдесінде тұрмаған екен. Жарнамасына қызығып ақшасынан айырылған ол несие кешірілмейді деген ақпаратты кеш естіген. Қарызы кешіріледі деп үміттеніп, 10-20 мың теңгеге өтініш жаздырғандар қалтасынан қағылды деген сөз. Жұрттың көкейінде сан сауал туғызған мәселені білу үшін қаладағы «Forte Bank» бөлімшесіне барып сұрау салдық.  «Forte Bank» берген мәлімет бойынша, желілер мен мессенджерлерде таралып жатқан «қарызды жаппай есептен шығару туралы» ақпарат шындыққа жанаспайды. Банк тарапы клиенттерді расталмаған дереккөздерге сенбеуге және тек банктің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенуге шақырды.

– Несиелерді «реттеп беру» немесе «есептен шығару» қызметтерін ұсынатын делдалдар мен жеке тұлғаларға жүгіну қауіпті. Мәселені өз бетінше де реттеуге болады. Ол үшін несиелік қарыз туралы және оны реттеудің жолдарын тікелей «Forte Bank-ке жүгіну керек. Кез келген бөлімшесіне барып немесе ресми сайт арқылы қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын тиісті өтініш пен құжаттарды тапсыра аласыз, – делінген банк хабарламасында

Әлеуметтік желіде «несиеңізді кешіруге көмектесемін» деген ақпараттан көз сүрінеді. Дәл сондай жарнама жүктеген Шыңғысхан есімді желі қолданушысына хабарластық. «Кредитті кешіруге көмектесемін» деген ол қызметінің құнына 20 мың теңге сұрады. «Нақты кешірім бола ма»? деп сұрағанымызда кепілдік бермейтінін,  арыз жазғаннан кейін соңғы шешім банк тарапынан екенін айтты.

         Қаржы нарығын зерттеу агенттігі де әлеуметтік желіде таралған ақпарат туралы түсініктеме берді. Агенттік шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет тарағанын растаған.

– Жалған ақпаратқа сенбеуді, тек ресми дереккөздерді пайдалануды, сондай-ақ түрлі делдалдардың көмегіне жүгінбеуді сұраймыз. Әдейі жалған ақпарат таратқандар Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жауакершілікке тартылады, – деген өз хабарламасында.

Егер де сіздің қарыз төлейтін мүмкіндігіңіз болмай, табысыңыз азайса, делдалға жүгінбей-ақ тиісті банк бөлімшесіне барып ресми өтініш жазуға құқығыңыз бар. Өтінішке қаржылық жағдайыңыздың нашарлағанын дәлелдейтін жұмыссыз ретінде тіркелгеніңіз туралы анықтама, жұмыстан шығарылғаныңыз туралы құжат немесе сот шешімдері және тағы да басқа төлем қабілеті жоқтығын растайтын құжат қоса тіркелуі қажет. Осы арқылы банкпен келісіп, төлем кестесін қайта жасауға мүмкіндігіңіз бар.

2023 жылдан бері «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы» туралы заң жұмыс істейді. Осы заң аясында қарызын төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар өтініш қалдыра алады. Заңға сәйкес жеке тұлға банкроттыққа беру үшін жалпы қарыз көлемі 1600 АЕК-тен асуы тиіс. Сондай-ақ соңғы 12 ай бойы несие төленбеген, соңғы 5 жылда қарызды қайта құрылымдаудан өтпеген және жеке кәсіпкер болмауы керек. Банкроттық туралы заң азаматтарға қаржылық қиындықтан заңды жолмен шығуға мүмкіндік береді.

Қаржылық қиындықтан шығып, қарызды реттеу үшін банкке ресми өтініш беру, жаңа төлем кестесін жасау сияқты рәсімдер қарастырылған. Делдалдарға ақша төлеу немесе тексерілмеген ақпаратқа сену алаяқтыққа ұласуы мүмкін. Сондықтан жалған хабарламаға сенбеу – әр азаматтың негізгі қауіпсіздік ережесі.

Думан КЕҢШІЛІК

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: