Арал теңізі – ХХ ғасырдың ең үлкен экологиялық апаты атанған жер. Бір кездері айдынды теңіз болған Аралбүгінгі күні карта бетінде бір-ақ сызат болып қалғаны жүректі сыздатады. Аралдың тартылуы табиғат құбылысы емес,адам әрекетінің салдары. Ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи тепе-теңдікті елемеу, суды шамадан тыс және бейберекет пайдалану, қысқа мерзімдік экономикалық пайданы көздеу ақырында орны толмас зардап әкелді. Арал қасіретігеографиялық картадағы өзгеріс емес, халықтың денсаулығына, тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына тікелей әсер еткен қасірет. Құрғаған теңіз табанынан көтерілген тұзды шаң мыңдаған шақырымға таралып, ауыл шаруашылығына да, адамның өмір сүру сапасына да зиянын тигізіп келеді. Бірақ сол қасіреттің ортасында да үміт оты бар. Қазақстан Кіші Аралды сақтап қалу үшін нақты қадамдар жасап, оның алғашқы нәтижелерін көрсетті. Осы өзекті тақырып төңірегінде экономерика профессоры, Қазақстан Парламентшілікті дамыту қорының сарапшысы, АҚШ-тың Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, профессор Нұрлан Мұңбаевпен әңгімелескен едік.
– Сұрақты төтесінен қойсақ… Арал теңізінің тартылуындағы басты себеп қандай?
–Апаттың түп себебі – ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап өңірде кең көлемде жолға қойылған, бірақ ғылыми-экологиялық тұрғыдан қате жоспарланған суармалы егіншілік. КСРО Орталық Азияны «ақ алтын» – мақтаның басты өндіріс аймағына айналдыруды мақсат тұтты. Мақта мен күрішті суару үшін Әмудария мен Сырдария өзендерінен мыңдаған шақырымға созылған алып каналдармен су тартылды. Мәселен, 1300 шақырымдық Қарақұм каналы солардың бірі болды. Бірақ бұл ирригациялық жүйелер өте тиімсіз болды.Тартылған судың 90 пайызы жолай құмға сіңіп, буланып кететін. Осылайша екі өзеннің де суы түгелдей дерлік егістікке бағытталып, теңізге жетпейтін болды.Аралдың тағы бір осалдығы – оның географиялық ерекшелігінде. Бұл теңіз – ағынсыз тұйық су айдыны әрі қуаң климаттық белдеуде орналасқан. Яғни оның деңгейі тек өзен ағысына тәуелді. Ал өзендерден келетін су тоқтаған кезде, теңіз бетімен буланған суды ештеңе толықтыра алмай қалды. Булану – табиғи әрі тоқтаусыз құбылыс, ал оған қарсы тұратын ағын су тоқтаған соң, теңіз тартылуы үдей түсті.Сол кезеңде өндірістік жоспарды қуалап, экологиялық салдарды елемеу де апатты үдетті. Кеңестік жоспарлы экономикада басты мақсат – өндірістік жоспарды орындау болды. Экологиялық қауіп, табиғи жүйеге әсер ету сияқты мәселелер не мүлде ескерілмеді, не тым төмен бағаланды. Мақсат –мақтаның көлемін арттыру, ал теңіздің тағдыры туралы ойлау артық есептелді.Нәтижесінде, 1960 жылдардан бастап буланған суды өзендер толықтыра алмай қалды да, теңіздің шегінуі жылдамдай түсті.
–Қазақстан Арал теңізін сақтау бағытында қандай нақты шаралар атқарды және бұл әрекеттер қандай нәтиже көрсетуде?
–Арал теңізін сақтап қалу жолында Қазақстан нақты әрі жүйелі қадамдарға барды. Солардың ішіндегі жоба Солтүстік (Кіші) Аралды сақтау болатын. Бұл бағытта атқарылған шаралар ел тарихындағы ең табысты экологиялық бастамалар қатарына енді.Қазақстан Кіші Аралды сақтап қалудың басты тетігі ретінде Көкарал бөгетін салуды қолға алды. 2005 жылы Дүниежүзілік банктің қолдауымен алғашқы жер бөгеті салынды, ол Кіші теңізден артық суды қажет кезінде Үлкен Аралға реттелген түрде жіберуге мүмкіндік берді. Мақсаты – Кіші Аралға келіп құятын суды ұстап тұру және артық су қажет кезде Үлкен Аралға ағатын етіп бағыттау еді. Нәтиже көп күттірмеді. Кіші Аралдың деңгейі көтерілді, тұздылық төмендеді, балық қайта оралды, тоқтап қалған балық шаруашылығы жанданды.2018 жылы берік бетон бөгет іске қосылып, су деңгейін тұрақты реттеуге жағдай жасалды.Су деңгейінің басқарылуы жақсарды, бөгетті бұзып кететін ағын қаупі азайды.Атқарылған жұмыстың нәтижелері көз алдымызда. 2023-2024 жылдар аралығында Кіші Аралдағы су деңгейі 38 метрден 42 метрге дейін көтерілді. Су тұздылығы да айтарлықтай азайды – бұрын 23 г/л болған тұз мөлшері шамамен 8–10 г/л деңгейіне түсті. Бұл – тұщы су балықтарының сазан, көксерке, камбала тәрізді түрлерінің қайта көбеюіне мүмкіндік берді. Ауланатын балық көлемі ондаған есеге артты. Өңірде бұрынғы тоқтап қалған балық өңдеу зауыттары қайта іске қосылып, халыққа жаңа жұмыс орындары ашылды.Экологиялық тұрғыдан алғанда, Кіші Арал маңында микроклимат та өзгерді. Ауа ылғалдылығы артты, тұзды шаң көтерілетін борандар азайды, жағалау маңының климаты жұмсара бастады. Бұл тек табиғатқа ғана емес, сол маңда өмір сүріп жатқан мыңдаған адамның денсаулығы мен тұрмыс сапасына оң ықпал етті.
– Солтүстік Аралды қалпына келтірудің мүмкіндігі қандай? Бұрынғы аумақтың бір бөлігін қайтаруға бола ма?
– Әңгіме тарихи өлшемдегі Аралды жүз пайыз қайтару жайында емес. Негізгі мақсат – Кіші Аралдың бүгінгі қолайлы жағдайын тұрақтандырып, біртіндеп жақсарту. Көкарал жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ендігі міндет – су деңгейін икемді реттейтін гидротехникалық жүйелерді жетілдіру, Сырдария суын үнемді пайдалану үшін каналдарды жөндеп, заманауи суару технологияларын кеңінен енгізу. Ал теңіздің толық тарихи қалпына келуі мүмкін емес.Ол үшін Әмудария мен Сырдария бассейндерінде суармалы егіншілікті тұтастай тоқтату керек, бұл әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан реалистік шешім емес. Демек, Солтүстік Аралды ұстап тұрып, мүмкін болса біршама өсіру – ең дұрыс бағдар. Үлкен (Оңтүстік) Арал болса, болашақта аса тұзды ұсақ көлдер мен сортаң ойыстар жүйесі ретінде ғана сақталуы ықтимал.
– Арал мәселесін түбегейлі шешу үшін енді қандай іс-әрекеттер қажет деп санайсыз?
– Ең әуелі трансшекаралық өзендерге тәуелді барлық елдердің – Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстанның үйлесімді әріптестігі. Бірлескен су үнемдеу стратегиясын қабылдап, оны нақты іске айналдыру маңызды. Іс жүзінде тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшу, суды аз қажет ететін дақылдарды енгізу сияқты технологиялар су шығынын күрт қысқартады. Құрғаған теңіз табанын сексеуіл және басқа да шөлге төзімді өсімдіктермен көгалдандыру – тұзды шаңның ұшуын тежеп, экожүйені қалпына келтірудің сенімді амалы. Мұның бәрі үздіксіз ғылыми мониторингке сүйеніп, тәуекелдерді бағалау және бейімделу стратегияларын әзірлеумен қатар жүруі керек.
– Климат пен ғаламдық жылыну теңіз тағдырына қалай әсер етуде?
– Жаһандық жылыну Арал мәселесін күрделендіре түсетін қосымша қысым. Аймақта ауа температурасының артуы теңіз бетінен де, егістік алқаптардан да булануды күшейтіп, су тапшылығын ұлғайтады. Памир мен Тянь-Шань мұздықтары бастапқыда еріп, ағынды уақытша көбейткенімен, мұз қоры азайған соң өзендер тайыздайды. Қысқасы, антропогендік фактор – негізгі себеп, ал климаттық өзгеріс – қуатты ушықтырғыш, ол қалпына келу мүмкіндігін тарылтып, жаңа қауіп тудырады.
– Арал проблемасы Каспий сияқты басқа су айдындарымен байланысты ма?
– Тікелей гидрологиялық байланыс жоқ, алайда ортақ тұс – екеуінің де деңгейі өзен ағыны мен булануға тәуелді және адам әрекетімен өзгеріп отыр. Соңғы жылдары Каспий деңгейінің көтерілуі байқалып, жағалауларды су басу қаупі туындады.Бұл құбылыс көбіне Еділ ағынының өзгеруімен, климат факторымен байланыстырылады. Арал трагедиясының басты сабағы – табиғи жүйелердің тепе-теңдігін елемеу және қысқа мерзімдік пайда үшін экологиялық заңдарды бұзу кешірілмес салдарға әкеледі. Қуаң өңірлердегі су қорын басқаруда дәл осы қателікті қайталамау керек.
– Бүгінде қандай экологиялық бастамалар қолдау тауып жатыр?
– Ең алдымен тиімділігі дәлелденген жобаларға басымдық беріледі. Құрғаған табанда сексеуіл егу арқылы құм мен тұздың көтерілуін тежеу – солардың бірі. Шаруалар арасында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, тәжірибелік-оқыту бағдарламаларын жүргізу де нәтижесін беріп келеді. Дүниежүзілік банк пен БҰҰ Даму бағдарламасының өңірді экологиялық және әлеуметтік тұрғыда оңалтуға бағытталған жобалары жергілікті халықтың өмір сапасын жақсартуға көмектесуде. Сонымен бірге экожүйені тұрақты бақылауға арналған ғылыми зерттеулер алдағы шешімдердің сапасын айқындайтын негізгі тірек.
– Арал проблемасын шешуде ғылыми зерттеулердің тәжірибелік пайдасы қандай?
– Арал мәселесінің шешімі тек техникамен немесе қаржымен шектелмейді. Бұл – ең алдымен ғылыми негізделген, терең түсінік пен ұрпақ санасына сіңірілген экологиялық мәдениетке сүйенетін күрделі процесс. Сондықтан ғылым, білім және жастардың рөлі бұл мәселеде айрықша маңызға ие.Ғылым – нақты дерек, дәйекті болжам және технологиялық шешімдердің қайнары. Су тұщыландыру, суды үнемдеу, ауыл шаруашылығын жаңа климатқа бейімдеу секілді бағыттар ғылыми ізденіссіз алға баспайды. Сонымен қатар қауіп-қатерлерді алдын ала бағалау да – тек ғылымның қолынан келетін іс. Білім – болашаққа салынған инвестиция. Экологиялық ойлау қабілеті жоғары жаңа буынды тәрбиелеу – алдағы онжылдықтарда осындай апаттардың қайталанбауына кепіл бола алады. Аралдың басынан өткен сабағын мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін жүйелі түрде оқыту – сананы жаңартудың тиімді жолы. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – тек мамандарға емес, барша қоғамға ортақ қажеттілік. Білім беру жүйесі экологиялық сананы қалыптастырып, Аралдың ащы сабағын ұрпақ жадында жаңғыртуы тиіс. Жастар – өзгерістің қозғаушы күші: еріктілік акцияларына қатысып, экологиялық IT-шешімдер жасап, әлеуметтік желілерде ағартушылық жүргізсе, қоғам назарын нақты іске жұмылдыра алады.
– Аралды жаңғыртып, табиғатты қорғау жолында қоғам ретінде қандай қадамдар жасауымыз қажет?
– Күнделікті өмірде суды ұқыппен пайдалану – ең пәрменді қадам. Бақша мен шағын егісті тамшылатып суару, жауын суын жинау, суға сұранысы аз өсімдіктерді таңдау – қолжетімді әрі нәтижелі амалдар. Айналаны көгалдандыру, сексеуіл отырғызу тұзды шаңның бетін қайтарады. Диқандар үшін тұрақты егіншілік қағидаттарына көшу, заманауи суару жүйелерін пайдалану – өнім мен суды қатар үнемдейді. Кіші Аралдың қайта толуы экотуризм мен заңды балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді: балық аулау, құсбақылау, тартылған табанға экскурсиялар өңір экономикасын әртараптандырады. Ең бастысы – отбасы мен қауымдастықта экологиялық ағартушылықты күшейту.Су – тіршіліктің өзегі, оны қорғау – әр азаматтың парызы.Арал трагедиясы – бүкіл адамзатқа ортақ қатаң сабақ. Бірақ Солтүстік Аралды құтқару тәжірибесі ең күрделі экологиялық дағдарыстың өзінде де мақсатты, сауатты саясат пен үйлесімді ынтымақтастық үміт сыйлайтынын көрсетуде. Тұрақты жұмыс пен ғылыми негізделген шешімдер арқылы өңірді экологиялық және экономикалық тұрғыдан қайта түлетуге болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!