Қазіргі таңда білім – жай ғана диплом алудың құралы емес, ол адамның өмірлік жолын, қоғамдағы орнын айқындайтын басты фактор. Бәсекеге қабілетті, ойы жүйрік, білімді ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттің де, қоғамның да маңызды міндеті. Осы мақсатта елімізде соңғы уақытта көптеген жаңа форматтағы білім беру орталығы ашылып, нәтижелі жұмыс істеуде. Соның ішінде өңірде білім беру сапасымен көпшіліктің көңілінен шыққан «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы бар.
Бастапқыда шағын ғана топпен, небәрі 24 шаршы метр жерде басталған білім беру жобасы қазір республика деңгейінде мойындалып, еліміздің 18 өңірінде 56 филиалы бар үлкен білім беру орталығына айналды. Мұның артында қандай еңбек, қандай ізденіс, қандай жаңашылдық бар екені көпшілікті қызықтырары анық.
Орталық директоры Оразхан Жаңайұлы «Зерделі» орталығының құрылу тарихын ерекше ықыласпен еске алады. Оның айтуынша, негізгі мақсат қазақ балаларының халықаралық олимпиадаларда топ жаруына мүмкіндік жасау еді.Себебі сол кезде елімізде қазақ тілінде олимпиадаға дайындайтын сапалы оқу құралдары да, дайындық орталықтары да жоқтың қасы еді.Осы олқылықты жоюға бел шешкен тәжірибелі ұстаз, «Зерделі» ақыл ой дамыту мектептері мен орталықтарының бас директоры Ырысбек Мәуіт бастаған шағын топтың ұмтылысы бүгінде мыңдаған қазақ баласының әлемдік білім бәйгесінде жеңіске жетуіне себепші болып отыр.
– Бастапқыда бізді қолдаушылар да аз болды, материалдық жағдай да күрделі еді. Бірақ мақсатымыздың дұрыстығына сендік. Бүгін, міне, 11 жыл өткенде, алғашқы арманымыз орындалды деп айта аламын. Біздің орталықтан шыққан оқушылар халықаралық олимпиадаларда ғана емес, Назарбаев Зияткерлік мектептеріне, еліміздің ең үздік оқу орындарына да түсіп, зор жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Расында, алғаш олимпиадаға даярлық бағытында құрылған орталық жылдар өте келе қызмет аясын кеңейтті. Уақыт өте халықтың сұранысымен Назарбаев зияткерлік мектептеріне (NIS) түсуге дайындық, ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) даярлық, сондай-ақ түрлі халықаралық білім байқауларына дайындық курстары қосылды. «Бүгінде «Зерделі» орталығында 2-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылар математика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі және жаратылыстану бағытындағы барлық негізгі пәндер бойынша білім алады. Біз офлайн білім берумен қатар, 2019-2020 жылдары онлайн оқыту форматын енгіздік. Мақсат – шалғай ауылдағы балаларға да білімді қолжетімді бағамен ұсыну», – дейді орталық басшысы.
Орталық жұмысын ұйымдастырудағы өзіндік жүйе бес бағыттан тұрады. Біріншісі – негізгі білім беру процесі (онлайн және офлайн оқыту) болса, екіншісі – дарынды балаларды олимпиадаға дайындау және республикалық білім бәйгелерін ұйымдастыру. Үшінші бағыт – оқу әдістемесін жетілдіру, яғни қазақ тілінде сапалы оқу құралдарын әзірлеу. Төртіншісі – цифрлық платформа арқылы оқу үрдісін заманауи технологиялармен ұштастыру. Бесінші бағыт – «Зерделі көмек» атты әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы.
– Білім беру ісі нәтижелі болуы үшін ең алдымен мұғалім мықты болуы керек. Одан кейін қолындағы оқулықтары мен бағдарламасы сапалы болуы тиіс. Мұғалім мен оқу бағдарламасы мықты болған соң, оқушыны түрлі білім бәсекесіне дайындап, қабілетін шыңдай аламыз. Ал сол білім бәйгелерінде бағалау процесі «Зерделі талант» олимпиадалық бөлімі арқылы жүзеге асады. Осы төрт бағыттан бөлек қаржылық, әдістемелік тағы басқа мәселелерді шешуге бесінші бағыт бар, – дейді Оразхан Жаңайұлы.
«Зерделі» мұғалімдерді жұмысқа қабылдау талабы жоғары: орталыққа жұмысқа орналасатын әр педагог өзі сабақ беретін пәнінен тест тапсырып, 60%-дан жоғары нәтиже көрсетуі шарт, содан кейін ғана сұхбаттасу кезеңінен өтеді. Тәжірибелі мұғалімдермен қатар, орталық жас педагогтарды да қанаттандырады. Университеттің 3-4 курс студенттері білімді болса, сынақ тест пен сұхбаттан соң, арнайы үш айлық тағылымдамадан өтіп, тұрақты жұмысқа қабылданады.
– Бізде өте мықты тәжірибелі ұстаздар бар және мықты мамандар студенттерді үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп отыруы керек. Жалпы мұғалімдерге қойылатын басты талап – бірінші кезекте жауапкершілік, екінші – шәкіртке деген шынайы махаббат. Балаларды сүйіп оқытқан ұстаз ғана нәтижеге қол жеткізе алады, – дейді орталық директоры.
Орталық мұғалімдерді әлеуметтік тұрғыда ынталандырып отырады. Бүгінде «Зерделі» компаниясы 30-дан астам мұғалімге және 30 қызметкеріне баспана және автокөлік алып берген. Мұндай қолдау педагогтардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
– Біз он жыл бойы жетілдірген өзіндік бағалау жүйесі арқылы ата-ана баласының деңгейін тұрақты бақылап отыруына жағдай жасадық. Мұндай кері байланыс басқа ешбір орталықта жоқ, – дейді директор.
Орталыққа білім алуға келген оқушы ең алдымен тест тапсырып, бастапқы білім деңгейі анықталады. Соның негізінде оқушы өз деңгейіне сәйкес топқа бөлініп, оқу бағдарламасына бейімделеді. Оқушылардың білімі ай сайынғы мониторингтік тест арқылы тексеріліп, нәтижесі ата-анаға хабарланады. Бұл сынақтар Назарбаев мектептеріне қабылдау емтиханының, PISA халықаралық зерттеулерінің және ҰБТ сұрақтарының үлгісінде құрастырылған, сондықтан балаларға қосымша тәжірибе болады. Әр айдың соңындағы тест күні орталықта бөгде кезекшілер тағайындалып, балалардың білімін объективті бағалау қағидасы қатаң сақталады. Сонымен қатар әр сабақтан соң кешкісін мұғалім ата-анаға хабарласып, оқушының сол күнгі жетістіктері мен кемшіліктерін жеке баяндап береді. Осындай ашықтықтың арқасында ата-ана мен орталық арасында толық түсіністік орнаған. Сапа бақылау бөлімі де тұрақты түрде ата-аналармен байланысып, әр ұстаздың оқыту сапасына тәуелсіз бағалау жүргізіп отырады.
– Орталықта оқушыларды ынталандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Егер ынталандыру, мотивация болмаса, білім беру бірсарынды күйге түсіп, тиісті нəтиже бермей қалады. Сондықтан үздік шәкірттерге арнайы сыйлықтар мен мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, орталық ұйымдастырған бастауыш сынып оқушыларына арналған республикалық «Алтын Сақа» челленджінде жеңіске жеткен бүлдіршіндер ата-анасымен бірге Сингапурге саяхаттап, әлемдік озық білім ордаларымен танысып қайтты. ҰБТ бағытында жоғары нәтиже көрсеткен түлектерге де бағалы сыйлықтар беріледі: республикалық көрсеткіш бойынша ең үздік атанған оқушылар соңғы үлгідегі iPhone смартфонына және 5 миллион теңгеге дейінгі қаржылай сыйақыға қол жеткізе алады. Өткен оқу жылында дәл осындай марапатқа 140 ұпайдың 140-ын жинаған зерделілік түлек ие болды. Бұдан бөлек, әр облыста өз қатарластарынан озып шыққан түлектерге де жеке сый-сыяпат табысталып келеді. Орталықтағы ай сайынғы сынақтарда жақсы нәтиже көрсеткен оқушыларға шәкіртақы тағайындау жолға қойылған, – дейді Оразхан Жолдасбай.
Орталық олимпиадаларды дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Мысалы, мектеп оқушылары арасында «Алтын сақа», жоғары сыныптарға арналған «Алтын түлек» және мұғалімдерге арналған «Алтын тұғыр» атты білім бәйгелері жыл сайын ұйымдастырылады. Орталық шәкірттері көптеген халықаралық жарыста ел мерейін үстем етуде. Биыл математикадан өткен «Copernicus» олимпиадасында «Зерделі-Тараз» оқушысы топтық кезеңде бас жүлдені жеңіп алып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғады. Ал Ташкент қаласында өткен TEMO халықаралық олимпиадасына қатысқан үш бірдей зерделілік шәкірттің біреуі алтын, біреуі қола медаль еншілеп қайтты. Тіпті, орталықтың 5-сынып оқушылары 7-8 сыныптарға арналған республикалық пән олимпиадаларында жүлде алып жүр, үш жыл қатарынан «Зерделінің» бір 5-сынып шәкірті 7-8 сынып оқушылары арасындағы олимпиадада топ жарып, дарынды жас ретінде танылды.
– Соңғы он жылда NIS емтихандарынан жоғары нәтиже көрсеткендер, ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинаған түлектер мен түрлі білім сайыстарының жеңімпаздарының басым бөлігі – біздің шәкірттеріміз. Бұл – біз үшін зор мақтаныш. Орталықтың ендігі мақсаты – жеткен жетістіктермен тоқтап қалмай, ауқымын одан әрі кеңейту. Жаңа бағыт ретінде «Зерделі» орталығын әлемдік аренаға шығару ойымыз бар. Күні кеше Дубайда бір филиалымызды ашу жөнінде келіссөз жүргізіп келдік. Былтыр Ташкентте де осындай келісімдер жасадық, – дейді орталық директоры жетістіктер жайында.
Алдағы уақытта орталық «Zerdeli» брендіндегі жеке колледж және университет ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ он жыл бойы жинаған әдістемелік тәжірибесін ғылыми негізде жүйелеу мақсатында ұлттық деңгейдегі зерттеу институтын құруды көздейді. Қарапайым бастамадан үлкен жетістіктерге қол жеткізген «Зерделі» бүгінде мыңдаған жастың білімге деген құштарлығын оятып, талай талапты балаға оң бағыт берді. Шағын бөлмеде тұтанған шырақ бүгінде республикамыздың түкпір-түкпірінде алаулап, білімге ынтық балалардың талабын ұштап келеді. Орталық басшысы Оразхан Жолдасбай бастаған ұжымның табанды еңбегі – сапалы білім беруге үлес қосып келеді. Алдағы уақытта «Зерделі» ұжымы осы зияткерлік жолдағы шамшырақты сөндірмей, білім көкжиегін кеңейтуге әрі талай баланың қабілетін ашуға ынталы.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!