Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Періште қонған үй

23.03.2024

949 0

Сурет: egemen.kz

Биыл Наурыз мерекесі ерекше тойланды. Наурызнама кестесі бойынша он күн бойы аталып өткен мерекенің түйіні – Тазару күні деп аталыпты. Тазалық демекші, бала күнімізден анамыздың ықпалымен ойымызда тазалық туралы әдемі түсінік қалыптасты. Ауылдағы ошақ сарайда отын-тезек төсек жинағандай тап-тұйнақтай боп қаланып, кесектен соғылған пеш жұмыртқадай аппақ болып тұруы тиіс. Кейде  пештің сылағы түсіп, жиектері мүжіле бастаса, анам өзі сылап, қайта әктеп қоятын. Жаздыгүні таңмен таласа тұра қалсақ, тап-тұйнақтай ошақ басы, жанған тезектің иісі, буы бұрқыраған қазан жаныңды жадыратқандай әдемі әсер сыйлайтын. Ауылдың ғажап көрінісі де осы ғой. Ошақ басының тазалығына мән беретін анамның бізді де тазалыққа үйретуінің өз құпиясы болды. «Таза үйге періште қонады, әсіресе ошақтың басы, ыдыс-аяқ таза тұруы тиіс», – дейтін. Анамның ұрыспай-ақ, талап етпей-ақ, осы бір ауыз сөзі бізге ерекше әсер етті. Ойын баласы болсақ та, кешке қарай ошақтың айналасының тазалығын бір тексеріп, су құйылған ыдыстың бетін жабуды ұмытқан жоқпыз. Жаз түнінде даладағы сәкіде жұлдыз санап жатып, «сонда періштелер қалай қонады?» деген сұрақтың жауабын іздеп қиялға берілетінбіз. «Періште айналамыз шашылып жатса, ұшып кете ме, қалай қонады, періште қонған үй қандай болады?» деген секілді сұрағымыз таусылмайды. Мұндайда анам: «Періште қонған үйде береке, тек жақсылық болады, сендер жақсы болсын деп тілейді» деп ертегі айтқандай бояуын қалыңдатып, әсерлі етіп жеткізетін. Ал Айт, Наурыз мерекесі қарсаңында дайындық тіпті қыза түседі. Мұнда да бірінші орында – тазалық. Үйдің іші де, сырты да мұнтаздай болуы тиіс. Себебі белгілі, таза үйге періште қонады. «Періште біздің үйге қонбай кетсе ше?» деген өз ойымыздан өзіміз қорқып, тазалық науқанына білек сыбана үлес қосатын едік. Анамның осы бір сөзі есейген күнде де жадымда сақталып қалды. Мүмкін, бұл ойын баласы – біздерді жұмсау үшін өзінің тамаша әдісі болған шығар. Алайда бала күнімізден ойда қалған осы бір қағида қанша уақыт өтсе де санаңда жаңғырып тұрады екен. «Таза үйге періште қонады» дегенге әлі де бала күнгідей риясыз сенетінім сонша, берекесі тасыған, сүттей ұйыған отбасын көрсем, «періште қонған үй осындай болар» деп ойлаймын.

Жалпы қазақ тазалыққа ерекше мән берген ғой. Ішкен ас, киген киімнен бөлек, жан мен тән тазалығының үйлесуін қалаған. Дінімізде де тазалық мәселесі ерекше айтылады. Ал Наурыз мерекесінің мәні – тазалықта. Ел Ұлыстың ұлы күнінен бастап жаңа жыл келді деп, көктемге әзірлікті тазалықтан бастаған. Есіктің айналасын тазартып, ағаш егіп, көктемді қуанышпен, емен-жарқын көңіл-күймен қарсы алған. Мұның өзі жаңа жылды берекемен, қуана қарсы алу болса керек. Әр қазақтың шаңырағы берекелі болсын!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА  

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: