Сейсенбі, 04 наурыз, 13:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17, 2130
04.03.2025
PDF мұрағаты

Қайран, Тұрсынбай! Жаса!

04.03.2025

11 0

Кенен Әзірбаевтың

«…Келін тілді алмайды, кердең қағып,

Бала тілді алмайды-ау, беттен алып.

Кемпірім де соларға қосылып ап,

Отырамын ортада қайран қалып, – деп келетін «Қайран, жастық!» әнін білесіздер. Қарт кісі­нің мұңы. Адамның өзінен күш кеткен соң, өзге түгілі үй-ішіне де сөзі өте қоймай, әркімнің бетіне бір жалтаңдап күй кеше ме?! Ақын атамыз сол келең­сіздікті әзілмен әдемі әдіптепті. Солай екендігіне сіз де, сіз де келісерсіз, ал басқалар… Мәселен, сапер батальонінің қатардағы жауынгері Тұрсынбай Кенжесариев олай ойламайды екен: «Бұл жаңа жыл туралы ән!» деп жүрді. Расында, мұның арасынан жаңа жыл туралы бір ауыз сөз тапсаңыз кәні?

Бұл әңгіменің мәнісі сізге де түсінікті болу үшін, басынан бастайыншы…

Забайкалье әскери округі. Мирная станциясы, артполктің клубы. Жаңа жылдың алды еді, кон­церттің аяқталар шамасы. Жүргізуші: «Ендігі кезек жауынгер Кенжесариевте, ол қазақ халқының жаңа жыл туралы әнін ұлттық музыкалық аспабы домбыраға қосып орындайды!» деп хабарлады. Біздің  жырау қызыл ағаштан ойған домбырасын сүйретіп шығып, «Келін тілді алмайды, кердең қағып…» деп айдалаға лағып кетті. Әлгінің хабарлағанындай жаңа жыл туралы бір ауыз сөз жоқ. Сонда да, «Уһ, қайран, жастық!» деп әнін аяқтаған кезде, осындағы күллі азиялықтар дүрілдете қол соғып, жер тепкіледі. Жаңа жыл туралы ән дегеніне емес, әннің қазақ тілінде орындалғандығына, домбыраның құдіретіне! Сүйсіндік, әрі қуандық! Таза қазақ тіліндегі әнді өзіңнің туған жеріңнен мыңдаған шақырым шалғай өлкеде, өзің нанға бірде жарып, бірде жа­рымай, керзі етік аяғыңды қажап, ұйқың қанбай, суық күнде ауыр қару-жарақ арқаланып, салпақтап жүгіргіп ке­ліп, солығыңды бас­қанда тыңдап көр­ші, қандай күйде болар едіңіз. Мұны әркім өзі бастан өткермесе, жан жүрегімен сезіне қою әлбетте, қиын болар…

Иә, сонымен жерлесіміздің «Жаңа жыл туралы» әнін тыңдап, бір сергіп қалдық, басқа ұлт­тың өкілдері де елеңдесіп қалған секілді. Әскер­ге келгеніне екі-үш ай өтпей жатып, көркемөнер­паздардың үйірмесіне қатысып жүрген Тұрсынбай шынында да «Молодец!» екен. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» демекші, шын өнердің жүзі жасырынбайды екен-ау! Оның асқан күйші екендігін бүкіл ауыл-аймағымызға белгілі еді, енді Забайкальенің қиырындағы Мирный станция­сындағы дивизия түгел оны әнші ретінде танитын болды. Мұнда кеңестер одағының қай түкпірінен өкіл келмеді дейсіз, олардың мұрны қоңқиған қара қазақтың өнеріне таң қалмағаны жоқ шығар. «Одна палька, две струна» деп домбыраны мазақ ететіндер енді ондай әбес сөзді айта алмайды. Өйткені оны жетектеп жүрген осындағы қырғыз сержант. Төбелеске де дес бермейтін дегеннің өзі. Сүзетін бұқа секілді одырайып қарағанда, қалғандары ығып жүре береді. Оның бетіне қарсы келетін адам бұл маңда әзірге жоқ. Сол қырғыз екеуі дос. Әлгі домбыраны екеуі қолдан ойып жасап, бірге тыңқылдатып отыратын еді, міне, енді осындағы клубта концертке  шығатын дәрежеге жетті.

Арада күндер, апталар зыр етіп өте шықты. 23 ақпан – Совет Армиясы күні! Жауынгерлерді клубқа жинады, концерт болады. Өткен жолы өнерпаздардың соңын ала шыққан Тұрсынбайымыз бұл мерекеде ойынның нақ ортасында сахнаға шықты. «Қазақстаннан келген жауынгер Кенжеса­риев қызыл әскерлер туралы қазақтың әнін шыр­қайды!» десін хабарлағыш солдат. Тұрсекең дом­бырасын тыңқылдатып алып, бастап ке-еп берді. Мынауыңда бет жоқ екен, тағы да: «…Бала тілді алмайды, беттен алып» деп ұре-еп отыр. «Қайран, жастық»! Тағы да дуылдата қол соқтық. Әнші жігітте еш қысылу жоқ, тершең мұрнын бір сипап сахнадан ұзай берді. Бұл мерекеден соң, 8 нау­рыз – халықаралық әйелдер күні де келе қалды. Тағы да концерт! Тағы да, «Әйелдерге арналған қазақ әнін» жауынгер Кенжесариев орындап берді. Жаса, Тұрсынбай! Жаса, «Қайран, жастық!»

Не керек, 1 мамыр келеді – «Қайран, жастық!», 9 мамыр – «Қайран, жастық»!  1 маусым – бала­ларды қорғау күні… Тағы да «Қайран, жастық!»… Қатардағы жауынгер Тұрсынбай Кенжесариев әскердегі отандық борышын өтеген екі жыл бойы Кенен атамыздың осы белгілі әнін құбылтып, Конституция күніне де арнады, Октябрь револю­циясына да арнады, Шекарашылар күні де қалыс қалмады, соңында тағы да жаңа жыл мерекесіне әкеліп тіреді емес пе?! Әлгі хабарлағыш титақай солдат та «Қайран, жастықты» тойланар мерекеге қатысты қазақ әні деуінен танбай кетті.

«Жетесіз-ау, қазақтың басқа әні құрып қалды ма, тұрып қалған магнитафон секілді бір сөзді қайталай бермей, басқасын неге айтпайсың?» дейміз ғой домбырашы досымызға. – Қайдан білейін, ана забқұлып хахол осы әнің дұрыс, осыңнан танба!», –деді ғой дейді…

Қайран, Тұрсынбай! Жаса!

Нұрмахан ЕЛТАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: