Қызылорда қалалық мәслихаты жыл бойы атқарған жұмысын қорытындылады. Қалалық мәслихат өз қызметінде ашықтық қағидатын басшылыққа алып, халықпен байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желілерде мәслихат аппараты қызметкерінің ұялы байланыс нөмірі жарияланған. Бұл арқылы кез келген тұрғын сауал жолдап, пікір білдіре алады. Мәселен, жыл көлемінде 253 азамат қабылдауда болса, 195-і инфрақұрылым мәселесімен, 85-і әлеуметтік қолдауға мұқтаж болған. 127 мәселе бойынша жауапты мекемелерге хат жолданып, 30-ы қанағаттандырылып, 123-не түсіндірме жүргізілген. Бұл туралы өткен аптада қалалық мәслихаттың кезекті 45 сессиясында баяндалды.
Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық еткен сессияға қала әкімі Нұржан Ахатов, қала әкімінің орынбасарлары мен қала әкімі аппаратының басшысы қатысты.
Сессия барысында қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев қалалық мәслихаттың 2025 жылы атқарған жұмысына тоқталды.
Мәслихат төрағасының айтуынша, 2025 жылы қалалық мәслихатының 13 сессиясы өтіп, 64 шешім қабылданған. Қаралған мәселелердің 33-і қала, кент және ауылдық округтің бюджетіне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы және 84 депутаттық сауал жолданса, 65-і коммуналдық салаға қатысты. Депутаттар тұрғындарды жеке қабылдауы барысында 280 мәселе көтеріліп, жергілікті атқарушы органдарға хаттар жолданған. Халық қалаулылары сайлаушылармен, ұжымдармен 40-қа жуық кездесу өткізген.

Сондай-ақ жиында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағалары М.Әбдіқалықов және И.Басықараев атқарған жұмысы туралы есеп берді.
Сессияда 2026-2028 жылдарға арналған қала бюджеті қаралып, бекітілді. 2026-2028 жылдарға арналған қалалық бюджет шығысының басым бөлігі ел Президентінің халыққа Жолдауындағы тапсырмаларға, 2026-2028 жылдарға арналған қаланың әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, экономикаға сәйкес айқындалған.
Бұл туралы қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сауалға жауап берді.
Қалалық мәслихат депутаттары ауылдық елді-мекенге қатынайтын қоғамдық көлікті көбейтуді, Белкөл кентіндегі мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізуді, «Жол картасы» бағдарламасындағы бақылауға алынған жобаның орындалуын қамтамасыз етуді, Қызылжарма ауылдық округіндегі электр желісін жаңартуды, қосалқы электр станциясын орнату жұмысын жалғастыруды, үкіметтік емес ұйымдардың қаржысын қажетті шығынға жұмсауды, қалалық бюджет қаржысының қаланың инфрақұрылымы, әлеуметтік саласына бөлінуіне басымдық беруді және өзге де ұсынысын жеткізді.
Сессия соңында қала әкімі Н.Ахатов жыл көлемінде қалада атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Мемлекет басшысының аймаққа жұмыс сапары өңіріміз үшін ерекше маңызға ие болды. Сапар барысында Президент қаладағы жаңа өндіріс жобаларының, әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысып, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, экология және су мәселесін шешу бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қызылорданың даму қарқынын оң бағалап, жаңа бастамаларға қолдау көрсетті. Бұл – Сыр еліне деген үлкен сенім мен зор жауапкершілік. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысының жолдауда белгіленген міндеттерін жауапкершілікпен орындауға күш саламыз, – деді қала әкімі.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!