Сенбі, 13 қыркүйек, 13:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№69,2182
13.09.2025
PDF мұрағаты

Құндылықтар дәріптелген кездесу

13.09.2025

45 0

Отбасы – қоғамның алтын қазығы, берекенің бастауы. Елімізде жыл сайын атап өтілетін Отбасы күніне орай «Анаға тағзым» орталығында «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева, қалалық әйелдер кеңесінің мүшелері, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қызметінің мамандары, сондай-ақ «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары, алтын және күміс той иелері мен жас отбасылар қатысты.

Кездесуге жиналған көпшілікке ұзақ жыл бойы отбасының берекесін сақтап келе жатқан, отбасы құндылықтарын дәріптеп жүрген ардагерлер өнегелі әңгімелерімен бөлісті.

  – Отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекетте ауызбіршілік, төзімділік пен сыйластық болуы шарт. Бүгінде үш баламыз, сегіз немереміз бар. Немерелерімнің төртеуі Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқиды. Ал бір немерем қазір Италияда архитектура мамандығы бойынша білім алуда. Біз әрқашан балаларымызды, немерелерімізді білімге талпындыруға тырысамыз. Отбасымыздың басты талабы да – осы. Әрдайым даму жолындамыз. Өзімнің отбасылық өміріме келер болсам, бар жетістігіме себепкер енем дер едім. Қазіргі таңда жас келіндер енесін көрсе қабақ шытып, бөлек шығып, «өзіміз үй боламыз» дегенді жөн санайды. Бұл – қате ой. Керісінше, қарашаңырақта, ененің жанында жүріп қана шын мәнінде үй боласыңдар дегім келеді, – дейді Сапура Қожантайқызы.

Бұл жүрекжарды сөздерден кейін отбасы құндылықтарының қайнар бұлағы – үлкенге құрмет, кішіге ізет екенін анық аңғаруға болады.

– Өмірлік жарым Сапураға алғысымды айтқым келеді. Отбасын құру, үйлену, дүркіретіп той жасау оңай. Дегенмен сол отбасыны сақтап қалу әркімнің қолынан келе бермейтіні анық. Ата-ананың парызы – дүниеге әкелген ұрпағын тәрбиелеу. Бірақ тек тәрбиелеп, қажеттілігін өтеп қана қоймай, саналы етіп өсіру қажет. Перзентім – менің балам емес, «халықтың баласы» деген түсінік болуы керек, – дейді Жақсылық Сәрсенбайұлы.

  Бүгінде елімізде мәуелі әулетке айналып, жарты ғасырдан астам жұптасып ғұмыр кешкен «Алтын той» иелерінің қатары артып келеді. Әсіресе, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде шаңырағын шаттыққа бөлеп, көпке өнегесімен үлгі болған отбасылар жетерлік. Шаңырақтың түтінін түтетіп, әдепті қыз, саналы ұл өсірген ақ жүректі ата-әжелер қашанда құрметке лайық. Соның бірі – Мыңжасаровтар отбасы. Алпыс жылдан аса уақыт бойы бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келе жатқан бұл әулет тамырын тереңге жайған бәйтеректей. Олар бес ұл өсіріп, бүгінде 22 немере мен 22 шөберенің ортасында отыр. Биылғы 2025 жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде ІІ орынға ие болып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

– Отау құрғанымызға елу жылдан асты. Өмірдің ыстығына да, суығына да шыдап, бір-біріміздің қас-қабағымызға қарап, ғұмыр кешіп келеміз. Бүгінде біз отбасы ғана емеспіз, тамырын тереңге жайған шағын мемлекетпіз. Ең бастысы – татулық. Бүгінгі жиынға жастарымыз қатысып отырғанына қуаныштымын, – дейді Мыңжасар Арысбаев.

Айдана БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: