Алты Алашқа сауын айтылып, тұтас Қазақстан көз тіккен сол жағалаудағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратының ашылуын тағатсыздана тостық. Ә дегенде бұл ғимараттың төрінде бұрын-соңды көрмеген таңсық экспонаттар болатынын естігенде «тезірек ашылса екен» деп, мойын созып жүргендердің бірі едік. Ұлттың кешегісі мен бүгінін бір арнаға сыйғызып, өткенге сапар шеккізер орталыққа редакциямызбен бірге барып, танысуды жөн көрдік.
Музей қызметкерлері кіреберіс дәлізде жылы шырай танытып қарсы алды. Зәулім ғимараттың ауласынан бастап көкорай шалғын көз тартып, келушілердің жанын жадырататындай. Біз барғанда қызметкерлер қазақтың қабырғалы қаламгері Ұлықбек Есдәулеттің жолын тосып тұр екен. Әлбетте, қонақтың үлкен-кішісі жоқ. Қонақтың бәрі қадірлі. Осы ұстанымдағы музей қызметкерлері ортадан директордың орынбасары Асхат Сайлауды сайлап, қойнауына талай ғасырлық сырды бүккен Сыр топырағының құпиясына қанығуға жол тарттық.
– Біздің өңірдегі ең алғашқы динозавр биіктігі екі метрге, ұзындығы төрт метрге жеткен. Аралозавр деп аталады. 1958 жылы Қармақшы ауданының Жосалы кентінің солтүстік-шығысында 80 шақырым жердегі Шақшақ шатқалында табылған. Мұның аузында мың тіс болған. Міне, анықтап қарасаңыз болады, – деді Асхат Қожакелдіұлы.

Бір кереметі, сіз қандай бөлімге кірсеңіз, сол кезеңнің үні шығып, құдды бір әлгі әлемнің бел ортасында жүргендей күй кешесіз. Динозаврлар әлемінде олардың дауысын естідік. Қандай керемет. Бұл дегеніңіз, адамдарға ерекше күй сыйлайтын әдіс екен. Миллиондаған жыл бұрын мекен еткен шөпқоректі динозаврдың жанында тұрқы шағын келген жыртқыштар да экспонаттар көшін бастап тұр.
Иә, музей – тек жәдігерлердің орналасатын жері ғана емес, заманауи технологияларды тарихпен ұштастырған инновациялық мәдени кешен. Бұл нысан – өткен мен болашақ арасында көпір сала отырып, руханият пен білімнің ордасына айналды. Цифрлық дамуға да қол жеткізген бүгінгі музейде әйнектің арғы жағында тұрған құнды жәдігердің үстінен баса қалсаңыз, сол әйнектің бетінде қажетті мәлімет шыға келеді. Келушілерге барлық ақпарат қолжетімді.
– Бұл музей – еліміздегі Ұлттық музейден кейінгі орындағы нысан. Заманауи үлгіде салынған мұндай ғимарат, дәл мұндай экспонаттардың көпшілігі басқа жерлерде кездесе бермейді. Музей қызметкерлерінің еңбегі сіңді. Мұның барлығын жанашырлықпен жасадық, жинақтадық, – дейді Асхат Сайлау.

Музейде көрме залдары өте көп. Әр жәдігер өзінше сыр шертеді, әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерге ие. Келесі залға өткенде «Абылай!» деп айқайлап жіберердей болдық. Қолына найза мен қалқан ұстаған, сауыт-сайманды батырларды көрдік. Қазақтың өзге де би-шешендері киген шекпендер мен бөріктер ілулі тұр. Бұлар бізді қазақ хандығының рухымен қауыштырды. Бұл залда әр сауыт – жорықтың, әр семсер – шайқастың куәсі. Ал интерактивті құралдар арқылы біз сол заманның тынысын сезіп, тіпті батырлардың сөзі мен дауысын ести алдық. Шынайы қарулардың сықыры, ат тұяғының дүбірі – бәрі де жүректен-жүрекке жетіп жатты.
Орта ғасырлық «Сығанақ» базарына сапар шектік десем, сенер ме едіңіз?! Музей аралап жүріп, табан астында базар шуына тап болдық. Бөлменің қабырғасына кәдімгі базардағы орын дайындалған. Бөренелерді кесіп, оны бір-біріне арқанмен байлап орнатыпты. Базардың төрінде Сығанақ қаласының макеті орналасқан.


Сығанақ қаласының ежелгі базарының көрінісі көз алдымызда. Сатушының дауысы, сауданың қызған шағы, түйенің қоңырауы, ұста соғып жатқан темірдің үні – бәрі шынайы. Қолдан жасалған ыдыстар, шекпендер мен зергерлік бұйымдар – қазақ даласының сауда тарихының айқын көрінісі. Бұл – тарихты сезіну емес, оның бір бөлшегі болу еді.
Келесі бөлімге енгенде құлақкесті тыныштық пайда болды. Қазақы үйдің алдында қалың ойға шомған кимешекті әже отыр. Сәл ілгері жүріп едік, домбыра тартып отырған жігіт, арғы жағында көкорай шалғында жайылып жүрген қозы-лақ… Біз өз дәуірімізге жақындағандай болдық. Бірақ мұнан кейін олай емес екеніне көз жетті.

Құлағымызға «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп көзілдіріктің астымен Ахмет атамыз қарап тұрғандай болды. Ал енді бірде «Найзаменен түртсе де, жатырсың қазақ оянбай» деп еліне кейіген Сұлтанмахмұтты көрдік. Апырай, ақ-қара түсті эффектімен жандарына отыра кетіп, суретке түссеңіз, сол дәуірдің адамындай бола қаласыз… Қабырғадағы бұл сурет жай сурет емес, алдыңызда сол адамның өзі тұрғандай шынайы бейнеге жақын еді… Жарық астында тұрған суреттер емес, рухтардың үнсіз тілдесуі. Бұл зал – қазақтың санасы мен намысын оятқан тұлғаларға тағзым ету залындай.

Музейде жасанды интеллект жүйелері кеңінен қолданылған. Әрбір смарт-витрина өзіндегі жәдігер туралы ақпаратты бірден көрсетіп, келушілерге тереңірек мәлімет алуға мүмкіндік береді. Ең әсерлі тұстардың бірі – соғыс жылдарындағы жауынгердің бейнесін толық бір қабырғаға орнатқан интерактивті инсталляция. Бұл өткенге саяхат жасап, тарихи тұлғалармен тілдескендей әсер қалдырады.
– Көп жерде соғыс туралы бейне не болмаса басқа да материалдарда орыс тіліндегі әндер мен музыкалар қолданылады. Біз осы жерде қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қастерлі өңірде қазақтың үні шырқалуы керек деп шештік. Келген жан осындай әсерде болуы керек. Біз үшін келген қонақтардың бойына ұлттық һәм рухани қуат алып, қазақ екенін мақтан етуі – ең үлкен жетістік. Еңбегіміз де сол көрсеткішпен бағаланады, – дейді қазақпын деп соққан жүрегінің түбінен үн қатқан Асхат Қожакелдіұлы.
Музейдегі ерекше жәдігерлерді бір сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Өйткені сан ғасырды өн бойына сыйдырған нысанның қазақ үшін де құны бөлек. Аспанға алғаш жол салған Байқоңырымыз да – мол байлығымыз. Музейде мұндай құнды дүниенің бағасына жетер экспонат та жетерлік. Ғарыш кеңістігі орналасқан бөлімге ене сала біз әп-сәтте жер бетінен көтеріліп, аспан әлеміне еніп кеткендей болдық. Ғарыш пен астрономия залына кіргенде жарық өзгере бастады. Жұлдыздар жарқырайды, бейне бір Күн жүйесінің ішінде жүзіп бара жатқандай күй. Мұнда қазақтың ғарышқа ұмтылған арманы мен Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев тәрізді тұлғалардың ізі жатыр. Бұл – тек көру емес, арманға қол созу еді.
Музейдің төрінде – көздің жауын алатын қос алтын домбыра. Бұл – Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанханның «Алтын домбырасы». Сыр елінің мақтанышы. Бұл жерде тек темір мен ағаш емес, елдің үні мен жұрттың жыры жатыр.
Сол күнгі сапар – жай ғана көрме аралау емес еді. Бұл – өткенмен жүздесу, болашақпен сұхбат, рухпен қауышу болды. Қызылордадағы бұл жаңа музей – жаңаша ойлау мен ұлттық жадымызды жаңғыртуға бағытталған алтын көпір. Мұнда келген адам – тарихты оқымайды, сол тарихтың қойнауында өмір сүреді. Мұнда жүрек тыңдайды, ақыл сезінеді.
Сыр бойында тарихты сөйлеткен мұндай орын – әр азаматтың көруі тиіс киелі мекені. Өйткені тарихын таныған – өзін таниды. Ал сіз музейге бардыңыз ба, оқырман?!



Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!