Елордада өткен Alem TechFest – 2026 республикалық технологиялық фестивалі биыл тартысқа толы болды. «RoboCup Rescue» санатында Unitree Go2 робот иттерімен сынға түскен командаларға өте қысқа уақыт беріліп, қатысушылардан бір мезетте әрі инженер, әрі зерттеуші, әрі тың әдіс талап етілді. Осындай жоғары талап жағдайында Қызылорда облысының намысын қорғаған Қорқыт Ата университетінің LUPIC командасы қарсыластарын басып озып, І орынды иеленді. Бұл жеңістің артында ұйқысыз түндер, қайта-қайта жасалған тест, таптырмас амал және роботқа «көз бен ой» беруге ұмтылған тың идея жатыр. «RoboCup Rescue» санатындағы тапсырмалар сырт көзге «роботты жүргізу» сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бұл қауіп-қатері жоғары ортада нақты шешім қабылдай алатын жүйе құруға бағытталған күрделі сынақ. Лабиринт тәрізді жолдар, күтпеген кедергілер, камера мен сенсорға түсетін ауыр жүктеме, уақыт қысымы қатысушылардан тек код жазуды ғана емес, нақты инженерлік тәртіпті, тұрақты жүйе құра алатын төзімділікті талап етті.
Команда капитаны, Жасанды интеллект институтының CPAI-24-1 студенті Қанат Ернұрдың айтуынша, жарысқа дайындыққа берілген уақыт тым аз болған. Үш күн идеядан жүйе жасауға аз көрінгенімен, LUPIC командасы үшін бұл уақыт барынша тиімді пайдаланылған.
– Жарысқа бар болғаны үш күн берілді. Екі күн бойы жобаны жасап, робот-итті тоқтаусыз сынақтан өткіздік. Біз роботтың ЖИ жобасын әзірлеп, қайта-қайта сынадық. Аяқтай алмасақ, басынан бастап роботты орнына қойып, тесті жалғастырдық, – дейді ол.
Ернұрдың сөзінше, олардың негізгі бағыты – компьютерлік көру. Яғни роботтың «көзін» жасап, айналаны түсініп, өзінше шешім қабылдайтын деңгейге жеткізу. Бұл жерде тапсырма қарапайым. «Робот қабырғаны көрсе, бұрылсын, жол ашық болса, алға жүрсін». Бірақ практикада ең үлкен қиындық дәл осы қарапайым логиканың ішінде жатыр.
– Біз итке ЖИ көзін бердік. Ол қабырғаны танып, одан бұрылып өтетін алгоритм құрдық. Бірақ бір қиын болғаны қабырға арасындағы ашық, ірілеу тесіктер кедергі жасады. Робот ит ол тесікті көрсе, «шығатын жол» деп түсініп, сол жерге басын тығып тұрып қалатын. Сондай сәттер көп болды, – дейді команда капитаны.

Сайыс жағдайында бұл бір ғана қателік емес, бүкіл жоспардың тоқтап қалуы. Себебі автономды режимде тұрған робот бір жерге кептелсе, уақыт жоғалады, тапсырма аяқталмайды, нәтижеге әсер етеді. Сондықтан команда әрбір кедергіден кейін жүйені қайта қарап, маңызды бөлікті ғана түзетіп отыруға мәжбүр болды.
– Біз қиындыққа мойымадық. Әр сәтсіз тестілеу сайын жобаны өшіріп, итті орнына қойып, жобаны қайта іске қоса бердік. Өзіміздің есептеуіміз бойынша, сол кезде роботтың жолдан сәтті өту ықтималдығы 75 пайыздың айналасында еді. Бірақ бізге тұрақтылық керек болды, – дейді Қанат Ернұр.
Дәл осы тұста инженерлердің кәсіби дағдысы байқалады. Бұл – тек бағдарламалау емес, жоспарлау мен тәуекелді басқару. Команда мүшесі, CPAI 25-1 студенті Аян Нұрлыбекұлы дайындық барысындағы жұмыс тәсілін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, олар міндеттерді қатаң бөліп тастамай, бірлесе әрекет еткен.
– Бізде «бір адам – бір бағыт» деген қатаң бөлініс болған жоқ. Біріміз код жазсақ, екіншіміз қате тексердік, үшіншіміз механикалық бөлігіне қолғабыс еттік. Осындай ұжымдық жұмыс кез келген техникалық кедергіні бірлесіп тез шешуге мүмкіндік берді, – дейді ол.
«RoboCup Rescue» тапсырмасы үш түрлі жолдан автономды өту, қабырғадағы QR-кодтарды тауып, автономды түрде сканерлеу және QR ішіндегі мәтінді шығару сияқты міндеттерді қамтыған. Бұл – құтқару операцияларында немесе өрт кезіндегі қауіпті ортада роботтардың қолданылу логикасына жақын сценарий.
– Негізі, бұл жарыстың мақсаты – өрт кезіндегі немесе қауіп төнген жерден осындай робот-иттерді автономды жүргізу. Үш түрлі жолдың өзі өте қиын. Қисық-қисық, күтпеген қатпарлы жерлері көп. Оның үстіне QR кодтарды автономды сканерлеу бар, – дейді команда капитаны.
Бүгінде команда мүшелері бұл тәжірибе тек бір жарыстың нәтижесі емес, үлкен бағыттың бастауы екенін айтады. Робот иттер адам бара алмайтын қауіпті аймақтар үшін таптырмас құрал. Өрт кезінде түтін басқан ғимаратқа кіру, құлау қаупі бар орындарды барлау, зардап шеккендерді іздеу сияқты міндеттерді автономды орындауда жүйелердің пайдасы зор.
– Бұл технологияның болашағы өте үлкен. Ең алдымен өрт сөндіру және құтқару жұмыстарында таптырмас көмекші. Адам бара алмайтын қауіпті аймақтарға робот иттерді жіберуге болады. Олар сенсорлар арқылы ішке кіріп, жағдайды бағалап, қажет ақпаратты жеткізе алады. Бірақ мұның бәрі үшін тек код емес, командамен жұмыс, логикалық ойлау, математика мен физиканы түсіну маңызды, – дейді Аян Нұрлыбекұлы.
София ХАЙРУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!