Сейсенбі, 24 ақпан, 01:13

• Қаз
• Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2227)
24.02.2026
PDF мұрағаты

Рухани құндылықты дәріптеген семинар

24.02.2026

40 0

«Адал азамат» біртұтас бағдарламасы «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы. Тек мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндеседі.

Қаламыздағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №211 орта мектеп «Адал азамат» концепциясы бағытында білім мен тәрбие жүйесінде республика көлемінде қар­қынды жұмысымен танылып келеді. «Жас ұрпақты еңбекке баулудағы өнер мен кәсіптің рөлі» тақырыбында өткізілген республикалық семинардың мақсаты  – үздік­тер қатарындағы мектеп ұжымының іскерлік тәжірибесін республикадағы білім ұйымдарына тарату.

Білім саласының маңызын арттырған тағылымды іс-шараға оқу-ағарту министрлігінің қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Дидар Бекбаев, облыстық білім басқармасы тәрбие бөлімінің басшысы Мағжан Мәуленұлы қатысып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.  Мектеп басшысы бұл іс-шараның жас ұрпаққа берері мол екенін атап айтты.

– Семинар оқу-ағарту министрлігіне қарасты республика­лық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, облыстық білім басқармасы жанындағы «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы, қалалық білім бөлімі және мектеп ұжымының бірлескен бастамасымен өтті.  Негізінен бүгінгі семинардың өзекті тақырыбына айналып отырған бағдарлама адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеуді көздейді. Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылыққа негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты дарытып, патриоттық  сезімді оятып,  адал  еңбекке баулу. Біздің мектепте білім мен тәжірибе, өнер мен кәсіп, дәстүр мен инновация тоғысқан ауқымды кәсіби алаң қалыптасты. Пән мұғалімдері көркем еңбек пәнін жай ғана сабақ емес, тұлға қалыптастыратын өмір мектебі ретінде дамытып келеді. Мұнда бала қолымен жасаған әр бұйым мінездің, табандылықтың, жауапкершіліктің жемісі. Осы ұстаным семинар мазмұнының өзегіне айналды, – дейді мектеп директоры Айжан Алимова.

Рухани құндылықты дәріптеген семинар

Іс-шараның керемет әсері бірінші қабаттағы цифрлы көрмеден басталды. «Өнерді цифрландыру – ұлттық кәсіпке жол»  атты заманауи форматтағы интерактивті кеңістік қатысушыларды ғаламтордың  ғажайып әлеміне саяхаттауға мүмкіндік берді.

Кіреберістегі  «Digital Heritage» инсталляциясы дәстүр мен болашақты астастырып, қонақтарды ерекше атмосферамен қарсы алды. Ал қазіргі ғаламтор ғаламаты жасанды интеллектке негізделген «AI Mirror» айнасы экран алдына келген адамға қазақтың ұлттық киімдерінен  шапан, сәукеле, әшекейлерді цифр­лы түрде кигізіп, келушілерді ұлттық мұрамен жаңаша үлгіде  қауыштырғаны  жаңа технологияның жемісі деуге болады.

Ал «Live AI Design»  алаңында жасанды интеллект көмегімен санаулы секунд ішінде жаңа ою-өрнек эскиздерін жасап, оны үлкен LED экранға шығарудың өзі таңдай қақтырды. Таңғажайып көрініс өнердің цифрлық дәуірмен үндесіп, ұлттық кәсіптің жаңа мүмкіндік­терге жол ашқанын  айқын дәлелдеді.

Рухани құндылықты дәріптеген семинар

Екінші қабаттағы ұлттық қолөнер көрмесі бізді визуалдық әсерден арылтып, шынайы қолөнер туындысымен қауыштырды. Мұнда оқушылардың бірі қылқаламмен сурет салып, оны графикалық бағдарлама арқылы цифрландырып, анимация жасады.  Енді бірі қамшы өріп, жылқының ат әбзелін дайындап, атакәсіптің қыр-сырын көрсетуге тырысты. Балалардың қолымен саздан иленіп жасаған құмыралар, бисер мен моншақтан өрнектелген ұлттық нақыштағы тақия мен әшекейлер  көздің жауын алғандай. Құрақ құрау, жүннен жасалған бұйым, тоқыма, кесте, ағаш, саз, металл, эко-дизайн көмегімен жасалған туындылар көркем еңбек пәнінің маңызын арттырғандай әсер берді. Әр бұйымнан баланың ыждағаты мен еңбегі сезілді.

Рухани құндылықты дәріптеген семинар

Мектептегі «Іскер ана» орталығы аналарды, ұстаздарды, оқушыларды  шығармашылық ортаға біріктіріп, ұлттық қолөнерді тұрмыспен, кәсіппен ұштастырып отырғанын байқадық. Бұл бастама ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуды көздеген еңбекке баулудың тиімді үлгісі. Орталықта қыздарды тоқыма тоқу, оюдың түрін меңгерумен бірге оларды әдептілікке, ұқыптылыққа, төзімділікке баулиды. Жоба жетекшісі Дәрігүл Таңатарованың айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, жас буын өнерді үйрену­мен бірге қазақ  халқының салт-дәстүрі мен әдет ғұрпын бойына сіңіруде.

Рухани құндылықты дәріптеген семинар

Республикалық семинардың  ашылу рәсімі «Өнер мен кәсіптің цифрлық симфониясы» атты композициялық қойылыммен өрілді. Сахнада еңбек адамының бейнесі, қолөнердің қасиеті, ұлттық өрнек пен заманауи технология үйлесім тапты. Еңбек адамдарының шеруі көрерменге ерекше рух беріп, «Адал азамат» тәрбиесінің мәнін әсерлі тілмен жеткізді.

Мұнан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдары, халықаралық «ORDA» жоғары колледжінің арнайы пән оқытушылары, білім беру ұйымдарының тәжірибелі педагог мамандары қолөнерді инновациямен дамыту, этнодизайн, әлеу­меттік жобалар, құндылыққа негізделген тәрбие, STEAM және дизайн-ойлау технологиялары жөнінде  баяндады.  Үздік шеберлік сабақ өткізген ұстаздар кесте, сәндік дизайн, поп-арт, анимация, жасанды интеллектіні  біріктіру тәжірибелерін көрсетті.

Семинардың «Шеберлер шеберхана­сында» Астана, Талды­қорған, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Атырау және өзіміздің Сыр өңірінен келген 30-ға тарта бейнелеу өнері, қосымша білім беру мамандары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, көркем еңбек пәні мұғалімдерінің  жүн, киіз, жіп, мыс, тас, ағаш, бисер, гобелен, экологиялық материалмен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретіп, тәжірибе бөлісіп, шеберлік сабақтарын өткізіп, педагогтар мен қатысушылар қолдан бұйым жасады.

– Семинарда «Моншақтан туған рух» тақырыбында ше­бер­­лік сабағын өттім. Сабақта моншақтан қазақ елінің туын құрастырдым. Шығармашылық ізденістен туындайды. Мақ­саты­мыз – оқушыларды көркем еңбекке ынталандырып, ұлт­тық рухын көтеру.  5, 6, 7, 8, 9 сыныптарға сабақ беремін. Оқу­шыларымның жұмыстары облыстық, қалалық байқау мен ғылыми жобалардан жүлделі орын иемденіп келеді.  Оқушылар қол еңбегі мен ой еңбегін ұштастырса жақсы нәтижеге жетеді деп ойлаймын. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, мол тәжірибе жинадық, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы  атын­дағы №211 мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Ұлдана Жүсіпова.

Рухани құндылықты дәріптеген семинар

Шара соңында семинарда белсенділік танытқан ұйымдас­тырушыларға, шеберлік сабағын өткізген, спикер болған барлық қатысушыларға ҚР оқу-ағарту министрлігі республикалық білім беру оқу-әдістемелік орталығы атынан Алғыс хатпен марапатталып, арнайы сертификат табысталды. Мұнан соң семинар қонақтары қаланың шығармашылық орталықтарымен танысып, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық академиясы, Оқушылар үйі және  облыстық тарихи-өлкетану музейіне  экскурсия жасады.

Сыр өңірінде өткен республикалық семинар  ұлттық мұра мен цифрлық жаңашылдықты ұштастырған, адал ұрпақ тәрбиелеудің жарқын жолын айқындаған тағылымды белес болып тарихта қалары сөзсіз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: